Бүгін Ғ.Сланов атындағы ғылыми-əмбебап кітапханасында батыс өңірінің кітапханашылары арасында байқау басталды. Аталған шара қазақ халқының біртуар перзенті А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына арналды.
Ғ.Сланов атындағы ғылыми-əмбебап кітапханасының директоры Сара Ізмұханбетованың айтуынша, байқауға қатысуға 24 адам өтініш білдірген.
- Байқауға қатысуға 7 кітапханашы іріктелді. Олар бүгін библиографиялық жұмыстарын жəне тақырыптық бейнероликтерін қорғайтын болады. Жеңімпаздар арнайы сыйлықпен марапатталады, - деді басшы.
Шарада Батыс аймақтың кітапханашылары ұлт рухының көшбасшысы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсыновтың ғылыми мұрасын насихаттауды мақсат еткен жұмыстарымен таныстырады. Сондай-ақ, кітапханаларды жаңғыртуға ықпал ететін инновациялық идеяларды табуға жəне жүзеге асыруға мүмкіндіктері сыналатын болады. Аталған шара Республика күні аясында өтуде.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Батыс Қазақстан облысы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнаулы кітапханасының әдіскері Саменова Гүлмайра Беркінқызы, жүлделі бірінші орынды Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының кітапхананы дамыту бөлімінің әдіскері Серікқалиева Мөлдір Нұрбекбекқызы, екінші орынды. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өлкетану әдебиеттер бөлімінің дерекқор әкімшісі Жасанова Әйгерім Қарасайқызы, 3 орынды Маңғыстау облысы, Тұщыбек ауылдық кітапханасының кітапханашысы Ермекова Гүлфарида Аманбекқызы иемденсе, Құрманғазы аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы Мұхамбетова Меңдісұлу Мендіханқызы, Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аудандық орталық кітапханасының әдістеме бөлімінің әдіскері Кадралиева Қарлыға Күзембайқызы, Ақтөбе облысы, Мұғалжар аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы Абиева Гүлназ Қазбекқызы алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар, қатысушыларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Майра Ерғали