Ұлттық халық санағын қазан айында өткізуге шешім қабылданды

ҚР халқының ұлттық санағын сапалы жүргізуде үгіт-насихат жұмыстарының маңызы ерекше.

Елімізде коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты қалыптасқан жағдайға қатысты, Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 25 шiлдедегі №20-2783 (19-377) тапсырмасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметі ұлттық халық санағын өткізу мерзімін 2021 жылғы қазанға ауыстыру туралы шешім қабылдаған болатын.

Осыған байланысты «2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы № 419 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 қыркүйектегі №587 қаулысы қабылданып, Қазақстан Республикасы халқының кезекті ұлттық санағын 2021 жылдың 1 - 30 қазаны аралығында өткізу белгіленді және 2021 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Сондай-ақ, халық санағын өткізу кезінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру мақсатында «2021 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын дайындау мен өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқаушылық мәселелерді шешу жөніндегі» республика, облыс, қала және аудан деңгейіндегі комиссиялар құрылды.

Бүгінгі күні жоғарыда аталған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Статистика департаментінің алдында тұрған ең маңызды мәселелердің бірі - бұл санақ персоналын іріктеу және оларды оқытудан өткізу.

Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу үшін облыс бойынша 1120 адам уақытша жұмысқа тартылатын болады.

Ұлттық санақтарға дайындық және өткізу жөніндегі 37 нұсқаушы (уәкілетті тұлға) а.ж. 11 мамырынан бастап 30 қарашаны қоса еңбек келісім-шарты негізінде жұмысқа қабылданды.

Қазіргі таңда, ұлттық санақтың І кезеңінің нұсқаушы-бақылаушылары мен интервьюерлерін іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың жалпы саны облыс бойынша 170 адамды құрайды, оның ішінде 21 адам нұсқаушы-бақылаушылар ретінде 25 мамыр – 8 шілде аралығында 1,5 айға (жалақы мөлшері 125 010 теңге ), ал 149 адам 1-кезеңнің интервьюерлері ретінде 1-30 маусым аралығында 1 айға (жалақы мөлшері 83 342 теңге) өтелмелі қызмет көрсету шарты негізінде жұмысқа қабылданатын болады.

Науқанның портативті есептеуіш құрылғыларды қолдану арқылы өткізілетіндігін ескере отырып, неғұрлым техника тілін меңгерген жастарды жұмысқа тарту жоспарлануда. Осыған байланысты, Атырау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы жанындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қызмет атқаратын «Атырау облысының волонтерлер корпусы» ұйымының волонтерлері мен «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты» қоғамдық бірлестігі тарапынан еріктілерді жұмысқа тарту мүмкіндіктері қарастырылуда.

Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағы 2 кезеңмен өткізілетін болады.

I кезеңінде 2021 жылдың 1-30 маусымы аралығында елді мекендердегі тұрғын үйлердің, ғимараттар мен тұрғын емес үй-жайлардың тізімі жасақталады және тұрғындардың саны нақтыланады.

II кезеңінде 2021 жылдың 1-30 қазаны аралығында Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағы өткізіледі. Бұл кезеңде жұмысқа тартылған интервьюерлер респонденттермен сұхбаттасып, электронды санақ парақтарының жауаптарын планшеттерге енгізетін болады. Халық санағы барысында санақ сәтіндегі тіркелу немесе орналасқан орнына қарамастан Қазақстанда тұратын барлық респонденттер есепке алынатын болады.

Халық санағын өткізу кезінде халықты есепке алу Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 2021 жылғы 31 тамыздан 1 қыркүйекке қараған 00 сағат 00 минут сәтіндегі жағдай бойынша жүзеге асырылады.

Санақты өткізу кезінде интервьюерді айырып тану үшін оларға халық санағының логотипі, яғни атрибутикасы бейнеленген көк түсті сөмке (портфель), көк түсті шарф және арнайы куәлік берілетін болады.

2021 жылғы халық санағының осыған дейін өткізілген санақ науқандарынан елеулі ерекшелігі Интернет желісі арқылы электронды санақ парақтарын толтыру және портативті құрылғылар – планшеттерді пайдалану болып табылады.

Сонымен қатар, ақпараттың қайталануын болдырмау мақсатында алғаш рет санақ парағына респонденттердің жеке сәйкестендіру нөмірлерін (ЖСН) енгізу қарастырылған.

Халық санағы ақпаратты жинаудың екі әдісін пайдаланумен өткізіледі. Олар:

1) www.sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында 2021 жылғы 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығындағы кезеңде Интернет желісі арқылы онлайн режимде өткізу;

2) 2021 жылғы 1-30 қазан аралығында планшетті пайдалана отырып интервьюерлердің респонденттерге сауал салуы арқылы электрондық санақ парақтарын толтыру.

Санақтан онлайн режимде өту үшін респонденттер сайтта тіркелуі қажет. Тіркеуден және авторизациялаудан сәтті өткеннен кейін электронды санақ парақтары толтырылады. Толтырылған санақ парақтары автоматты түрде Халық санағы деректерінің орталықтандырылған базасына түседі.

Интернет желісіндегі www.sanaq.gov.kz мамандандырылған сайты халыққа өзін-өзі толтыру әдісімен санақтан өтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, респонденттерге смартфон арқылы да кез-келген браузерден www.sanaq.gov.kz сайтына сілтеме бойынша өту мүмкіндігі ұсынылған.

Санақ парақтарын электронды түрде толтыру уақыт үнемдеуге, респонденттің өз үйінен немесе жұмыс орнынан шықпай барлық жанұя мүшелері үшін бір жерде мәліметтер ұсынуға мүмкіндік туғызады.

Онлайн режимінде санақ парақтарын толтыру аяқталғаннан кейін респонденттерге ұялы телефонның жеке нөміріне (СМС арқылы) және тіркеу кезінде көрсетілген респонденттің электрондық поштасына санақтан өткені туралы бірегей нөмірі бар хабарлама жіберіледі.

Интервьюер үй шаруашылықтарына барған кезде респондентке хабарламаның бірегей нөмірін ұсыну жеткілікті. Осылайша, Интернет-сауалдан өткен және хабарламаның бірегей коды бар респонденттерден жауап алынбайды. Мемлекеттік статистика органдары мәліметтердің құпиялылығына кепілдік береді, деректер тек статистика мақсатында жинақталған түрде пайдаланылады.

Онлайн режимінде санақ жүргізу кезеңінде халыққа ұялы және стационарлық нөмірлерден Call-орталықтың «1446» тегін бірыңғай телефон нөмірі арқылы санақ мәселелері бойынша консультация беру көзделген.

Сондай-ақ, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ұлттық статистика бюросымен бірлесіп, «sanaq.gov.kz» сайтын «egov.kz» веб-порталымен интеграциялау мүмкіндіктерін қарастыруда.

Яғни, респонденттердің www.sanaq.gov. kz сайтынан басқа «egov.kz» веб-порталы арқылы да авторизациялаудан өтпей-ақ, тікелей санақ парақтарын толтыруына мүмкіндіктері болады.

Бүгінгі күні интервьюерлерді коронавирусқа қарсы вакцинациялау мәселесі де өзекті болып отыр. Бұл бағытта Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.А. Смайыловтың төрағалығымен а.ж. 10 ақпанында өткізілген арнайы комиссияның алғашқы отырысында тапсырма берілген болатын. Осы тапсырмаға орай, Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Қазақстан Республикасының халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі жүргізу туралы 2021 жылғы 27 қаңтардағы №3 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» 2021 жылғы 16 ақпанда №6 қаулысы шығарылып, Қаулының 1-қосымшасына сәйкес, «Қазақстан Республикасында халыққа коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналауды жүргізу» уақытша әдістемелік ұсыныстарының 2-тармағының 2) тармақшасына ұлттық халық санағын жүргізу үшін сұхбат алушылар коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары КВИ-ға қарсы вакцинациялауға жататын категориялардың қатарына енгізілген.

Осы бағытта берілген тапсырма, 2021 жылғы 2 наурызда Облыс әкімінің орынбасары Б.Хаменованың төрағалығымен өткен Атырау облысында иммундауды дайындау және жүргізу жөніндегі штаб отырысында да қаралып, халық санағын жүргізуге тартылатын интервьюерлерді а.ж. 15 мамырына дейін вакцинациялауды аяқтау айтылған болатын. Қазіргі уақытта бұл тапсырманы орындау мүмкіндігі болмай отыр, өйткені жоғарыда айтылғандай интервьюерлерді жұмысқа қабылдау а.ж. мамыр айының аяғында аяқталады. Коронавирусқа қарсы вакцинациялаудың толық курсы екі кезеңнен тұратындығын және 21 күндік аралықпен екі екпе жасалатындығын ескерсек, уақыт жеткіліксіз. Сондай-ақ, коронавирусқа қарсы вакцинациялау ерікті түрде жүргізілетіндігін де назардан шығармау қажет.

Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын сапалы жүргізуде үгіт-насихат жұмыстарының маңызы ерекше.

Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізудің негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасының 2021 жылғы халық санағының мақсаттары мен міндеттері, өткізу мерзімдері мен тәсілдері, халық арасында сауалнама жүргізу барысында қойылатын сұрақтар, санаққа қатысу қауіпсіздігі туралы халықты хабардар ету; халықтың теріс стереотиптерін болдырмау; санаққа қатысу мотивациясын арттыру; интервьюерге оң қарым-қатынасты қалыптастыру, санақтың әрбір тұрғын үшін де, жалпы ел үшін де маңыздылығын түсіндіру.

2021 жылғы халық санағын ақпараттық қолдаудың Атырау облысы бойынша Медиа-жоспары 2021 жылғы 23 ақпанда Атырау облысы әкімінің орынбасарымен бекітілді. Медиа-жоспарда көзделген іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросымен санақтан онлайн режимінде өту, санақтың өту тәртібі және т.б. туралы мемлекеттік және орыс тілдерінде арнайы 8 бейнероликтер дайындалды. Бұл бейнероликтердің көрсетілімдері республикалық және барлық жергілікті телеарналарда а.ж. мамыр-қазан айларында ұйымдастырылатын болады.

2021 жылғы халық санағы «Қазақстанда әркім маңызды!» атты ұранымен өткізіледі.

«Халық санағы 2021» логотипі бекітілді және ол шаңырақ астындағы халық бірлігі мен отбасы құндылықтарын білдіреді, қолдары көкке көтерілген «адамдар бейнесі» іс-шараның ашықтығын, қауіпсіздігі мен маңыздылығын нақтылайды.

Атырау қаласы мен аудандар әкімдіктеріне халық арасында жаппай-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін баннерлер мен басқа да насихаттау материалдарын дайындау және орналастыруға арналған қаржыландыруды қарастыру жүктелді. А.ж. мамыр айының соңына дейін қала мен аудандар орталықтарында және барлық елді мекендерде осындай материалдар орналастырылатын болады.

Бұған қоса үгіт-насихат материалдарының көрсетілімін қазіргі заманғы жарнамалық лэд-экрандар арқылы да ұйымдастыру көзделуде.

Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағы – маңыздылығы мен ауқымдылығы жоғары жалпымемлекеттік шара. Оның қорытындысы еліміздегі демографиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша қабылданатын үкіметтік және мемлекеттік бағдарламалардың дереккөзі болып табылады. Бұндай қабылданған бағдарламалар өз кезеңінде еліміздің экономикасының дамуына, қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуіне, тұрмыс сапасының артуына оң ықпалын тигізетіндігі сөзсіз.

Жоғарыда айтылғандарды және бұл шараның сапалы әрі жоғары деңгейде өткізілуі әрқайсымызға тікелей байланысты екендігін ескере отырып, Атырау облысының тұрғындарын Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағына белсенді түрде қатысуға шақырамын.

Галя МҰХАНҒАЛИЕВА,

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі

Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521