ҚҰЛСАРЫЛЫҚТАР ИТ ҰСТАУ ЕРЕЖЕСІНЕ МӘН БЕРМЕЙДІ

Иттердің иелері заң талаптарын қатаң сақтап, иттерін байлауда ұстауға міндетті.

«Жылыой аудандық ветеринариялық стансасы» КМК-ның негізгі қызметі - аудан көлемінде ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мал мен адамға ортақ ауруларды болдырмау және таралуына жол бермей, шұғыл сауықтыру. Осы мақсатта ауылшаруашылық малдарына алдын ала екпе, диагностикалық тексеру жұмыстарын жүргіземіз. 2020 жылы пандемия кезіндегі шектеу шаралары уақытында да аудан ветеринарлары тынымсыз еңбек етіп, ауданда тұрақты эпизоотиялық ахуал сақталуын қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта да бұл жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Сонымен қатар, КМК-ның міндеттеріне ауыл шаруашылығы жануарларын сырғалау, ветеринариялық анықтама мен ветеринариялық паспорттар беру, ауру мал көмілетін орынды күтіп ұстау және бұралқы ит-мысықтарды аулап, жою жұмыстары кіреді. Құрметті аудан тұрғындары, сіз бірдейлендіру (сырғалау) арқылы малыңыздың заңды иесі екеніңізді дәлелдей аласыз, малыңызды тасымалдағанда, сатқанда, жоғалып кеткен жағдайларда, мал сою орындарында сойғанда бірінші малыңыздың ветеринариялық паспорты сұралатынын ескеріңіз. Мал сатып алғанда алдымен малдың ветеринариялық паспортын, ветеринариялық анықтамасын сұрап, өз атағыңызға аударып тіркетіңіз. Сондай-ақ сойылған, сатылған, өлген т.б. себептермен шығындалған малдарыңызды дерекқордан шығартуларыңыз қажет. Бұл мемлекеттік қызметтерді жергілікті жерлердегі ветеринариялық пункттердегі мамандардан өтініш жазу арқылы тез және тегін ала аласыздар.

Ауданда ертеректе тіркелген екі сібір жарасы (топалаң) ауруы ошағы көмінділерінің Жиенай, Мешер атты орындары бар. Округтерде барлығы 7 мал қорымдары (скотомогильник) бар. Бұл жерлерге 2017 жылы аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, қоршалып, құрылыс жұмыстары жүргізілген. 2019 жылы аталған нысандар аудан әкімінің қаулысымен КМК теңгеріміне берілді. Қара-Арна ауылдық округіне қарасты мал қорымының темір шарбағы, темір қақпасы ұрлануына байланысты аудандық полиция бөліміне шағым түсіріліп, тергеу жұмыстары жүргізілуде. Азаматтардан осындай қылмыстық істерге бармауын, халық игілігі үшін салынған құрылыстарды бүлдірмеуін сұраймыз. Аудан көлемінде эпизоотологиялық, санитариялық, экологиялық тұрақты ахуалды сақтау мақсатында Құлсары қаласы шетінен үлкен, жаңа типтік жобадағы мал қорымын салдыртуға аудан әкіміне хат жолданды. Осындай үлкен мал қорымдары ауылдық округтерде де салынуы қажет. Бұралқы ит-мысықтарды аулап, жою жұмыстары 2020 жылдың ақпан айынан бастап КМК-ге берілуіне байланысты мекемеге ит аулаушы 2 адам тұрақты жұмысқа алынып, автокөлікпен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта аудан бойынша 1350 бұралқы ит және 200 бас мысық жойылды.

Бұралқы қаңғыбас бос жүрген иттердің көбею себебі: тұрғындардың ит-мысықтарға арналған Ережені дұрыс ұстанбауынан болып отыр. Иттердің иелері заң талаптарын қатаң сақтап, иттерін байлауда ұстауға міндетті. Тұрғындар иттерді тіркетіп, міндетті түрде ветеринариялық паспорт алып, құтыру ауруына екпе салдыртуы және аса қауіпті эхинококкоз ауруына қарсы дәрілеуі керек.

Осы және басқа да сұрақтар жөнінде Құлсары қаласындағы Ұ.Абдрахманов атындағы көшеде орналасқан 16 үйге немесе 7-26-01, 5-14-67 телефондарына хабарласып, толық ақпарат ала аласыздар.

Н.ӨРБІСІНОВ,

аудандық ветеринариялық стансасы ШЖҚ КМК директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521