жалғызбасты анаға үй тұрғызып жатыр
Олар - Тәуелсіздіктің төл перзенттері. Еліміз егемендік алған 1991 жылы туған жігіттер. Барлығы да Құлсары қаласының 8-учаскесінде тұрады. Алғашында аудандағы жоқ-жітік жандарға қамқорлық жасауды мақсат тұтып өзара «Қайырымдылық қоры» деген топ ашып алады. Онда аз қамтылған отбасыларды іздеп тауып, оларға қалай қайырымдылық жасаудың мәселесін ақылдасатын. Жинақталған ортақ ақшаға азық-түлік тағамдарын, соятын ірі қара мал сатып алып, аса мұқтаж отбасыларға, мүгедек жандарға таратып беріп отырды.
Бұл өткен жылдың жаңа жылы қарсаңында басталған игі бастама еді. Сондай бір қайырымдылық шараларын жүзеге асыру кезінде Диас Ибатаев пен Абылай Төлепов бастаған құрдас жігіттер Құлсары қаласының 5-учаскесінде тұратын жалғызбасты ана Бақтыгүл Сейітқалиеваның отбасына кезікті. Қырықтың қырқасынан асқан әйелдің күйеуі 9 жыл бұрын дүние салған екен. Отағасы өмірден озған соң тіршіліктің де күйі кете бастаған сыңайлы. Қазір төрт қызы мен екі жиені бар. Төрт перзентінің екеуі мүгедек. Өзінің де денсаулығы жоқ. Диастар көмек қолын соза келгенде шағын баспанасы апаттық жағдайда, әні-міне құлағалы тұрды. Аурушаң ананың мүшкіл халін көрген жаны жомарт жігіттердің жүрегі сыздады.
Салынғанына жарты ғасырға тарта уақыт болған, саман тастан тұрғызылған үй әбден тозығы жетіп, ешбір жөндеуге келмейтіні көрініп тұрды. Сол себепті тепсе, темір үзер жас жігіттер ақылдаса келе үлкен бір іске кірісуге шешім қабылдады. Алдымен, жалғызбасты ана мен оның шиеттей бала-шағасының әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын баяндайтын бейнеролик түсіріп, оны әлеуметтік желі арқылы Жылыой жұртшылығына таратты. Жер бетінде қайырымды жандардың аз еместігін сонда білді олар. Лезде көмек қолын созуға ниет білдірген жылыойлықтар қатары күн санап көбейе бастады.
«Көп түкірсе – көл» дегендей, азғана айдың ішінде Ибатаевтың көрсеткен есеп-шотына түскен ақша 2-3 миллионға жетіп қалды. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, ақыры құрдас жігіттер ақылдаса келе жалғызбасты ана мен оның перзенттеріне жаңа үй салып беруді ұйғарды. Ол үшін, ең алдымен, Бақтыгүл Сейітқалиеваның отбасын жақын маңдағы жалдамалы сарайға орналастырды. Наурыз айының аяғында ескі үйді 3-4 күнде бұзып бітіріп, сәуірдің 1-інен бастап жаңа пәтердің іргетасын қалауға кірісті.
Ерікті жастардың игілікті ісін көрген өзге азаматтар да қол ұшын созуға асықты. Осылайша қайырымдылықтан бастау алған бастама жалпақ жұртты жұдырықтай жұмылдырған үлкен сауапты іске ұласты.
-Бұл шаруаны бастау үшін біз «Жылыой қайырымдылық» тобын ашып, қор жасақтадық. Қазіргі таңда жұртшылықтан 4 млн. 400 мың теңге ақша жиналып тұр. Топқа қайырымдылық көмегін ұсынған әрбір қатысушыны тіркеп, жасалған жұмысымыз жөнінде есеп беріп отырамыз. Әрі инстаграмда парақшамыз да бар. Қаржылай көмек өз алдына, құрылыс материалдарымен жәрдемдескен жылыойлықтар да аз болмады. Әсіресе ауданымыздың КамАЗ жүргізушілеріне алғысымыз шексіз. Олар үй тұрғызуға жететіндей етіп ақ тасты, іргетасқа қажетті щебень мен ПГС топырағын тегін түсіріп берді. Соның арқасында біз жалдаған құрылыс бригадасы 10Х12 пәтердің іргетасын құйып, қабырғасын толық қалап бітірді. Енді төбесін жауып, ішкі жұмыстарына кірісеміз. Құдай қаласа, биыл Бақтыгүл ананың отбасына төрт бөлмелі пәтердің кілтін табыстармыз деген сенімдеміз, - дейді құрылыстың басы-қасында басшылық жасап жүрген Абылай Төлепов.
Біз алғаш телефон арқылы хабарласқанымызда Диас Ибатаевтың өзі Теңіз кенішінде жұмыста екенін білдік. Ондағы екі аптаға жарияланған карантинге байланысты жақын күндері ауылға келе алмайтыны анық. Соған қарамастан, қолы қалт еткенде Құлсарыдағы Бақтыгүл ананың отбасы үшін салынып жатқан тұрғын үй құрылысының қарқынынан хабардар болып тұрады. Диастың қосшысы Абылайдың өзі жұмыссыз. Бірақ соған қарамастан, барлық шаруасын тастап, бастаған істі аяғына дейін жеткізуге күш салып жүр. Иә, құлсарылық жастардың жақсылығы жан сүйсінтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында 2020 жылды Еріктілер жылы деп бекерден бекер жарияламаса керек. Жоғарыдағы құлсарылық жастардың батыл бастамасы сол жылмен тұспа-тұс келгені қуантады. Президентіміз республикалық волонтерлік фронт-офистің ашылуында сөйлеген сөзінде:
«Мен еліміздің әрбір өңірінде волонтер болуға ниетті азаматтардың көп екеніне сенімдімін. Ол халқымыздың өмір салтына айналуы керек. Волонтер болу – жүректің ісі, яғни шынайы ниеттің көрінісі. Сендер қолға алған жұмыстың барлығы еріктіліктің жарқын үлгісі боларына күмәнім жоқ. Мен волонтер жылы аясында, ең алдымен, еліміздің жастарына зор сенім артамын»,-деген еді.
Диас пен Абылай бастаған жігіттер - сол Мемлекет басшысының сенімін арқалаған жалынды жастар. Осындай жастардың Жылыой топырағынан шыққаны зор мақтаныш емес пе?! Мұндай азаматтары бар еліміздің келешегі кемел, болашағы жарқын боларына еш күмән жоқ. Ендеше, құлсарылық ерікті жастардың игі ісіне тек сәттілік қана тілейміз!
Ербол Қошақанов,
арнаулы тілшіміз