Құлсарыда «Ковид-такси» жолға шықты

Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі А. Цой коронатакси шығаруды тапсырған еді

Ақ халатты абзал жандардың көмегі тек аурухана төсегіне таңылған науқастарға ғана емес, үй жағдайында емделіп, өз-өздерін оқшаулаған жандарға да ауадай қажет. Ауру ошақтары көбейген сайын ондағы науқас жандарды үнемі бақылауда ұстап, тиісті ем-дом шараларын тағайындап, медициналық көмек беру үшін дәрігерлер бір ғана Құлсары қаласының ішімен қаншама шақырым жерді шарлап шығады десеңізші?!

Міне, сондай сәтте оларға автотранспорт құралдарының жетіспей жататыны жасырын емес. Өйткені «Жедел жәрдем» көліктері мен бригадалары қатаң ауруларды тасымалдаудан босамай жатады. Оларға жүктелетін жұмыс көлемі күн санап көбейіп келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында бүгін «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Келешек кеңею жобасы аясында аудандық аурухана жанынан құрылған мобильдік топқа төрт бірдей автокөлікті пайдалануға берді.

-Бұл облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан игілікті іс. Қауіпті індетпен толассыз күрес жүріп жатқан қазіргі күрделі кезеңде науқас таситын темір тұлпарлар ауданға ауадай қажет еді. ТШО-ның бұл қызметтік көліктері дәрігерлердің үй карантинінде жатқан науқастарды аралап, медициналық көмек көрсету мақсатында жұмсалады.

Оның біреуі «Ковид-такси» ретінде қызмет ететін болады. Мұндай такси қызметі өзге аудандар түгілі, облыс орталығында да жоқ. Сондықтан аймақ басшысының ұсынысын жерге тастамай, бірінші болып біздің ауданға бар мүмкіндікті жасап, техникамен көмектесіп жатқан ТШО басшылығына аудан әкімдігі атынан алғысымыз шексіз, - дейді аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров.

20 адамдық екі «Hyundai County» автобусы мен төрт кісілік екі «Toyota Hilux» пикап автокөлігі бүгіннен бастап аудандық аурухананың құзырына беріліп, ковидпен ауырған науқастарға қызмет көрсетуді бастады.

Көліктер қажетті жеке қорғаныс құрал-жабдықтықтарымен толықтай қамтамасыз етілген, жанар-жағармай шығыны да ТШО-ның есебінен жұмсалады. Жүргізушілері де компанияның өз жұмысшылары, олардың жатын орны мен күнделікті тамақтану мәселесі де шешілген. Олар аудан үшін күніне 12 сағат толассыз жұмыс жасайтын болады.

Сол күні «Теңізшевройл» ЖШС-ның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің менеджері Нұрадин Өмірбаев автокөліктерді аудандық аурухананың бас дәрігері Нұрбек Үкібаевқа аманаттап, төрт темір тұлпар өз міндеттеріне кірісіп кетті.

  Ербол Қошақанов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521