Құлсарыда 3 жасар бала терезеден құлап кетті

Үйде балалар болған жағдайда, ешқашан терезені ашық қалдырмаңыз!

Жылыой ауданының Төтенше жағдайлар гарнизоны қызметкерлерімен балалардың терезеден құлау жағдайлардың алдын алу ережелерін тұрғындарға түсіндіру мақсатында профилактикалық іс-шаралар өткізілді.

Бұған дейін де жүргізілген профилактикалық іс-шараларға қарамастан аудан бойынша ағымдағы жылдың 8 мамыр күні балалардың терезеден құлауына қатысты 1 оқиға тіркелді. Терезеден құлау оқиғасы Құлсары қаласындағы І ықшамауданда орын алды. 5 қабатты үйдің 4-қабатында орналасқан пәтер терезесінен 3 жасар ер бала биіктен құлап кеткен. Ауыр халде аудандық ауруханаға жеткізіліп, қазіргі таңда аудандық аурухананың хирургия бөліміне орналастырылды.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, балалардың терезеден құлау жағдайлардың көбісі ата-ананың қарауынсыз қалған үйлерде немесе ата-аналардың салғырт қарауынан орын алады. Ойын баласының кез келген нәрсеге әуестеніп, қолды-аяққа тұрмай, тынымсыз күйде болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан сәбиіңіздің өміріне қауіп төнбес үшін, оның әр қимыл-қозғалысын басты назарда ұстаған жөн.

Балаларды терезеден құлау жағдайынан қалай сақтауымыз керек?

- Үйде балалар болған жағдайда, ешқашан терезені ашық қалдырмаңыз! Сіз балаңыздың жанында болғаныңызбен, өз назарыңызды басқа нәрсеге аударған мезетте балаңыз өз өмірімен қош айтысуы мүмкін.

- Барлық жиһаздарды бала терезе алдына шыға алмайтындай етіп, терезе жанынан алшақ қойыңыздар. Егер бұл мүмкін болмаған жағдайда, балаларға терезеге жақын орналасқан кереует немесе басқа да жиһаздардың үстінде ойнауына рұқсат бермеңіз.

- Ешқашан терезедегі москиттік торларға сенбеңіздер! Олар құлаудан сақтауға арналмаған, құлап бара жатқан балаларыңызды қорғай алмайды! Керісінше, москиттік тор қайғылы жағдайдың орын алуына әкеліп соғады, балалар москиттік торларды қауіпсіз деп ойлайды және терезеге сүйенгендей сол торларға сүйенеді. Көп жағдайда балалар осы тормен бірге құлап кетеді.

- Мүмкіндік болса, терезені (желдеткішті) төменгі жағынан емес, жоғарғы жағынан ашыңыз.

- Балаларыңыз терезені өз еркімен аша алмау үшін, терезелеріңізге бекіткіштер (арнайы бекіткіш) орнатыңыз!

Жоғарыда көрсетілген ұсыныстарды ескере отырып, Сіз жазатайым оқиғаның және қайғының алдын аласыз.

Жылыой ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521