Әлеуметтік желінің әлегі

Қазір, жасыратыны жоқ, екінің бірі әлеуметтік желіде «отырады». Оның көп ретте пайдалы жақтары болғанымен, тигізетін зардабы да аз емес.

Бұл әсіресе әлемде діни экстремизм мен терроризм идеялары өршіп тұрған бүгінгі заманда жастарға, жалпы қоғам үшін қауіпті сипат алып барады. Өйткені онда діни теріс ағымның жетегінде жүрген жандар сыртқы күштердің дайындаған бейне және аудиожазбалары мен діни әдебиеттерін, осы мазмұндағы өзге де материалдарды таратады. Ал ондай қоғамға іріткі салатын, тіпті мемлекет тұтастығына қауіп төндіретін ақпараттарды кейбір санасы жетілмеген жастарымыз еш талғаусыз өз парақшасына жүктеп алып, орналастырады. Бірақ көпшілігі ондай заттардың елімізде заңмен тыйым салынғанын білмейді. Сөйтіп, жат ағымның жаршысы, теріс наным-сенімнің насихатшысы болып шыға келеді. Жақында аудандық сотта қаралған әкімшілік іс – дәл соның айғағы.

Құлсары қаласының 28 жастағы тұрғыны, еш жерде жұмыс жасамайтын азамат ғаламтордағы «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына «Әйел мәртебесі», «масхаб», «Ақида және қазақ халқының салт-дәстүрі» атауымен берілген аудиожазбалар мен Ділмұраттың, Абдурахим абу Ибрагим Башпевтың, Назратулланың, Октамның аудиожазбасын ашық түрде жүктеп алып, олардың теріс-жағымсыз көзқарастарын уағыздайтын және зорлық-зомбылық әрекеттерінен ақпарат беретін лекцияларын, бейнефайлдарын өзіне кең көлемде орналастырған. Олардың діни мақсаттағы мұндай дүниелері Қазақстанның конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, еліміздің тұтастығын бұзып, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, соғысты тудыратын, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыратын, тіпті экстремизм мен терроризмді насихаттауға бағытталған бұқаралық ақпарат құралдарының материалдары еді.

Көп ұзамай жеке парақшадағы бұл жазбалар құқық қорғау органы қызметкерлерінің қырағы назарына ілікті. Осыған байланысты аталған азамат құрықталып, оның үстінен әкімшілік хаттама толтырылды. Ал әлеуметтік желісіндегі материалдар арнайы дінтанушылық сараптамаға жолданды. Қорытындысында жеке парақшадағы жазбалардың барлығы еліміздің аумағында заңмен тыйым салынған діни теріс бағыттағы ағымдардың материалы екені анықталды. Сондықтан оның үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 453-бабының 2-бөлігімен іс қозғалды.

Сотта құқық бұзушының әрекеті жоғарыдағы баппен дұрыс дәрежеленген деп танылды. Әрине, кінәлі азамат бұл материалдардың елімізде сот шешімімен тыйым салынғанын білмегенін, күні бүгін олардың барлығын өшіріп тастағанын, алдағы уақытта мұндай жағымсыз файлдарды қолданбайтынын айтып, ақталды. Бірақ білместік заң алдындағы жауапкершіліктен құтқармайтыны анық. Сондықтан сот оның іс-әрекетін құқыққа қарсы сипатын сезініп, залалды салдардың туындайтынын біле тұра саналы түрде жол берген, қасақана жасалған әкімшілік құқық бұзушылық деп таныды.

Аудандық соттың қаулысымен құқық бұзушы ӘҚБтК-нің 453-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалады.

Осылайша еліміздің тұтастығына көз алартып отырған сыртқы күштердің идеологиясымен уланған дүмше діндарлардың уағызын «насихаттаған» құлсарылық жігіт заң алдында тиісті жазасын алды. Бұл өзге әлеуметтік желіні жиі қолданатын жерлестерімізге ащы сабақ болса керек.

Айжамал Көптілеуова,

аудандық соттың жетекші маманы,

Ербол Қошақанов,

өз тілшіміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521