Жылыой ауданына қарасты қала, кент және ауылдар жыл санап көркейіп келеді. Бұған бірден-бір себеп болып отырған «Qoǵamdyq keńistikter» жобасы десек те болады. Бұл жоба алғаш рет ауданымызда 2020 жылы бастау алған-ды. Содан бері ауданның әлеуметтік дамуына өз үлесін қосып келеді. Мәселен, осы төрт жылдың ішінде ауданымызда 80 әлеуметтік нысан халық игілігіне берілді. Биылдың өзінде жоба аясында 30 шақты шағын-жоба қаржыландырылып отыр.
Ел ертеңін қуантқан жарқын жоба «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылай қолдауымен, Орталық Азияның Еуразия Қорының ұйымдастыруымен жүзеге асып келеді. Осы жоба аясында ауылда инфрақұрылымды абаттандыру және дамыту бойынша жұмыстар жүзеге асады. Нәтижесінде халықтың барлық санаттары үшін пайдалы әлеуметтік нысандар бой көтереді. Әлеуметтік бағдарламаның тағы бір ерекшелігі сол, мұнда тұрғындар бастамашыл топтарға бірігіп, абаттандыру мәселесін бірлесіп өздері шешеді.
-Әрине, біздің ауданда осындай әлеуметтік маңызға ие жобаның жүзеге асып жатқаны көңіл қуантады. Осы жоба аясында ауданға қарасты қала, кент және ауылдық округтерде бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтерді. Әлі де жалғасып жатыр. Жоба аясында тек нысандар салынып қана қоймай, тұрғындардың ауызбіршілігі де нығая түсуде. Жоба ұйымдастырушыларына, Орталық Азия Еуразия Қоры ұжымына және «Теңізшевройл» компаниясына алғысымды білдіремін. Жоба жалғасын тапса екен деймін, - дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова.
Жобаның алғаш жүзеге аса бастаған жылында Шоқпартоғай ауылы халқының қуанышында шек болмады. Себебі, жоба арқылы ауыл халқының жылдар бойғы өзекті мәселесі шешімін тауып, шоқпартоғайлықтар мәре-сәре күйге енді. Ауыл ішіндегі «Қыналы» атанған сайдың үстінен көптен күткен жаяу жүргіншілерге арналған көпір салынды. Екі ауылдың тұрғындары қар еріп, су келген кездерде сайдан өте алмай қиналатын еді. Енді, міне, көпір салынғаннан кейін тұрғындар сайдан кез-келген уақытта қауіпсіз және ыңғайлы өтетін болды.
-Qoǵamdyq keńistikter» жобасымен алғаш 2020 жылы таныстым. Жобамен танысқаннан кейін «бұл жобаның аудан тұрғындарына беріліп тұрған үлкен мүмкіндік екенін» бірден ұқтым. Осылайша ауылымызда жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселе сайдың екі жағында жатқан ауылды тоғыстыратын көпір құрылысын жүргізуге арналған жобамды ұсындым. Комиссия мүшелері жобаны мақұлдап, бүгінде ауылдың бір мәселесі шешімін тауып, екі араны қосатын көпір салынды. Одан кейін де бірқатар жобалар іске асты. Мәселен, ауылдың кіре берісіне аялдама, ойын, воркаут алаңдары және саябақтар салынды. Ғұмырлы жоба болсын, осындай жобалар арқылы ауылымызға қажетті әлеуметтік нысандар санын көбейтейік, - дейді жоба қатысушысы Бақытжан Ерғалиев.
«Qoǵamdyq keńistikter» тек ойын және воркаут алаңдарын салуға қаржы бөлмейді, осы күнге дейін жоба аясында ауылдарда бірнеше мәселе шешімін тапқан. Мәселен, шоқпартоғайлықтар сайдың екі жағында қалған ауылды тоғыстырып көпір салса, ақкиізтоғайлықтар қараңғы көшелерін жарықтандырып алды.
Оларға таңертеңгі және кешкі мезгілде, әсіресе қыста көше жарығының жоқтығы қиындық тудыратын. Ауылдық жерде үлкенді-кішілі ірі қара мал болғасын қауіп-қатерді жарық күні болмаса алдын-ала байқау мүмкін емес. Қыстың күндері балаларды мектепке таңертеңгі уақытта жіберудің өзі қауіпті.
Бұл мәселенің шешімін “Жарық көше” жобасының жетекшісі Армангүл Ақмұрзиева “Қоғамдық кеңістіктер” бағдарламасы арқылы табатынын білді. Өзінің аталған жобасын ұсынып, жеңіп алған соң, “Теңізшевройл” компаниясынан бөлінген қаржымен, ынталы топпен жұмысты аяқтап шықты.
«Жарық көшеміз» бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының сүйікті көшесіне айналып үлгерді» дейді жоба жетекшісі Армангүл.
-Мен Жылыой ауданында осындай жоба аясында балалардың, жалпы тұрғындардың жақсы өмір сүруі үшін әлеуметтік нысандардың ашылып жатқанына қуанамын және қолдаймын. Аудан халқы өз күштерімен тұрғызған нысандарын бағалап, күтіп ұстайды деп үміттенемін. «Қоғамдық кеңістіктер» жобасы келесі жылы да жалғасын табады. Себебі бұл жоба тұрғындардың сүйікті жобасына айналды. Біз бұны жақсы білеміз. Сондықтан оны әрқашанда қолдауға тырысамыз, - дейді «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Дәрмен Аронов.
«Qoǵamdyq keńistikter» бағдарламасының директоры Алма Шолпанқұлованың айтуынша, биыл Жылыой ауданынан 30 шақты жаңа қоғамдық орын ашу жоспарланған. Жоғарыда айтып өткендей, «Qoǵamdyq Keńistikter» жобасы - Орталық Азияның Еуразия Қорының ұйымдастыруымен «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен іске асырылып келеді. Осы бес жылдың ішінде бағдарлама аясында Атырау мен Маңғыстау облысынан 150-ден астам қоғамдық орын салынды.
Ақмоншақ Әбілхасова,
Жылыой ауданы,
Құлсары қаласы