Әлеуметтік қызметтер порталы (aleumet.egov.kz) – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген мүгедектігі бар адамдарға оңалту құралдары мен қызметтерін тікелей жеткізушілер арқылы өз бетінше сатып алуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған жүйе. Портал арқылы оны қолданушылар келесі қызмет пен құралдарға тапсырыс бере алады:
Арнаулы әлеуметтік қызметтер: жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының қызметтері және санаторлық-курорттық емдеу;
Техникалық оңалту құралдары (ОТҚ):
протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар;
Порталдың мақсаты – ұсынылатын оңалту құралдары мен қызметтерінің сапасын арттыру, оларды алу уақытын қысқарту және қаражат пен қызметтерге деген нақты қажеттілікті анықтау.
Порталға кіру үшін aleumet.egov.kz сайтына өтіп, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы тіркелу қажет. Содан кейін пайдаланушылар өздерінің оңалту бағдарламасына сәйкес қажетті құралдар мен қызметтерді таңдап, тапсырыс бере алады. Әлеуметтік қызметтер порталы - мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға және қажетті қызметтер мен құралдарға қолжетімділікті арттыруға бағытталған маңызды құрал. 2025 жылдың қаңтар айынан бастап мүмкіндігі шектеулі адамдарды жеке оңалту және абилитациялау бағдарламасына сәйкес, көмек түрлерімен қамтамасыз етуге арналған өтініштер автоматты түрде ұзартылатын болды. Бұл қажетті қызметтер мен қолдауды құжаттарды қайта тапсырмай-ақ үздіксіз алуға мүмкіндік береді.
Егер мүмкіндігі шектеулі жанның абоненттік нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелген болса, жеке оңалту және абилитациялау бағдарламасына сәйкес көмек көрсету туралы өтініштің автоматты түрде жасалғаны жөнінде SMS-хабарлама жіберіледі. Соның негізінде 2 ай мерзім ішінде қызметтер мен қажетті құралдарды таңдап, тапсырыс беру керек. Егер ұзарту немесе көмек көрсету шарттарын өзгерту жөнінде сұрақтар болса, Қара Арна ауылдық округі әкімі аппаратына жүгінуге кеңес береміз.
Сұлу Ідірбай,
Қара Арна ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы