Атырау облысындағы БАҚ өкілдері «Теңізшевройл» компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобалардың жұмысымен танысу үшін Құлсары қаласына келді. Сондай-ақ, бұл құрамның ішінде ауданның қоғам белсенділері де болды. Бұл трипті «Теңізшевройл» компаниясы ауданда өткен қоғамдық тыңдауда айтылған ұсыныс бойынша ұйымдастырған.
«ZHYLYOY STEAM MEKENI» ЗЕРТХАНАСЫ...
Алдымен журналистер мен белсенділер Құлсары қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін мектеп базасында тұңғыш рет «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен ашылған STEAM кабинетіне барды. «Zhylyoy STEAM Mekeni» зертханасы заманауи STEAM жабдықтарын пайдаланатын химиялық-биологиялық және физика-математикалық кешендермен, сондай-ақ халықаралық FIRST байқауының стандарттарына сәйкес келетін робототехника секторымен жабдықталған. Бұл күні де робототехника бойынша қабілеттерін ашқан балалар өз жұмыстарын көрсетіп, жоғары сынып оқушылары физика, химия бағыты бойынша жасаған жобаларын көрсетті. Сондай-ақ жиналғандар "Integrity Тұлғалық Даму" қоғамдық қорының "Кәсіптік бағдар - болашағыңды таңда және басқар" және «Жаңа буын мектебі» деп аталатын жобалардың жұмысымен танысты. "Жаңа буын мектебі" жобасы 2023 жылы іске қосылып, соның аясында Атырау облысының 21 мектептің директорлары, орынбасарлары, психологтар, кәсіптік бағдар берушілер, мұғалімдер әртүрлі ұрпақтардың өзара іс-қимыл теорияларын ескере отырып және жаңа буынның сұранысы бойынша мектептің даму стратегиясын әзірлеу үшін оқытудан, стратегиялық сессиялардан өтті. Нәтижесінде мектеп командалары үш жылдық даму стратегияларын жасақтап, сарапшылар алдында қорғады. Солардың бірі, №8 орта мектебі “STEAM SCHOOL” даму стратегиясымен таныстырып, тәжірибе жүзінде оқушылардың нәтижелерін көрсетті. №15 С.Қарабалин атындағы орта мектеп «Альфа ұрпақтарына арналған мектепті дамыту стратегиясы» және №23 орта мектеп “Innovative ұстаз” жобаларын әзірледі. №15 С.Қарабалин атындағы орта мектеп Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің қолдауына ие болды.
Қордың екінші «Кәсіптік бағдар – болашағыңды таңда және басқар» атты жоба аясында 2021 жылдан бері ауданның 160 оқушысы кәсіптік бағдар беру тестілері мен консультациялардан өтіп, онлайн тренингтерге қатысты. Шілде айында 30 оқушы офлайн тренингтерде болды. Жоба аясында тек оқушылар емес, мұғалімдер үшін де профориентатор, яғни оқушыларға кәсіптік бағдар беру мамандығын үйрену курстары өткізілді. Жылыой ауданынан 6 мұғалім арнайы дәріс алып, жылдық жоспарларын қорғап, кәсіптік бағдар берушіліктерін растайтын сертификаттарын алған. Солардың бірі – Д.Жазықбаев атындағы №16 орта мектептің педагог-психологы Набат Жақсылыққызы кәсіптік бағдар беруші ретінде білім алу жолымен, тәжірибесімен бөлісті. Жобалардың ұзақ мерзімді әсері ескерілетін болса, профориентатор – мұғалімдердің өз мектептерінде 14-17 жасар оқушыларға жыл сайын кәсіптік бағдар беруге мүмкіндіктері бар.
«ҚАДАМ» ЖОБАСЫ ЖАҢА ҚАДАМҒА БАСТАДЫ
«Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен биыл қаңтар айынан бастап ауданда «Қадам» жобасы басталған болатын.
Жоба екі апталық оқу курстары, негізгі және қосымша оқу блогынан тұрады. Жоба аясында 25 әйел-анаға арналған 5 мамандық бойынша психологиялық және бизнеске бағыт-бағдар беруге арналған тренингтер мен оқыту курстары өткізіліп, одан кейін түлектерге шағын бизнесін бастап кету мақсатында құрал-жабдықтар табысталады екен. Негізгі оқу блогына тігіншілік, аспаздық, «SMM маманы», шаштараз және бет әрлеуші мамандықтары кіреді. Сонымен қатар, аналардың санасын түрлендіруге арналған «психологиялық тренингтер» және «Кәсіпкерлік дағдыларды оқыту» тренингтері ұйымдастырылды. Қазіргі таңда жоба аяқталуға жақын. Аналар барлық негізгі және қосымша кешенді оқыту курстарынан өтті. Қараша айында үздік қатысушыларға құрал-жабдықтарын табыстау жоспарлануда. Жоба аяқталмай жатып қатысушылардың 50 пайызы өз бизнесін ашуға мүмкіндік алып, 30 пайызы жұмысқа орналасты.
"Мақаланың жалғасын" Кең Жылой"
басылымынан оқи аласыз"
Перизат ТӘЖІ