Қазақстан сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша ТМД елдерінің ішінде алдыңғы қатарда тұр. Осыдан ширек ғасыр бұрын «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» арнайы заңды да алғашқы болып қабылдады. Одан әрі қарай осы қауіпті кеселдің жолын кесу мақсатында арнайы органдар, партиялар құрылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық және облыстық қоғамдық кеңестер құрылды. Онда бірінші жылы 5000 -нан астам азаматтың өтініштері қабылданды.
Расында да, сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Яғни, бұл дертпен қоғам болып күресуіміз керек деген сөз. Бұл ретте мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлағанындай, кейбір шенеуніктердің ұсталып, осы заң талаптарымен қылмыстық жауапкершілікке тартылуы – соның айғағы.
Бұл ретте халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келіп жатады. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Өйткені сыбайлас жемқорлықпен күресудің маңызды әдістерінің бірі – моральдық тарап үлкен рөл атқаратын заңды сақтау. Жалпы айтқандай, егер сіз әлемді өзгерткіңіз келсе, өзіңізді өзгертіңіз. Бұдан шығатыны, егер әрбір азамат әрқашан өзінен бастаса, мысалы, өз міндеттерін адал және әділ орындаса, онда сыбайлас жемқорлық азаяды. Жемқорлықты жою үшін бүкіл қоғам осылай күресуі тиіс. Сонда ғана біздің еліміз сыбайлас жемқорлық жоқ әлемдегі мықты мемлекеттің біріне айналады.
Алтыншаш Адаева,
аудандық сот әкімшісінің бас маманы