АСТАНА. KAZINFORM – 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдумның нәтижесінде еліміздің қолданыстағы Конституциясы қабылданды. Жалпы, адамзат баласы тарихында әлемнің әртүрлі елдерінің конституциясы әр қоғамның құндылықтарын паш ете отырып, түрлі формада қабылданғаны белгілі. Осыған орай Kazinform агенттігі оқырман назарына әлемдегі ең ерекше конституциялар жайындағы деректерді ұсынады.
Қазіргі конституциялардың шығу тегі
Конституциялық дәстүрдің бастауы ежелгі заң жинақтарына барып тіреледі: Вавилондағы Хаммурапи кодексі, Афинадағы Солон реформалары және біздің дәуірімізге дейінгі 451–450 жылдары Ежелгі Римде қабылданған он екі кесте – заңдар жинағы. Олар баршаға міндетті жазбаша заңдар қағидасын белгілеп берді. Конституциялардың дамуындағы маңызды кезең – 1215 жылы Ұлыбританияда қабылданған Ұлы бостандық хартиясы болды. Ол алғаш рет монарх билігін шектеп, қазіргі конституциялардың негізіне айналды.
Ең көне конституция
Қолданыстағы ең көне конституциялардың бірі – 1600 жылы қабылданған Сан-Марино конституциясы. Ол XIV ғасырдағы қалалық жарғыға негізделген және тек 1974 жылы ғана Азаматтардың құқықтары туралы декларациямен және мемлекеттік құрылым қағидаларымен толықтырылған.
Қазіргі заманғы түсінігіндегі алғашқы конституция – 1787 жылы қабылданған АҚШ конституциясы саналады. Бұл құжатта алғаш рет билік пен федерализмнің ара-жігі ажыратылып, көптеген мемлекет үшін үлгіге айналды. Конституцияның түпнұсқасы Вашингтон қаласындағы Ұлттық мұрағатта сақталып тұр және ерекше мұқияттықпен қорғалады. Жыл сайын миллиондаған адам екі ғасырдан астам уақыт бойы күшінде келе жатқан осынау тарихи құжатты көруге кіреді.
Франция және оның бірнеше конституциясы
Франция - конституцияның саяси түбегейлі өзгерісті қалай бейнелейтінінің айқын мысалы. 1789 жылғы Ұлы француз төңкерісінен бері ел бірнеше рет монархиядан республикаға, империядан қайтадан корольдік билікке көшіп отырды және әрбір жаңа дәуір өз конституциясын алып келді.
1791 жылы қабылданған бірінші француз конституциясы халық егемендігі қағидасын енгізді. Алайда ол бір жылдан да аз уақыт қана қолданыста болды. XIX ғасырда билік жүйесінің әрбір ауысуы — Наполеон империясынан бастап Бурбондар реставрациясы, Екінші республика мен Екінші империяға дейін жаңа негізгі заңның қабылдануымен қатар жүріп отырды.
Әлемдегі ең ұзақ және ең қысқа конституциялар
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1950 жылы қабылданған Үндістан конституциясы әлемдегі ең көлемді конституция саналады. Ағылшын тіліндегі нұсқасы 146 385 сөзден тұрады. Бұл құжат 400-ден астам бап пен 100-ден аса түзетуді қамтиды, жүздеген бетті алып жатыр және мемлекеттік басқарудың барлық дерлік қырын қамтиды.
Үндістан Конституциясында әртүрлі құқықтық дәстүрдің элементтері үйлесім тапқан: британдық парламенттік модель, американдық билікті бөлу және федерализм, сондай-ақ үнді қоғамына тән бірегей ерекшеліктер — тілдік және діни әралуандылық.
Ал ең қысқа конституция Монако князьдігіне тиесілі. Оның мазмұнын не бәрі шамамен 3800 сөз толық ашады.
Эквадор және табиғат құқығы
2008 жылы Эквадор әлемде алғашқы елдерінің бірі болып, өз конституциясында табиғаттың құқықтарын мойындаған мемлекетке айналды. Бұл өзгеріске сәйкес экожүйелерге қорғалуға және қалпына келтірілуге құқық берді.
Арада не бәрі үш жыл өткеннен кейін, нақты айтқанда 2011 жылы осы қағида негізінде алғашқы сәтті сот процесі өтті. Вилькабамба-Кинара жолының құрылысына байланысты жергілікті тұрғындар Лоха өлкесінің билігіне қарсы талап-арыз түсірді. Жоба экологиялық зерттеулерсіз жүзеге асырылып, соның салдарынан Вилькабамба өзеніне көп мөлшерде тас пен топырақ төгілген. Бұл жайт өзен ағысын күшейтіп, су тасқыны қаупін арттырған және жергілікті қауымдастықтарды қауіпке ұшыратқан.
Лоха өлкесінің соты өзеннің конституциялық құқықтарының бұзылғанын мойындап, өзен пайдасына шешім шығарды. Осынау тарихи үкім «табиғат құқығы» тұжырымдамасының тек Эквадорда ғана емес, бүкіл әлем бойынша алғашқы заңды жеңісіне айналды.
Исландия және онлайн-конституция
2011 жылы Исландия азаматтары жаңа конституцияны әзірлеуге тікелей қатысқан алғашқы ел болды. Жоғарғы сот конституциялық жиналысқа өткен сайлауды жарамсыз деп танығаннан кейін Парламент конституциялық кеңес құрды. Кеңестің жұмысы ашық форматта жүргізілді — арнайы сайт, әлеуметтік желілер және тікелей трансляциялар арқылы. Бұл азаматтарға баптарды талқылауға, ұсыныстар мен түзетулер енгізуге мүмкіндік берді.
Төрт айдың ішінде кеңес конституция жобасын дайындап, ол 2012 жылғы консультативтік референдумда көпшілік қолдауына ие болды. Алайда, 2013 жылы Парламент бұл құжатты мақұлдамай, жаңа конституция қабылданбай қалды.