Әр ұлттың ұлы тұлғалары болады. Олар қаншама ғасыр өтсе де, еңбегі де көмескі тартпай, адамзаттың ортақ құндылығына айналады. Ағылшындар үшін - Шекспир, француздар үшін – Бальзак, әзірбайжандар үшін – Низами болса, ал қазақтар үшін ондай ұлы тұлға – Абай. Сол Абайдың даналығын танытқан Мұхтар Әуезов те қазақ елінің маңдайына біткен кемеңгер тұлғасы, әдебиет алыбы саналады.
Бір ғана «Абай жолы» арқылы туған халқының өмір сүру дағдысын, салт-дәстүрін, тарихын төрткүл дүниеге мәшһүр еткен ұлы суреткер Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақ әдебиетінің барлық жанрына қалам тербеп, сол арқылы тіліміздің шұрайын, еліміздің шырайын танытқан еді.
Жазушы Мұхтар Әуезов – феодалдық қоғам ыдырап, қазақ қоғамы капитализмді айналып өтіп, социалистік қоғамның орныға бастаған тұсында өмірге келді. Білімділердің ортасынан өз орнын ойып тұрып алды, ерте жарқ етіп көрінді. Ол өзінің жан дүниесін баурап алған ұлы мақсаттарды бірте-бірте жүзеге асырды. Бұл - жазушылық, ғалымдық жол еді. Осы жол М.Әуезовті азапты жолға апарды, осы жол М.Әуезовті әлем мойындаған қаламгерлердің сапына қосты, осы жол М.Әуезовті академиктік дәрежеге алып келді. Осы жол Мұхтар Омарханұлын шын мәніндегі халықтық жазушы деңгейіне көтерді. Ал халық жадына енген адамды уақыт та, заман да, қоғам да тарихтан сызып тастай алмайды. Бірақ осындай халық махаббатына бөлену үшін М.Әуезов "тар жол тайғақ кешулерден", әр шығармасынан теріс астар іздеген сыншылардан, екіжүзді саясаттың, сталиншіл ауыр идеологияның қанды қақпанынан да аман өтті.
М.Әуезов өмірі мен еңбегінің халық үшін қаншалықты маңызды болғанын тарихтың өзі дәлелдеді. Ол аласапыран кезеңдерде халқымыздың талай рет үзіліп қала жаздаған мәдени-рухани арқауына, ұлттық сана сезіміне дәнекер болып, кешегі күннен бүгінгі күнге жетуіне себепкер болды.
Аудандық орталық кітапханада «Қазақ жазушыларының шығармаларын насихаттауда академик, драматург, ғалым және қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтың туғанына-125 жыл толуына орай «Әлем таныған Әуезов» тақырыбында оқырман конференциясы өтті.
Шараның мақсаты – келешек ұрпақты қазақ елінің мақтанышына айналған кемеңгер жазушыны құрметтеуге, елін сүюге, әдебиетті сүюге тәрбиелеу.
Мәдени-көпшілік шарада №7 Е.Халықов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушылары А. Алдахова М. Әуезовтың «Қараш-қараш» оқиғасы туралы, Н.Нұрманова «Еңлік-Кебек» поэмасы туралы пікірлерін айтты. №1 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушылары И.Бағытова М.Әуезовтың «Абай жолы» романы туралы, Р.Долдаш «Еңлік-Кебек» пьесасын, А. Бақтиярова ақынның басқа да шығармалары туралы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, №15 жалпы орта білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы А. Балапаш М. Әуезовтың «Қорғансыздың күні» шығармасы туралы және кітапхана қызметкерлері А. Алдахова «Еңлік-Кебек» поэмасын айтса, Б. Асмандиярова «Көксерек» повесін талдап, түсіндірді.
Соңында кітапхана басшысының орынбасары К.Жапалова жас оқырмандарға алғысын айта отырып, мәнді шараны қорытындылады. Кітапхана қорындағы жазушының шығармаларынан кітап көрмесі жасақталып, оқырман назарына бейнешолу ұсынылды. Конференцияны оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі меңгерушісі А.Амантайқызы жүргізді.
А.АМАНТАЙҚЫЗЫ,
аудандық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі