"Бақыт мекені" кітабының тұсауы кесілді таяуда.
Таяуда №3 Шоқпартоғай ауылдық мектебінде осы оқу орнының түлегі Айбек Қалмағанбетовтың «Бақыт мекені» атты кітабының тұсаукесері болып өтті.
1967 жылы осы ауылда туған Айбек Кенесарыұлы сол кездегі Гурьев ауылшаруашылық техникумын бітіріп, еңбек жолын «Қазақстан» совхозында зоотехник болудан бастаған. Қазір Атырау қаласында тұрады. Әскерде жүрген 1987 жылы батальон командирі капитан Буланов сапта тұрған солдаттардың алдында Айбектің бір кітапқа жүк боларлық өлеңінің қолжазбасын өртеп жібереді. Содан кейін қолына қалам алмаған ол 2005 жылдан қайтадан өлең өлкесіне оралады. Сол жылы «Жоғалған қыз туралы аңыз» дастанын толғайды. 2006 жылдан ғаламторда дүниежүзі қазақтарын біріктірген «Мәссаған» сайтында «Ақындар мектебі» бөлімін ашып, 2011 жылға дейін шығармашылықпен шұғылданады.
Айбектің тұңғыш жинағында соңғы жылдары жазған өлеңдері мен дастандары топтастырылған екен. № 3 мектеп әкімшілігінің және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ғалия Боранқұлованың ұйымдастыруымен өткен шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шараны оқу ордасының директоры Шолпан Оңғарбаева құттықтау сөзбен ашты. Ауыл ақыны Дүйсенбек Бөкенов, Айбек Кенесарыұлына ұстаздық еткен зейнеткер мұғалімдер Күнзия Сүндетқызы, Бекболат Хасанғалиұлы, Есберген Жиенқұлұлы жылы лебіздерін білдірді, шығармашылық табыс тіледі.
Мектеп оқушылары, соның ішінде, Айбектің сыныптас достарының балалары мен немерелері жыр жинағына енген туған жер, табиғат, қоғам, махаббат, достық, ақындық тақырыптарына жазылған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Аудандық, облыстық жас ақындар жыр мүшәйрасының жеңімпазы, 11 сынып оқушысы Жанаш Бабыржан «Ақынға арнау» жырымен шашу шашты. Көбеген Бекзат, Есен Темірбаевтың орындауындағы ақынның «Сағыныш», «Астана вальсі» әндерін жырсүйер қауым жылы қабылдады. Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы, Атырау музыка колледжінің 4-курс студенті Жанәбіл Райымбек ақынның «Құрдастарыма», «Ұстазыма» өлеңдеріне ән жазып, достарымен қосыла шырқады.
Ақынның жыр-жинағының тұсаукесерін «Кең Жылой» газетінің штаттан тыс тілшісі Роза Есенғожина, ақын Дүйсенбек Бөкенов кесті. Кеш соңында Айбек Кенесарыұлы өзінің «Бақыт мекені» атты жыр-жинағын мектеп әкімшілігіне, кітапханасына, өзіне дәріс берген ұстаздарына, жырсүйер жас жеткіншектерге өз қолымен тарту етті.
Альпия Орахова,
Шоқпартоғай ауылы №3 мектептің кітапхана меңгерушісі