Елбасы өз Жолдауында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ алфавитін 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшіру туралы тапсырма берген болатын.
Осыған орай, еліміздің түкпір-түкпірінде дайындық жұмыстары қызу жүруде. Рухани ордаларда пікірталасқа негізделген дөңгелек үстел ұйымдастырылып, бұл мәселе жан-жақты талқыланып келеді. Сондай шараның бірі жақында аудандық орталықтандырылған кітапханада өтті. «Латын әліпбиі Қазақстанда: тарих және келешек» деген тақырыпта өрбіген пікірталас кешіне білім беру саласының ардагерлері, оқушылар, оқырман қауым, кітапхана ұжымы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Пікір білдірушілер «Латын әліпбиіне көшудің себебі неде?», «Оның қандай тиімді жақтары бар?», «Қандай қиындықтар туғызуы мүмкін?», «Латын әліпбиіне көшсек, неден ұтыламыз, оған көшудің қандай оңтайлы жолдарын атар едіңіз?» деген сауалдар төңірегіне жауап іздеді.
Алдымен, оқырмандар мен оқушылардың пікірі тыңдалды. Олардың пікірінен латын әліпбиіне көшу заман талабы екенін ұғындық. Ардагер-ұстаз Сәнекеш Мағзымова, журналист Ербол Қошақанов, кітапхана директорының орынбасары Балзия Кенжебекова және басқалар жаңа әліпби қазақты түрік халықтарымен жақындастырып, ана тілімізді әлемдік аренаға шығару жолындағы басты қадам екенін атап өтті. Шара соңында филология ғылымының докторы, 81 жастағы ғалым Әлімхан Жүнісбек, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазықызының осы мәселе бойынша ауданға іссапары кезінде көпшілікке ұсынылған бейнеслайд жүргізілді. Онда кириллицаға қарағанда латын әліпбиінің артықшылығы ашып көрсетілген. Шараны кітапханашы Жанат Байгуршимова қорытындылады.
Е.Бисекенұлы.