Лас ауыз су, қоқысқа толы көше...

Өткен аптада аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХІІ сессиясы өтті. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. «Жылыой аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» Жылыой аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №11-2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» алғашқы мәселе бойынша аудандық мәслихат аппаратының басшысы Назгүл Бектембаева баяндама жасады.

Аудан әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы және жер комиссиясын құру жөнінде аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова сөз сөйледі.

Бұдан соң депутаттар Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Игорь Ляннен аудан орталығында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сұрап, өз ұсыныстарын білдірді. Олар үйлері судан зардап шеккен тұрғындардың шығарған қоқыстарын техникамен алып кетуге көмектесу керектігін айтады.

-Қазірдің өзінде қаланың әр жеріне төбе болып үйілген қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Ертеңгі күні жаңбыр жауып, қоқыс балшықпен араласқанда әбден батпаққа батарымыз анық,-деді ашынған депутат Ризангүл Атинова. Ал депутат Бекет Құлбаев қала көшелеріндегі тал суару, оларды арам шөптерден тазарту жұмыстарын сынға алды. Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды төгу үшін уақытша жер немесе полигон керек екендігін жеткізді. Өйткені, бұған дейін аудан халқы пайдаланып келген полигон әлдеқашан лық толып, тұрғындардың тұрмыстық қалдықтарын қабылдауға шамасы келмей тұр. Сессияда «Жылыойсу» мекемесі басшысының міндетін атқарушы Батыр Кейкін ауыз суға қатысты туындаған мәселеге байланысты сөз сөйледі. Ол судың мәселесі 4 ай бойы қозғалып келе жатқанын, яғни, 23 мамырдан бастап қалаға Қиғаштан лай су айдалып келгенін айтады.

-Осы уақытқа дейін бізге суды тұндырып, тазартып беріп отырған «Магистралды су ағызғысы» ЖШС екенін жақсы білесіздер. Ал, біздің мекеме тек ауыз суды халыққа таратушы. Тіпті аталмыш мекеменің 23 мамыр күні бізге лай аралас сары су жібергенін де білген жоқпыз. Оны алдын ала ескерткен жоқ. Әрине, халық шу шығарды. Тұрғындарға да біздің тек қана тасымалданып жеткізілген ауыз суды тарататын мекеме екенімізді түсіндірдік. Біз суды тазалап беріп отыратын серіктестікке ескертіп, оны қалыпқа келтіру туралы бірнеше мәрте айттық. Қазір, әрине, дәл бұрынғыдай лай су жоқ. Дегенмен қала тұрғындарынан судың түсіне, дәміне байланысты шағымдар түсіп жатады,-дейді ол.

Расында да «Жылыойсу» мекемесінің не су тұндыратын, не су тазартатын кешені жоқ. Тек дайын суды сақтайтын 5 мыңдық 2 қазаны бар. Аудандағы ауыз су мәселесінің өзектілігін айтқан депутат Сәуле Мәмбетова бұл проблемаға немқұрайлы қарауға болмайтынын түсіндірді. Судың сапасы жөнінде арнайы мамандандырылған республикалық немесе облыстық комиссия құрылып, тексерілу керек деген ұсынысын жеткізді. Сондықтан халық қалаулысы ретінде арнайы құзырлы орындарға хат жолдамақ. Оны өзге депутаттар да қолдап, бір кісідей бұл мәселенің түйінін шешуге кіріскелі отыр.

Сессияда күн тәртібіне қойылған мәселелер толықтай талқыланып, олар бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT