Аудан орталығында алғаш рет мүгедектігі бар адамдарды оңалту орталығы ашылды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі
Жаңа нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Қанат Әзмұханов қатысып, мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдаулар мұнымен тоқтап қалмайтынын айтты
-Ауданымыздың денсаулық сақтау саласы тағы бір жақсы жаңалықпен толықты. Азаматтарымыздың денсаулығын жақсарту үшін, заманауи емдеу мекемелерінің саны арта бермек. Бүгінгі пайдалануға беріліп жатқан "Қамқорлық" оңалту орталығы, мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі, - деді Қ.Әзмұханов
Оңалту кешені жаңа заманауи құралдармен жарақталған. Мұнда екі жаттығу залы мен массаж кабинеті және тынығу орны бар. Орталықта реаблитолог, массажист, физиотерапия нұсқаушысы және психолог жұмыс істейді. Бұл жерде мамандар бір мезетте 25 адамды қабылдай алады.
Қазір, ауданда реаблитациялық көмекті қажет ететін 92 адам бар. Олар, қажетіне қарай осы орталықта кезекпен ем қабылдайды.
Шарада «Самұрық-Қазына траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржыландыруымен және «Миялы мүгедектер» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен орталыққа инватакси берілді. Сонымен қатар, аудан кәсіпкерлері мен жергілікті азаматтар мүгедектігі бар 2 адамға 100 мың теңгелік ақшалай сыйақы және 1 азаматқа электронды қоларба сыйға тартты.
-Бүгін көптен күткен қуанышты күнге жеттік. Себебі, осыған дейін оңалту шаралары үшін түрлі елдер мен облыс аралап кететін едік. Тіпті кейбір тағдырластарым бара алмай жүретін. Енді міне өз ауданымызға су жаңа инватакси автокөлігі келіп, жаңа құрал-жабдықтармен қамтылып ерекше толқынысты сәтке куә болып жатырмыз. Әрқашанда бізді қолдаған, демеген атымтай азаматтарға алғысымыз шексіз,- дейді I топ мүгедегі Райымбек Якупов.
Айта кетейік, жаңа ғимарат «Самұрық-Қазына траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржыландыруымен салынған.