Қызмет көрсету мерзімі – он бір жұмыс күніне тең

«Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе архивтік үзінділерін беру» мемлекеттік қызметі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, www.Egov.kz «электронды үкімет» веб-порталы, баламалы түрде мемлекеттік архивтер арқылы жүзеге асырылады. Бұл қызмет ауданда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 29 мамырдағы №159 бұйрығымен бекітілген «Архив ісі саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес» жүреді.

Аудандық мемлекеттiк архивінің мамандары аталған қызметті жүзеге асыру барысында заң және стандарт талаптарына сай, келіп түскен өтініштердің тіркелуін және олардың мерзімінде орындалуын қатаң бақылауға алған. Қызмет көрсету мерзімі - қызмет берушіге түскен күннен бастап он бір жұмыс күніне тең. Мемлекеттік сақтауда құжаттар болмаса, үш жұмыс күн ішінде қызмет алушының атына сұратылған құжаттарының сақтауда жоқ екендігі туралы хабарлама дайындалады. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығын сараласақ, онда аудандық архивке барлығы 435 сұраныс түскен екен. Оның 3-еуі «Азаматтарға арналған мемлекеттік корпорациясы» арқылы келсе, Қазақстан және шет елден – 250, портал арқылы 182 өтініш түсіп, барлық өтініш уақытылы орындалды.

Сондай-ақ, архивтік анықтамаларын беру қызметі ақысыз негізде, яғни жеке және заңды тұлғаларға еңбек өтілі мен еңбекақы төлемдерінің мөлшерін, зейнетақылық жарналар мен әлеуметтік салымдардың аударылуын растау тәрізді әлеуметтік құқықтық сипаттағы негізде көрсетіледі.

Кейде мемлекеттік корпорацияға жүгіну барысында түсінбеушіліктер болып, оң нәтижеге қол жеткізе алмау дерегі орын алып жатады. Яғни өтініш жазу барысында қажетті ақпараттар толық көрсетілмей, іздестіру жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай қалады. Мұндай жағдайды болдырмау үшін өтініш жазу барысында сұратылып отырған қызметке қатысты мәліметтерді толығырақ берген абзал. Егер өтініш иесі еңбек өтілі мен жалақы, жұмыс жағдайының ерекшеліктерін растайтын анықтама алғысы келсе, міндетті түрде жұмыс жасаған мекеме, ұйымның толық аты, еңбек еткен жылдарын анық көрсетуі тиіс. Бұл деректерді нақтылау барысында қызмет көрсетушіге көп көмек болады. Жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату келісім-шарттары, жер беру шешімдері, қаулылары қажет болса, аталған келісім-шарт, шешім, қаулыны шығарушының атауы, жасалған мерзімі анық жазылуы қажет. Ал өзге адамға немесе туысы туралы ақпарат алу үшін міндетті түрде сенімхат талап етіледі.

Қорытындылай келе айтарымыз, «Архивтік анықтамалар беру» қызметін қолдану барысында әркім өзіне тиімді әрі ыңғайлы әдісін таңдай отырып, қызмет нәтижесіне жылдам қол жеткізе алады.

Гүлвира АМАНДОСҚЫЗЫ,

аудандық мемлекеттік архив басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT