Аудандық мәслихаттың әлеуметтік сала, құқық, коммуналдық шаруашылық, құрылыс, өндіріс, ауыл шаруашылығы және экология мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысты комиссия төрағасы Сәуле Мамбетова ашып, жүргізіп отырды.
“Болашаққа” көгілдір отын қашан беріледі? Ол күн тәртібінде екі мәселе қаралатынын айтып, алғашқы мәселе - Құлсары қаласында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспар бойынша жүзеге асырылатын іс-шаралар туралы Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Адиновке сөз кезегін берді. Қала басшысы 32835 шаршы метр құрайтын жерге төсемтас төсеу жұмыстары басталып, аудан орталығының 41 көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынып, тапсырылғанын хабарлады. Оның айтуынша, ықшамаудандарға 11 дана, оның ішінде «Береке», «Барлаушы», «Жадырасын», «Шұғыла», «Аэропорт», «Мешіт» ықшамаудандары мен №124, Ы.Алтынсарин, Д.Таубаев, Б.Өтеулиев көшелеріне әмбебап балалар ойын алаңдары, сонымен қатар алты ықшамауданның аулаларын абаттандыру жұмыстары жүріп жатқанын тілге тиек етті.
-Аталған жоба аясында ықшамаудан ауласына ойын алаңы, жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы, асфальт салу қарастырылған. Мердігер мекеме - «Өмірзақ» ЖШС. Қазіргі уақытта жұмыстың 70-80 пайызы орындалды,-деді ол.
Оның айтуынша, Құлсары қаласында орын алған су тасқыны зардабын жою мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда “Болашақ” ықшамауданында 100 үйдің құрылысы аяқталған. Сондай-ақ Махамбет даңғылындағы 9 көппәтерлі тұрғын үйлер мен апатты деп танылған үйлердің тұрғындарына 80 үй беріліп, қоныстануда. Қазіргі уақытта ықшамауданға газ желілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
-Алдағы уақытта “Болашақ” ықшамауданына көше жарығы жүргізіліп, балалар ойын алаңдары орнатылатын болады. Су тасқыны салдарынан Махамбет даңғылы, И.Тайманов көшесі, Е.Омаров, Д.Әжіғалиев, Ұ.Абдрахманов, С.Шәкірова, Сауран көшелерінің 17 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы, Құрсай өзені жағалауы, «Мемлекеттік қызметшілер» аллеясы, Рәміздер алаңы зардап шегіп, қалпына келтірілуде. Сонымен қатар зардап шеккен 9,9 шақырым асфальт жолдың 7,8 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құлсары қаласы Н.Арқабаев көшесінде орналасқан автомобиль көпіріне қайта жаңғырту жұмыстары басталады. «CK-KAZALEM» ЖШС-мен келісімшарт жасақталды. Бұдан өзге де қала көшелеріне 80 дана аялдама орнату жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 75 аялдама орнатылды, ал 5 дана жылы аялдаманы қондыру жұмыстары жүріп жатыр. Құлсары қаласындағы 5-ықшамауданы, “Вокзалмаңы” ықшамауданы, 1-учаске мекен-жайындағы полиция бекеттеріне ағымдағы жөндеу жүргізілуде. Қаланы көгалдандыру жұмыстарына, атап айтқанда көп жылдық гүлдерді отырғызуға және күтіп ұстау жұмыстары бойынша 7748 дана раушан және 2106 дана хризантема гүлдері егіліп, 3 мың шаршы метр жерге көгалдар мен 7000 дана жасыл желектерді суару, күтім жасау жұмыстары жасалуда. Сондай-ақ, жасыл желектерді қорғау мақсатында тұрғындардың қараусыз жүрген малы қамалды. Нәтижесінде 30 хаттама, ескерту парақтары толтырылып, 5 тұрғынға айыппұл салынды,-деді Қ.Адинов.
Ол қалада атқарылатын алдағы жұмыс жоспарына да тоқталды. Құлсары қаласындағы 4 дана автомобиль көпіріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ө.Алдахов көшесіне аллея тұрғызу, жастар, “Барлаушылар” саябағын салу, 62407 метр жаяу жүргіншілер жолын және веложол салу жоспарда бар екенін атап өтті. «Матай ата» зиратына кіреберіс жолы салынатынын, сондай-ақ зираттарды коршау жұмыстарына жоба жасақталып жатқанын айтты. Құрылыс жұмыстары 2023-2027 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына сәйкес, 2025 жылдарға жоспарланыпты. Желге ұшқан аялдамалар, ашық жатқан шұңқырлар Баяндамадан соң депутаттар сұрақ қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Әсіресе су тасқыны кезінде көп зардап шеккен “Атырау” ықшамауданының бүгінгі аянышты халі туралы С.Мамбетова өзекті мәселе көтерді. Ол үйі суға кеткен тұрғындарға қаржы берілгеннен басқа ешқандай жағдай жасалынбай жатқанын баса айтты. Сол ықшамауданның тұрғындары көтерген мәселені қала әкімдігіне депутаттық сауал ретінде жолдағанмен, бірде-бір сұрағына жауап ала алмайтынына ренжіді. Халық қалаулысының пікірінше, Құлсары қаласында тұралап қалған шаруа көп. Уақытында бітуі керек жұмыстар әлі жүріп жатқанын, тіпті кейбірінің жарты жолда тоқтап қалғанына налыды. Бұл пікірге депутат Ризангүл Атинова да қосыла кетті. Ол «Жадырасын» ықшамауданында бірде-бір асфальт жол мен жаяу жүргіншілерге арналған төсемтастар төселмегенін, тіпті көшелерінде жарықтың да жүргізілмей жатқанын жеткізді. Ондағы тұрғындар тарапынан арыз-шағым көп айтылатынын, соның бірі - қоғамдық көліктің аса қажеттігі. Оның айтуынша, «Болашақ» ықшамауданына автобус шыққалы бұрынғы бағыт өзгергенін, ол тұрғындар үшін тиімсіз болып тұрғанын жеткізді. Оған жауапты бөлімнен келген маман Бекет Бозжігітов бұл бағыттағы автобустардың жүру кестесі қайта қаралатынын, жалпы жыл аяғында маршруттардың жүру бағыты бойынша жиналыс өтіп, сол кезде депутаттар да өз пікірлерін білдірсе деген ұсынысын жеткізді. Жаңадан салынған аялдама мәселесі де тұрақты комиссия отырысында көтерілді. С.Тұрдығалиқызы халық аялдама орнатылып жатыр деп қуанғанымен, кешегі дауылды күні қуаныштары ұзаққа созылмай бір-ақ сәтте су сепкендей басылғанына қынжылды.
-Ауа райы өзгеріп, жел тұрып еді, аялдамалар желмен бірге қаңбақша ұшты ғой. Олай болатынын біз де білдік. Осы уақытқа дейін соны ескертіп, тез арада жаңа аялдамалардың астына цемент құюды айтып келдік. Әйтеуір, абырой болғанда желді күні аялдама құлағанда жанында адам болмағаны,-деді ол.
Қ.Адиновтың айтуынша, аялдамалардың іргетасы құйылып, аяқталуға жақын. Ал жылы аялдамалар осы қараша айының аяғына дейін қондырылып бітпек. Осы жұмысты тез арада бітіру керек екенін ескерткен депутаттар бұдан басқа да қала ішіндегі мәселелерге тоқталды. Слайд экран арқылы фотосуреттерді көрсете отырып сын айтатын депутаттың бірі – Бекет Құлбаев өзі көтерген мәселенің «баяғы жартас сол жартастың» күйін кешіп отырғанын тағы қайталады. Ол әсіресе, қала ішіндегі қақпағы жоқ шұңқырлардың жайына тоқталды. Аузы ашық жататын сондай құдықтар мектеп оқушылары мен балалар үшін аса қауіпті екенін ескертті. Алда қыс келе жатқанын, қараңғыда аяқ астындағы шұңқырды көрмей қалған бала жазатайым құлап кетсе, арты жақсылыққа апармайтынын түсіндірді. Және биіктігі адам бойынан асатын “апаннан” кішкентай балалар өздігінен шыға алмай қалуы әбден мүмкін екенін жеткізді. Мұндай қауіпті шұңқырлар бір емес, бірнешеу екенін айтып, қай жерде жатқанына дейін суреттер арқылы қала әкіміне көрсетіп берді. Сонымен қатар, қала ішіндегі қоқыс, малдың тапа тал түсте жап-жасыл газон үстінде “жайылып” жүруі, сәні кеткен жол белгілері, сиқы қашқан төсемтастар да экран арқылы көрсетіліп, сыни пікірлер айтылып жатты. Асфальт жолдардың да баяу жүріп жатқаны мәселе ретінде көтерілді.
Есепке алу аспабының «жыры»
Комиссия отырысындағы екінші мәселе бойынша «Жылыойгаз» ЖШС-ның директоры Берік Иманқұлов газ мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Қазіргі таңда әсіресе, үйі суға кеткен тұрғындар жаңадан салған үйлеріне газ кіргізу үшін кезекті ұзақ күтетіндерін айтып, шағымданады екен. Өйткені алда қыс келе жатыр, ал күннің суытқанына бірнеше ай болды. Бірінің үйінде бала мен қарт болса, енді бірі жаңа бой көтерген баспаналары ызғардан бүлінеді деп алаңдайды. Сондықтан олар жеке үйлерге жылу жүргізіп беру процесі жеделдетілсе дейді. Бұған жауап берген Б.Иманқұлов айтылған мәселенің шешімі табылғанын, жылу жүргізу жұмыстары жақын арада бітетініне сендірді. Сол үшін «Жылыойгаз» мекемесі 6 жеке кәсіпкерлікті тарту арқылы бұл процесті жеделдетіп жатқан көрінеді.
–Қазіргі таңда газ желісін жүргізетін 38 үй ғана қалды. Бір жеке кәсіпкердің өзі 10 үйді бітіргелі тұр. Сонда 28 үй қалады. Қарқын жаман емес. Сондықтан бұл жеке кәсіпкерлерді де қысқартатын боламыз. Жалпы келісімшарт бойынша 25 жұмыс күні ішінде газ жүргізілу керек. Ол 25 күнге жеткізбей, уақытында іске асып жатыр,-деді ол. Мекеме басшысының алдына қойылған тағы бір мәселе – есепке алу аспабы. Көптен айтылып жүрген бұл проблема – әр үйде тұратын газ есептегіш қондырғысының көлемі туралы еді. Осынау аспаптың көлеміне шүйлігіп жүрген жылыойлықтар да бар болып шықты. Олар өзге үлкен қаладағыдай «қондырғының шағын ғана түрін неге қондырмаймыз?»-деп ренжиді екен.
Ал оған мекеме басшылығының ешқандай қарсылығы жоқ. Әркім өз таңдауы бойынша қалаған аспабын қондыра алады. Тұрғындар тарапынан айтылатын тағы бір мәселе – газ есептегіш құралды тексерудің «жырға» айналатыны туралы болды. Мерзімі жеткен есептегіш қондырғыны тексеру үшін алдын ала арыз беріліп, ол ақылы түрде жүзеге асатыны бар. Оны жәй тексеріп қана қоймай, қондырылған орнынан түсіріп алып, апарып тексертіп, болғаннан кейін қайта қондыру ұзақ уақыт алатын процесс екенін айтады. «Мұндай ұзақ жүрістен гөрі қондырғыны қадағалайтын мамандар үйден-ақ тексеріп кетпеске болмай ма?» деген сұрақ туындаған. Бұған Б.Иманқұлов:
-Түсірме есептегіш аспабын тексеретін арнайы зертхана бар. Біздің міндетіміз – газ есептегіш аспапты мерзіміне қарай жарамдылығын тексерттіру керек пе, жоқ па? Соны ғана айту. Ал қалған жұмыстарды әр тұрғын өзі үшін әрі қарай зертханамен бірлесе отырып атқарады. Дегенмен, біз тұрғындардың көтеріп жүрген мәселесіне бейжай қарамай, тексеріс жүргізетін арнайы зертханамен ақылдасып, бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта түсірме есептегіш қондырғының орнына тұрғындар айтқандай, сол үйден-ақ тексеруге болатын аспапты қондыруға жұмыстанамыз. Яғни, ешкім оны түсірткізбей, сол жерден жағдайын қадағалап, жарамсыз болса ауыстыру керек екенін айтатын болады,-деді.
Мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев «Жылыойгаз» мекемесінің басшысына осындай мәселелер бойынша, яғни, газды есепке алу аспабына қатысты ақпараттармен тұрғындарды жиі құлақтандырып отыру туралы ұсынысын айтты. Өйткені үйі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар есептегіш құралын қайта қондыру кезінде кедергілерге тап болғанын, сұрақтарына жауап ала алмай, біраз әбігерге түскенін айтып, ондай мәселелерге жол бермеуге шақырды.
П.ҚИЗАТОВА