«Қырғауыл жүні қызыл екен, құйрық жүні ұзын екен» деп басталатын ертегіні бала кезімізде оқып та, естіп те өстік. Міне, сол ертегідегі құс енді «ертеңі ертегі Құлсарыға» әкелініп, «Киелі мекен – Кең Жылыойға» жерсіндірілмек.
Иә, кезінде қазақ даласының сәні болған әдемі құстың саны кейінгі жылдары азайып кетті. Байтақ даламыздың өзен аңғарларында мекендеген ол бүгінде табиғат қорғаушылары мен аңшы қауымының қорғауында. Сондықтан да еліміздің Алматы, Шымкент, Қызылорда өңірінің арнайы фермаларында өсіріледі екен. Енді ол Жылыой даласына да қанат қақты. Бұл игі іс - аудандағы аңшылықпен айналысатын бір топ жігіттің бастамасы. Табиғат жанашырлары жақында Құлсары қаласына Алматыдан арнайы 40 қырғауылды көлікпен тасымалдап жеткізді. Құстардың 30-ы ұрғашы, 10-ы еркек. Саятшылардың айтуынша, олар жол ұзақ болғанына қарамастан Құлсарыға жеткенше жұмыртқалап үлгерген. Көктемде ұя салып, 8-15 жұмыртқаға дейін басатын тауықтәрізділер тұқымдасы осылайша өткен аптаның сенбі күні Құлсарының солтүстік-шығысында орналасқан Дүйсеке ата қауымы тұсындағы Жем бойына жіберілді.
- Бізде осы өңірдегі саятшыларға арналған «WhatsApp» желісіндегі ортақ тобымыз бар. Міне, сонда «Көбіне қырғауылдар Алматы мен Шымкентте өсіріледі, бірақ неге біздің ауданда да өсіріп, көбейтіп көрмеске» деген ұсыныс туындап, бұл мәселені жиі талқылап жүрдік. Сөйтіп бұл жоспарды жүзеге асыратын уақыт та келіп, біздің саятшылар Алматыға барып, арнайылап өздері алып келді. Ондағы бір құстың бағасы – 10 000 теңге. Қырғауылдар екі күн жол жүріп келіп, екі күн әлденіп, жемін жеді. Жалпы өзі орман, тоғайдың сәні ғой. Өсірем деген жергілікті тұрғындар, әрине, асыраса болады. Балапаны 20 шақты күнде шығады. Және көбіне жиделі тал арасында, өзен жағасында, сондай-ақ адам аяқ баспайтын жерлерде мекендейді,-дейді сәтті аяқталған жоспарлы іс жөнінде өңір саятшысы Асман Есенғожин.
Мамыражай мамыр айында Жем бойына жіберілген құстарды енді арнайы мамандар бақылауда ұстап, олардың оққа ұшпауын қатаң қадағалайды. Бұл ретте қырғауылды екі жыл уақыт ішінде атуға қатаң тыйым салынады. Олардың сырт келбеті жөнінде саятшы Мақсат Әділов:
- Құстардың еркегі мен ұрғашысын айыру өте оңай. Қоразының құйрығы ұзын әрі жолақты, сондай-ақ қауырсындары жылтыр келеді. Басының үсті көкшіл-жасыл, беті қызыл болады. Ал мекиені, яғни ұрғашысының түсі қоңырқай, жер түстес сұрғылт. Олардың қауырсыны көп көзге түсе бермейді, өздерін қорғауға да жақсы. Еркегіне қарағанда денесі шағындау және құйрығы қысқарақ. Міне, осындай әдемі құстарды өңірге көбейту мақсатында алғаш рет әкелдік. Сондықтан аудан тұрғындарынан далаға, саятшылыққа, болмаса демалысқа шыққанда қырғауыл құсын көре қалса, атпауын, тиіспеуін сұраймыз. Себебі біз оларды үлкен жоспармен әкелдік. Өз табиғатымызды өзіміз аялайық,-дейді аудан тұрғындарын сирек кездесетін жан-жануарларды қорғауға шақырып.
Аудан аңшыларының сөзінше, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қоршаған ортаны қорғау негізінде ұйымдастырылған бұл игі іс алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ