Күрмеулі түйіннің бірі – маман тапшылығы

ӨТКЕН ЖҰМА КҮНІ ҚАРА-АРНА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ ЕРБОЛАТ ЕЛЕУСІНОВ ТҰРҒЫНДАР АЛДЫНДА 2021 ЖЫЛЫ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖӨНІНДЕ ЕСЕП БЕРДІ. ОҒАН АУДАН ӘКІМІ ХАЛЕЛ ЖАМАЛОВ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР ҚАТЫСТЫ. ОКРУГ ӘКІМІНІҢ БАЯНДАМАСЫНДА АУЫЛДАҒЫ ХАЛЫҚ САНЫНАН БАСТАП, ТҮРЛІ САЛАЛАРДЫҢ ДАМУЫ МЕН АУЫЛДАҒЫ ОҢ ӨЗГЕРІСТЕР ТУРАЛЫ АЙТЫЛДЫ. ТҰРҒЫНДАР АЛДАҒЫ АТҚАРЫЛАТЫН ЖОСПАРЛЫ ЖҰМЫСТАРМЕН ДЕ ТАНЫСТЫ.

Әкімнің тұрғындар алдында жасаған баяндамасына қарағанда, ауылдың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтеру үшін біршама жұмыстар жасалған. Әрине, әлі шешілмеген, қордаланған, өз кезегін бүгінге дейін күтіп тұрған өзекті мәселелер де жоқ емес.

Жалпы, Жылыойға қарасты ауылдардың барлығына ортақ мәселе бұл ата кәсіп – ауыл шаруашылығының бүгінгі жай-күйі. Ұлы Жемнің аңқасы кеуіп, айдындары тартылғалы, арнасынан су тасымағалы бірнеше жылдың жүзі болды. Ал біздің жердегі егін және мал шаруашылығының дамуы осы Жем суымен тығыз байланысты. Сондықтан Жем бойына шлюз салу жұмыстарын тезірек қолға алса дейді тұрғындар мен шаруалар.

Ауыл азаматтарының сөзіне сүйенсек, осы өзен бойына шлюз салу жөніндегі мәселені тек қараарналықтар ғана емес, тұрғызбалық шаруалар да бірнеше жылдан бері көтеріп келеді екен. Амалдың жоқтығынан суды топырақпен бітеп жүр.

Ал сол қолдан төгілген топырақ Жем өзенінің бойын басып қалып жатыр. Шаруашылыққа судың жетіспеушілігі екі ауыл адамдарының арасында жылда текетірес туғызып келеді. Оның үстіне өзен суын кешіп, ішіп жүретін жылқы малының мәселесі тағы бар. Ал құзырлы мекеме басшылары «бұл жағдайға байланысты қандай да бір нақты заңдылық жоқ, тұрғындар жылқыларына ие болуы керек» деді. Қатысушылардың базынасын бастан-аяқ тыңдаған аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаев тұрғындардың ұсынысына сәйкес, бүгінде Жем бойынан шлюз салатын жерлер нақтыланғанын айтты. Су тасымай тұрып, жуық арада бұл шаруаға кіріскелі отырған көрінеді олар. Өйткені, су келген уақытта оны ұстау қиын болмақ. Бөлім басшысы жиналыс кезінде халықты сүйінші хабармен де қуантып қойды.

-Биыл Жем суы жылдағыдан көп келеді деп күтілуде. Әрі, өзеннің бастау алатын Мұғалжар тауы басында да тоң бар. Қыс біткенше не болары белгісіз. Бірақ, мендегі бүгінгі хабар осылай,- деді Нұртас Әминұлы.

Жарық, ауыз су, жылу мәселесінен бөлек тұрғындар жергілікті «Казпошта» мекемесінің де жұмысын сынға алды. Ауыл тұрғыны, ақын Дүйсенбек Бөкенов өзі жазылған мерзімді басылымдардың уақытында қолына тимейтінін айтты. Аудандық және республикалық бірнеше газет-журналдардың тұрақты оқырманы: «Пошта қызметкерлері басылымдарды уақытылы таратпайды, газет-журналдың нөмірлері түгел келмейді» деп ашуланды.
Одан бөлек, есеп беру жиыны барысында ауылдан шыққан ұлы тұлғалардың, қажылардың, әулие-әмбиелердің, қасиетті адамдардың өмір-дерегін бүгінгі ұрпаққа насихаттайтын жинақтар шығарылса деген де ұсыныс айтылды. Олардың өмірі мен еңбектері тереңінен зерттелсе екен.Себебі, жергілікті халыққа берер олар туралы ақпарат мүлде жоқтың қасы деді ауыл имамы.
Білім саласы мамандарының айтуынша, ауылдағы білім ордасында кадр тапшылығы мәселесі байқалады. «Бізге жан-жақтан келетін мықты мамандар аз емес. Тек мектепте тұрақтап, жылдар бойы жұмыс істеуі үшін бірінші оларды тұрғылықты жерде үймен қамтамасыз ету керек. Ауылда дәрігерлерге, басқа да бірер саланың мамандарына берілген қызметтік пәтер бар секілді. Бірақ, мұғалімдерге мұндай жағдай әлі қарастырыла қоймады. Олар тапқан табыстарына ауылдан үй жалдап тұруға мәжбүр» дейді мұғалімдер. Бұл мәселеге аудан әкімі Халел Жамаловтың өзі жауап беріп өтті. «Ауылға екі үйліктен 4 қызметтік пәтер салынбақ. Біз сол үйлерді беру кезінде білім саласының мамандарына қолайлы жағдай тудыруға тырысамыз. Заманға сай, ішінде барлық жағдайы бар пәтерлер болмақ», – деді аудан басшысы.
Бір сағаттан аса уақыт өткен ауыл әкімінің есебінде тұрғындар тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Мекеме басшылары тиісінше жауап берді. Халық тек ұсыныс-пікірлерін білдіріп қана қоймай, әкім Ерболат Елеусіновтың жасап келе жатқан жұмысына да оң бағасын берді.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521