Құлсары қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының жұрт аузында «ЦОН» аталып кеткен жұмысына үнемі көңілі толмайтын, ыстық күндері ішіндегі қапырық ауасынан қан қысымы көтеріліп, дем ала алмай ауласына кіріп-шығып, табалдырығын тоздырған тұрғындар жоғарғы жаққа шағымын айта-айта шаршады. Бұған бей-жай қарай алмаған аудандық мәслихат депутаттары Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, бақылау жүргізіп көрген еді.
Зерделеу барысында орталықта мамандар санының аздығы, соның салдарынан қызмет алушылардың ұзын-шұбақ ұзақ уақыт кезекте тұруы, компьютерлер мен принтерлердің жетіспеушілігі, ғимараттағы тоқ желісінің ақаулары, әжетхана мен қол жуатын орынның жоқтығы сияқты көптеген мәселелер шаш етектен екені белгілі болды.
«Жығылған – жұдырық» дегендей, оның үстіне орталықта «автоцон» -ның жоқтығы да жүргізушілерді мезі етті. Осыған байланысты тұрғындар автокөлікке қатысты құжаттарын жасақтау үшін Атырау қаласына сабылады екен. Бақылау жүргізген халық қалаулылары Н.Қапанов, С.Қабдрахманова, Е.Асылбековтер сол жердегі тұрғындармен жеке тілдесіп, олардың шағымы мен ұсыныстарын да тыңдады. Депутаттар Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының талапқа сай жабдықталмағанын, жалпы күрделі жөндеуді қажет ететінін көріп, бұл мәселені ауданық мәслихаттың 6-шы сессиясының күн тәртібіне шығарып, қызу талқыға салды.
Расында да, бала жарық дүниеге келген күннен бастап алғашқы құжаты дайындалып, қарт кісі өмірден өткенде соңғы анықтамасы берілетін бірден бір орын – Халыққа қызмет көрсету орталығы. Одан бөлек күнделікті жұмыс уақытында мыңдаған құжаттың дайындалатын орталықтың кез келген адам үшін ауадай қажет екені белгілі. Өкінішке орай, аудан орталығындағы жалғыз Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметіне көңілі толмай жүретін тұрғындарды көп кездестіресіз. Сонда олар қайда бармақ? Ондағы мамандардың тапшылығын айтпағанда, ғимараттың тарлығы мен ескілігі халық саны 90 мыңға жетіп жығылатын жылыойлықтар үшін күрделі мәселеге айналып отыр. Одан бөлек сырттан келетін өзбек, қарақалпақ, орыс, Теңіз кенішіне шетел асып келген өзге де ұлттың өкілдері уақытша есепке тұру құжатын жасату үшін осы Құлсарыдағы орталықтың қызметіне жүгінеді. Ал оның бүгінгі сиқы мынау!
Халық қалаулылары алдында жауап берген Халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының міндетін атқарушы Светлана Сүлейменованың өзі ғимараттың тұрғындарға қызмет көрсетуге қолайсыз екенін жасырмады:
- Ауданымыздағы халыққа қызмет көрсету орталығы орналасқан 2 қабатты ғимараттың жалпы көлемі – 809,5 ш.м. Ол 2017 жылы аудан әкімдігімен қолданысқа берілді. Содан бері онда ішінара жөндеу жұмыстары жүріп тұрады. Дегенмен, күрделі инфрақұрылыммен жабдықталмаған. Ең бірінші айта кететін мәселе – ғимараттың ішкі электр жүйелері толықтай ауыстыруды қажет етеді. Сыртқы кіре беріс дәліздегі баспалдақтары брусчатка тастармен жасалған еді. Сол тастар қайта-қайта үгітіліп, жаңбыр, қар суынан ойылып, түсіп жатыр. Бөлімнің 2-қабатқа көтерілетін баспалдағының да кафельдері жарылып, алынып қалған. Төменгі цокольды қабатта орналасқан әжетхана мен мұрағат бөлмелерінің ішкі құбырлары істен шыққан, оны да жөндеу керек,-деп ағынан жарылды ол.
90-мыңға жуық халқы бар аудан тұрғындарына «ЦОН»-да бар болғаны 24 маман қызмет көрсетеді екен.
Әрине, тозығы жеткен электр тоғынан жаздың аптапты ыстық мезгілінде салқындатқыштардың да «зәбір» көріп, әлсін-әлсін сөніп қалатыны жасырын емес. Соның кесірінен орталық іші қапырық ауаға толады. Оның үстіне, келушілерге сандық талон беретін екіақ маманның үстеліне телміріп кезекте тұратын қарайған халық өзі ыстық, тердің иісі қолқаны қабатын залда қалай шыдап тұрсын?!
Сессия отырысында «ЦОН»- ның қазіргі жәй-күйін хабарлаған баяндамашының сөзіне депутаттар қанағаттанған жоқ. Өйткені, С.Сүлейменова орталық жұмысының жанданып, ғимаратының талапқа сай болуы үшін нақты қандай шаралар қолға алынуы керектігін жеткізіп айта алмады. Сондықтан бұл мәселе кезекті 7-ші сессия отырысында қайта қаралды. Онда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпарациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Атырау облысы бойынша филиал директорының орынбасары Тұрлан Нұржанов қатысты. Бірақ, ол да жарытып ештеңе айта алмады. Тек ғимараттың қазіргі күйімен жақсы таныс екенін, алдағы уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізуге ұсыныс беретінін ғана жеткізді.
Мұндай шығарып салма жауапқа депутат Сәуле Мәмбетова қанағаттанбайтынын айтып, нақты іске көшетін мезгіл жеткенін түсіндірді.
-Бізге қазіргі Халыққа қызмет көрсету орталығының күйі кеткен ғимаратына нақты не істейін деп жатқандарыңыз керек. Яғни ол ғимарат күрделі жөндеуден өте ме немесе жаңа орталық салына ма, оған қанша қаражат бөлесіздер? Осы сұрақтардың жауабы қажет. Бізге «алдағы уақытта» деген сөз керек емес!-деді ашына.
Оған жауап ретінде Тұрлан Нұржанов «Ұсыныстарыңызды басшыға жеткіземін» деп қысқа қайырды. Бұған шыдай алмаған депутаттар жан-жақтан өз ұсыныстарын да алға тартты. Соның бірі - Н.Қапанов ескі ғимаратты жөндей бергеннен гөрі, жаңа ғимарат салу тиімді екенін айтты. Ал әзірге тұрғындарға жан-жақтан қосымша қызмет көрсету үшін шағын орталықтар ашу қажет деген ойларын жеткізді.
Әрине, бұл мәселе енді депутаттардың үнемі бақылауында болмақ. Кезінде «Теңіз мұнайының астанасы» атанып, күні кеше 22 жылдық туған күнін атап өткен Құлсарының еліміздегі бетке ұстар шағын қалалардың қатарында тұрса да, халыққа қызмет көрсету саласының ақсап жатқаны – ауданға сын. Өзіміз ештеңе емес, өзге аймақтың тұрғындары, тіпті шетелдіктердің де ауданға аяқ басқанда, ең алдымен, табан тірейтін бірден бір орталық ғимараттың талапқа сай болмауы өңірдегі мемлекеттік қызмет көрсету сапасына да кері әсерін тигізері сөзсіз. Сондықтан халықтың мұң-мұқтажын ескерген халық қалаулылары бұл проблеманы жуық арада бір жағына шығаруды мықтап қолға алды.
Перизат ҚИЗАТОВА