Күй - шежіре, күй – дастан

Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі аясында өтіп жатқан мәдени шаралар көп. “Кең Жылыой” аудандық мәдениет үйінде халықтық ұлт-аспаптар оркестріне 20 жыл толуына арналған “Күй – шежіре, күй –дастан” атты шығармашылық концерт болып өтті. 

Аудандық мәдениет үйі жанындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрі 2001 жылы 7 қыркүйекте құрылған. Оркестрдің алғашқы көркемдік жетекшісі, әрі дирижері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, республикалық Құрманғазы атындағы конкурстың лауреаты Тынышбек Естаев болса, қазіргі таңда оркестрдің көркемдік жетекшісі, әрі дирижері Талап Балғынбаев. Оркестр қазақтың күй өнерін дамытуға зор үлес қосып, шығармашылық жетістіктерге жетіп келеді. Құрамы жыл сайын жоғары деңгейдегі жас мамандармен толықтырылып келеді.

Шығармашылық кеш Әлімжан Әбілхановтың дирижерлығымен Сыдық Мұхамеджановтың “Шаттық Отаны” күйімен басталды. Кешке келген өнерсүйер көрермен аз болмады. “Нағыз қазақ–қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра” деп бекер айтылмаса керек. Қазақтың киелі домбырасы әр қазақты күй сыңғырымен баурап, жүрегін тебірентетіні белгілі. Шығармашылық концертте оркестрдің орындауымен ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай” , “Қызыл қайың», «Серпер” күйлері дауылдай жөнелді. Жерлес күйші, сазгер Тоқсанбай Құлтумиевтің “Комсомол” күйі де шеберлікпен орындалды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі дирижері Талап Балғынбаевтың дирижерлығымен Айтқали Жайымовтың “Той бастар” күйі шалқыды. Термеші Айбек Қабыланбековтың орындауында “Кең Жылой” әні сахна төрінде қалықтады. Жеке қобызда Айзада Күзембаеваның орындауында “Ақ еркем” күйі орындалды. Сонымен қатар күй жарыс көрермендерді зор әсерге бөледі.

Өнер кешінің соңында аудан әкімі Халел Жамалов сахнаға көтерілді. Ол күйші, домбырашы өнерпаздарды құттықтап, оркестрге шығармашылық табыс тіледі. Халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің алғашқы көркемдік жетекшісі, әрі дирижері, ҚР Мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы конкурстың лауреаты Естаев Тынышбек Байғабылұлын, оркестрдің қазіргі көркемдік жетекшісі, дирижер Балғынбаев Талап Төлепұлын және дирижер Әлімжан Әбілханов Шоматұлын, сонымен қатар оркестрдің өнер иелерін Алғыс хаттармен марапаттады.

kj-shezhire-2

Ұлттық өнерді ұлықтаған Халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің дүркіреп өткен концерті ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық тойына арнаған тартуындай болды. Ұлттың бет-бейнесі, болмысы, жан сыры оның ұлттық өнерімен сипатталады. Ендеше, халқының өнерін паш етіп келе жатқан оркестрдің 20 жылдық тойы тойға ұлассын дегіміз келеді.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521