ӘКІМДЕРДІҢ ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРУ ЖИНАЛЫСЫ ЖЕМ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЖАЛҒАСТЫ. ОҒАН АУДАН ӘКІМІ Х.ЖАМАЛОВ, АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЛАРЫ Ә.ШӘКІРОВ, Н.ҚОНДЫБАЕВ, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ С.ТАЛАСОВ, МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ, МЕКЕМЕ ЖӘНЕ ЖЕРГІЛІКТІ ДЕРБЕС БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫ ҚАТЫСТЫ.
№4 орта мектептің акт залында өткен жиналыста ауыл әкімі Д.Айтпенбет «2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2022 жылға алға қойылған міндеттері» туралы есебін берді.
Бүгінде Жем ауылдық округінде, оған қарасты Тұрғызба, Қойсары, Қараша елді мекендерін қоса алғанда 3555 халық бар .
2020-2021 оқу жылын ауылдағы мектеп 57,8 пайыз білім сапасымен аяқтаған. 5 оқушы облыстық олимпиада мен білім байқауларының, 3 оқушы республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары атанып, жүлделі орындарға ие болған.
«Бизнес-бастау» жобасы бойынша 6 адам оқып, сертификат алса, 2 адам жұмыссыз азаматтарға арналған жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бөлінген мемлекеттік гранттарды иеленген.
Ауылда ауыз су, жылу, тазалық, көше жарығы сынды өзекті мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Сонымен қатар, ауыл әкімінің айтуынша, Тұрғызбада 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы және саябақ пен көше шамдарының салынуы жоспарда бар.
Әкімге алғаш болып залдан сұрақ қойған тұрғын: «ауылда ескі монша бар. Салынған жылы жақсы жұмыс жасап тұрды. Осыдан бір-екі жыл бұрын кәсіпкер жылу қазандығын жөндеп қойып еді. Артынан ол кәсіпкер нысанды «аудандық оқу бөлімінің балансында тұр» деп игеруге бермей қалды. Босқа тұрған нысан бір күні құлап, шіриді. Осыны халық игілігіне пайдалануға беруге болмай ма?» деген сауалын қойды. Ауыл әкімі моншаның күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететінін, кәсіпкердің өзімен сөйлескенін айтты. Алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізді.
Келесі тұрғын: «Жаңадан электр желісі тартылып еді, орта жолда қалып қойды. Соны жаңғыртып, іске асыруын аудан әкімінен сұраймын»,-деді. Бұл сауалға жауап берген аудан әкімі Халел Жамалұлы: «Аталған жұмыстар іске асып жатыр. Жалғыз Тұрғызба елдімекенінде ғана емес, Шоқпартоғай, Ақкиізтоғай, Майкөмген елдімекендерінде де жарық жүйелерін жаңғырту біртіндеп іске асуда»,- деді.
Жем ауылдық округі тұрғындарының басым көпшілігі ауласында мал ұстап, күнін көруде. Тұрғызбалық бір қария «биыл қуаңшылық болған себепті, малдардың саны азайып кеткенін айтып, ауыл шаруашылығына көңіл бөлінсе» деген ұсынысын білдірді.
Тағы бір тұрғын «балаларға жүзу секциясы ашылса» деген ұсынысын айтты. Ауыл әкімі Д.Айтпенбет: «Саябақ салу үшін 1200 шаршы метр жерді архитектура т.б мамандармен бірге қарап, жоспарлаймыз»,- деді.
Округ тұрғындары «Атырау-Жарық» мекемесіне сын айтты. «Жарық сөнсе, келесі 2-3 күнге дейін тоқ болмай қалатын кездері болады. Аудан басшылары, мәслихат депутаттары осы мәселені егжей-тегжейлі қарастыруын сұраймыз» десті олар. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын шаруашылыққа аса керекті су мәселесі де қинайды. Тұрғындар су мәселесі басты назарда болса, мал жайылымы да жақсы болар еді дейді. Жем өзенін бөгеуге болмайтындығын, судың өз бағытымен кету керектігін айтты. Аудан әкімі Х.Жамалов алдыңғы жылы халықтың сұрауы бойынша Қараша елді мекеніндегі шабындыққа су шығарылғанын, субсидия қарастырылып жатқанын, «жұмыс жоқ» дей бергенше ауыл жастарын ауыл шаруашылығына жастайынан дайындап, мал баққан ата кәсібін жалғастырса игі болатынын» айтып түсіндірді.
Жем тұрғындары газ бағасының қымбат екендігін де қозғады. «Жылыойгаз» ЖШС-нің басшысы Ғалым Жақашев «Қазіргі қолданыстағы тариф бойынша газ халыққа әр текше метрі 7 теңге, 68 тиынға сатылып отырғанын, газды жеткізуші «Теңізшевройл» ЖШС-іне ұсыныспен шығып жатқандарын» айтты.
Ауыл тұрғындары «қоқыс уақытында алынбайды, жүк көлігі ескі» деген шағымдарын жеткізді. «Жылыойтазалық» мекемесінің басшысы Б.Әбдрахмановтың сөзінше, осы мекемеде ауылдағы 4 адам жұмыс жасайды. 3555 тұрғынның 2658 тұрғыны келісім-шартқа отырған. Әрбір үйде барлық адам саны бойынша келісім-шартқа отырмаған. Бұдан мекеме жекеменшік болған себепті де, шығын көруде екен. Аудан әкімі келісім-шартқа отырмаған тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Есеп беру жиналысы соңында аудан әкімі Х.Жамалұлы ауыл-кент тұрғындарымен алдағы уақытта да жиі кездесіп тұратындықтарын жеткізді. Президент тапсырмасы да сондай. Жиында айтылған ұсыныс-пікірлерді жан-жақты зерделеп, орындауды аудан әкімі орынбасарларына, бөлім басшыларына тапсырды. Кейбір мәселелерді қоғамдық кеңес мүшелерімен, ауыл ақсақалдарымен бірлесе шешуге балатындығын айтты.
А. МОЛДАШЕВ