.
Жылыой ауданының кешенді даму жоспарына сәйкес, Құлсары қаласында көптеген жұмыстар жүйелі жүзегеасырылып жатыр. Өткен жылғы алапат су тасқынынан кейін тез ес жинап, қалыпқа келген шаһар бұрынғы шырайлы келбетін қайта қалыптастырды. Негізінен, аудан орталығы 2022 жылғы Құлсарының Бас жоспарына енгізілген өзгерістерге сәйкес даму үстінде. Сол уақытта қаланың шығыс жаққа қарай кеңейіп дамитыны айтылған еді.
Расында да шағын шаһардың шығыс бөлігінде орналасқан «Болашақ»ықшамауданына демеушілік көмекпен 100 тұрғын үй салынғалы бұл жерлердің тыныс-тіршілігіне жан бітті. Жаңа баспаналардың барлығына тұрғындар қоныстанып, көшелер тегістей асфалтталып, электер жарығы жүргізіліп, самаладай жарқырап тұр. Газ, ауыз су, тұрмысқа қажетті барлық керек-жарақпен қамтылған «болашақтықтар» жайлы жағдайды жасап берген билік басындағы азаматтарға алғысын жаудырып отыр. Мұнда жеке тұрғын үй салып қоныстанушылар қатары да көбейіп келеді.
-Алдағы уақытта Құлсары қаласының орталығы мен «Болашақ» ықшам ауданына дейінгі аралыққа да көше жарығы жүргізіледі. Бұл қалашықта кварталішілік автокөлік жолдарын салу жұмысы жалғасын табады,-деді аудан әкімі Жұмабек Қаражанов осыған дейін аудандық мәслихат сессиясында депуттар алдында берген есебінде.
Қалада бұдан басқа атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. «Достық» ықшамауданы мен 5-учаске аралығын жалғайтын жаңа көпір пайдалануға беріліп, қазіргі таңда Ұ.Әбдірахманов көшесі мен Махамбет даңғылын қосатын Құрсай өзегінің үстіндегікөпірді қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
Өткен жылы Құлсары қаласында көп қабатты №27 тұрғын үй бұзылып, орнына дене шынықтыру кешені салынды. Сонымен қатар «Береке» ықшамауданында 640 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп, онда №13 оқу ордасы қоныстанды. Білім ошағының ұстаздары мен шәкіреттері оқу процесін биылғы жаңа жылдан осы мектептен бастап кетті. Бұл саладағы жұмыстар жалғыз мұнымен шектелмейді. Құлсарыда №20 мектепке қосымша 180 орындық ғимарат салынып жатыр. Жоба аясында 3 блоктан тұратын жаңа нысан бой көтеруде. Қазіргі таңда барлық үш блоктың екінші қабатында құрылыс жұмыстары жүруде. Мұнда ішкі әрлеу ісі де қатар атқарылып отыр. Учаске басшысы: “Құрылыс қарқынды, белгіленген мерзімге сай жүргізілуде,” – дейді. Бұл жоба оқушылардың білім алу жағдайын жақсартып, орын тапшылығы мәселесін шешуге себеп болады.
Қаланы инфрақұрылымдық дамыту жұмыстары да жүйелі жүргізіліп жатыр. Айталық жаяу жүргіншілер жолын төсеуді"Өмірзақ" ЖШС жүзеге асырды. Қала көшелерін асфальттауды «Казкомсервис», «АВС Лимитед» секілді мекемелер атқаруда. Қазір Құлсарының шеткі учаскелеріне дейін тасжолдар төселіп, Нарынбай батыр көшесінің бойындағы жол да күрделі жөнделуде. Қаланың «Атырау» ықшам ауданындағы қалаішілік 22,2 шақырымдық автокөлік жолдары қайта жаңартылуда.
-Бұдан басқа, Құлсарыдағы әлеуметтік маңызы бар ғимараттар алдына 24 автотұрақ салынып, 11 әмбебап балалар ойын алаңының құрылысы қолға алынды. Көп қабатты ықшам аудандардағы 30 аула абаттандырылып, №1, №8, №9, №16, №18 орта мектептердің аулаларынан спорт алаңдары бой көтереді.Мұндағы көше жақ беттегі бес қабатты үйлердің сыртын қаптау жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, Құлсарының 51,4 шақырымдық электр желілері қайта жаңғыртылып, электрмен жабдықтау объектілері салынып жатыр,-деген еді өткенде аудан басшысы халықпен кездесуінде.
Қазір Құлсарыда жүзеге асып жатқан ең ірі де маңызды жобаның бірі – қала ішндегі Құрсай өзегі мен Қамыскөл көлінің арнасын түп тереңдету жұмыстары. Бүгінде өзектітереңдету жұмыстары басталып та кетті. Бұл жөнінде Жылыой ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жоба аясында жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Бұл міндетті мердігер мекеме -«Сап Инвест» ЖШС жүргізуде. Құрылыс жұмыстары арнайы су үстінде жұмыс жасауға арналған амфибиялық экскаватордың күшімен атқарылып жатыр.
Құлсары қаласын дамыту бағытындағы жұмыстар алға қарай да жүйелі түрде өз жалғасын табатын болады.
Өз тілшімізден