Геофизиктер техникаларын орын-орындарына қойып, әзірлік жұмыстарын жүргізуде.
1974 жылғы 11 қаңтарда Ембі ауданына (қазіргі Жылыой ауданы) қарасты Биікжал поселкесінде мән-мағынасы жөнінен бүкіл КСРО - ны елең еткізген, тарихи оқиға болды. Биікжал аса терең мұнайгаз барлау-бұрғылау экспедициясының «СГ-2» скважинасында 7000 метрлік жобаға жақындағанда апат болып, забойда радиоактивті зат қалады да, одан әрі бұрғылауға мүмкіндік болмайды. Мамандар бұрғыланған 6000 метрге дейінгі тереңдіктегі интервальдардан бірнеше сынақ жүргізуді жобалайды.
Мен ол кезде Ембі аудандық «Ембі» газетінің экономика бөлімі меңгерушісі едім. Редакторымыз Мұңал ағаның інісі Омар Далбаев Оңтүстік Ембі мұнай-газ барлау экспедициясының бас геологі еді, ол да Биікжал алаңындағы сынаққа қатыспақшы екен. Осы тарихи оқиғаны көзбен көріп, репортаж жазуға қызықтым да, «Мені де машинаңызбен ала кетіңіз» деп жалындым. Сынақ Москвадан басқарылады екен, Омекеңе кейін сынақтың есебінің көшірмесін алып беруді, яғни қате кетіп қалмас үшін геологтың тілімен сынақ жайлы материал жазып беруін өтіндім. Бұрын талай бұрғылау алаңдарына бірге шығып жүргенбіз, ол келісті. Шаруамның жеңілдегеніне қуанып кеттім.
Сынақ жұмысын бақылауға бұрынғы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Әбутай Беклиев те келіпті. Енді осы сынақ жөнінде «Биікжал күнделігі» айдарымен берілген «Тұз асты байлығына жол» атты мақаладан үзінді берейін: ...«Мастер Шектібай Бармақовтың бригадасы Биікжалдағы №2 аса терең бұрғылау скважинасын 6000 метрден аса тереңдікте сынауға әзірлеп берді. Ендігі жұмыс геофизик–аттырушылардікі. 11 қаңтардың күні аязды, бірақ ашық болды. Скважина басы - қызу қарбалас. Геофизиктер техникаларын орын-орындарына қойып, әзірлік жұмыстарын жүргізуде. Қуатты «Урал» автомашинасының үстіндегі каротаж кабелінің лебедкасы тарқатылды. Аттыру машинасы әкелінді. Перфоратор да, ондағы жарылыс заряды да - жаңа конструкция.
Забойдағы ерітінді қысымы 900 атмосферадан асатын 6000 метрде жарылыс туғызу оңай жұмыс емес. Бұған бұрын өндіріске қолданылып жүрген перфоратордың бірде-біреуі жарамайды. Сондықтан скважинаны сынауға ВНИИ геофизика институтының Рамен бөлімшесінің мамандары келді. Олар өздерімен бірге «ПР-45» деп аталатын қуатына ешнәрсе тең келмейтін, арнаулы экспериментальды перфоратор ала келіпті.
Скважинаны сынау жұмысына «Казнефтегазразведка» басқармасының мамандары қатысты. Олардың ішінде Батыс Қазақстан геофизика экспедициясы бастығы В.П.Тинакин, аса терең скважинаға қызмет ету үшін ұйымдастырылған арнаулы геофизикалық партия бастығы В.С.Маликов, т.б. бар. Аттыру операциясының жалпы басшылығы «Казнефтегазразведка» басқармасы бастығының орынбасары, басқарманың бас геологі, геология-минерология ғылымының кандидаты Садуақас Құрмановтың қолында.
Сағат күндізгі 11.00. Ұзындығы 14 метрге жететін каротаж кабелімен бірге қуатты перфоратор скважина забойына еппен жіберілуде. Скважина маңында жүрген адамдар өздерінің арнаулы орындарына тұрды.
Сағат 17.00. снаряд негізгі интервальға жақын қалғанда отказ берді, тек бірнеше метр ғана жетпей тұр. Перфораторды негізгі интервальға жеткізу үшін істелген жұмыстардың бәрі нәтиже бермеді. Енді не істеу керек ? Бұл кезде көмекке телефон байланысы келді.
Телефон сымының бір ұшында - Биікжал, бір ұшында – Москва, КСРО Геология министрлігінің барлау жұмыстары жөніндегі басқармасы бастығы В.В.Семенович. Бірнеше минут өткен соң С. Құрманов КСРО Геология министрлігінен снаряд еркін барып тұрған 5902 – 5916 метр интервальды аттыруға «мақұл» деген жауап алды. Геофизиктердің соңғы дайындығы да аяқталды. Ембі аудандық партия комитетінің екінші секретары Әбутай Беклиев қолындағы қызыл жалаушамен белгі беруі мұң екен... каротаж кабелі әлсіз ғана дірілдеді... Биікжалдағы №2 аса терең бұрғылау скважинасының бірінші сынағы сәтті өтіп, келесісіне жол ашылды... ».
Газет бетінде «Биікжал күнделігі» айдарымен мақалалар циклін одан әрі жалғастыру үшін мен Биікжал мұнай барлау экспедициясының инженер-геологтары Балтабек Қуандықов және Келтір Шәненовпен телефон арқылы тығыз байланыста болдым. Балтабектің «Сынау жұмысы жалғасуда» атты мақаласын (№122, 8.10.1974) келтірелік: «Үстіміздегі жылдың апрелінен бастап СГ-2 скважинасының екінші объектісі – 5712-5742 метр аралықтарын аттыруға әзірлік жұмысы жүргізілген болатын. Бұл қабат құмды-сазды жыныстардан құралған. Әзірлік жұмысы аяқталған соң, 13-14 майда перфораторлық аттырулар басталды. Қабатқа ұзындығы 2,5 метрлік перфоратор тоғыз рет, ұзындығы төрт метрлік перфоратор екі рет жіберілді. Аттырудан кейін 5708 метр тереңдікке насосты компрессор тұрбасы жіберілді. Аттыру және тұрба жіберу кезінде мұней-газ белгісі байқалды. 16 май күні скважинадағы ерітінді майға ауыстырылды. Ағыс болған жоқ. Ал скважинаны жуу кезінде мұнай кілегейі бар газды су шықты. Газ түтінсіз және иіссіз жанды. 22 майда скважинадағы суды сыбағалы салмағы жеңіл майға ауыстырдық. Май мен газ ағысы білінбеді. Июнь айында қабатқа екі рет өңдеу жұмысы жүргізілді. Июль айында СГ-2 скважинасының 5712-5742 метр аралығын перфоратырлау қайта жүргізілді. Гидравликалық перфоратор экспедицияның мастерскойында 2 дюмдік насостың компрессор тұрбасынан жасалынды. Ұзындығы - 3 метр. Гидромонитар орнатылған үш тетігі бар. Перфорациялауға АН-700 аталатын қуатты үш агрегат қатысты. Бұл агрегаттар 350-370 атмосфералық қысыммен жұмыс істеді... бұл қабатты сынау жөнінде істелген барлық шаралар нәтиже бермеді... ендігі мақсат 5654-5679 метр аралықтарындағы келесі обектіні аттыру».
Мен 1982 жылы Алматы Жоғары партия мектебін бітіріп, Ембі аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы болып келсем, Балтабек аупарткомда үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы екен. Аз мезгіл Балтакеңмен жұмыстас болдық. Кейін ол «Қазақстанкаспийшельф», «КазахОйль» тәрізді ірі компанияларды басқарып, республика мұнай-газ саласының білікті жетекшілерінің бірі болды. Геология - минерология ғылымының докторы. Ал Келтір Шәненов Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясын, «Гурьевнефтегазгеология» бірлестігін басқара жүріп, жаңа «Қисымбай» кенорнын ашып, пайдалануға берді.
Қазіргі геологияда 10-15 километр тереңдікке дейін жер астын барлап-бұрғылап, мұнай-газ іздеу мәселесі қайта көтеріліп жатқан тұста Биікжал тәжірибесінің республика барлаушыларына пайдаға асары сөзсіз.
Айтуар ӨТЕГЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.