Кәсіптік білімнің көкжиегі

Өткен ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында Кеңес Одағында қарқын алған индустриаландыру науқаны елде жұмысшы мамандығына деген сұранысты арттыра түсті. Міне, осы еңбек нарығындағы бос кеңістіктің орнын толтыру мақсатында сол кезде қайтадан құрылған Ембі (қазіргі Жылыой) ауданының орталығы Құлсары поселкесінен кәсіби жұмысшы мамандарын даярлайтын оқу ордасының іргетасы құйылып, қабырғасы қаланды. 1963 жылы ол алғаш №84 механикалық ауылшаруашылығы училищесі деп аталды. Кейіннен ауылшаруашылығы кәсіптік-техникалық, орта кәсіптік-техникалық училищесі, кәсіптік-техникалық мектеп, кәсіптік лицей болса, кейін 2018 жылдан бастап Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ техникалық колледжі атауы берілді. Бүгінде сол кәсіптік білім ордасы асқаралы 60 жылдың биік белесіне шықты.

Иә, колледж бұл мерейлі тойына үлкен жеңісті жетістіктерімен жетіп отыр. 2007 жылы «Теңізшевройл» ЖШС-нің «Игілік» бағдарламасы аясында 420 орындық жаңа оқу ғимаратына орналасқан колледжде бүгінде 12 мамандық бойынша 475 студент білім алып жатыр. 2022-2023 оқу жылында ауылдық елді-мекеннен қатынап оқитын студенттер үшін 60 орындық жатақханамен қамтылған оқу ордасының материалдық-техникалық базасы жылдан жылға жақсарып келеді. Соның арқасында мұнда мыңдаған жастар білім алып, мықты маман иесі атанып, халық шаруашылығының әрқилы саласында еселі еңбек етіп жүр.

Сондықтан да өткен жұма күні Құлсары қаласындағы «Кең Жылой» мәдениет үйінде өткен «Тарихы терең білім ордасына-60 жыл» атты салтанатты шараның шымылдығы аудандық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы Тоқсанбай Құлтумиевтің әйгілі «Комсомол» күйімен ашылды. Бұл шығарма осы алтын ұядан жыл сайын қанат қағып жататын жалынды жастардың жастық қайратынан, ерік-жігеріндей терең әсер қалдырды. Колледждің өнегелі өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шерткен деректі фильм де осы салада ұзық жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке қалған осы сала ардагерлерінің жүрегінде жылылық ұялатты.

Құттықтау сөз сөйлеген облыстық білім беру басқармасының өкілі Дина Стамғали, аудан әкімі Жұмабек Қаражанов, колледждің алпыс жылдағы асқан асулары мен бүгінгі бет-бейнесі және келешек келбеті жайлы әңгімелеп, жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді. Оқу ордасының дамуына зор үлес қосқан колледж қызметкерлерін арнайы марапатпен ұлығылады. Аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев, аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің өкілі Зоя Назарова, Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Адинов, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы басшысының орынбасары Сырымбек Сәрсембаев және басқалар сөз алып, іргелі білім ордасының өңірдің кәсіптік білім беру саласына сіңірген ерекше еңбегін айрықша атап, бір топ педагогтар мен ардагер-ұстаздарды Құрмет грамоталармен, Алғыс хаттармен марапаттады.

Қорытынды сөз сөйлеген колледж директоры Марат Ибраев оқу орнының ұстаздар қауымын, зейнеткерлер мен ардагерлерді, сондай-ақ кәсіптік білімнің дамуына демеушілік танытып жүрген аудандағы іргелі мекеме-кәсіпорын басшыларын Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің 60 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапаттады.

Кеште ауданның кәсіптік білім беру саласының өркендеуіне үлес қосқан бұрынғы басшы азаматтар мен ардагерлер есімі ерекше құрметпен аталды. Олардың қатарында Әділгерей Қалмағанбетов, Ораз Ибраев, Нарегей Ізбасов, Ағынғали Дүйімбаев, Табылды Бердиев, Жасин Сағиденов, Нұрдәулет Ақназаров, Досмұхан Илиясов, Айтқали Ідірісов, Иманғали Сарқұлов және басқалар бар.

Салтанатты шараны мәдениет үйінің өнерпаздары, ауданға танымал әншілер Жайна Нұрханова, Назгүл Жиенбаева, колледж оқытушысы Ерлан Жиенбаев және басқалар әсем ән мен тәтті күймен өрнектеп, айшықтай түсті.

Айта кету керек, салтанатты шара басталар қарсаңында кеш қонақтары колледждің шеберханасымен танысып, оқу ордасының материалдық-техникалық базасымен танысып қайтты.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521