Кәсіби әскер - ел тірегі

Кәсіби әскер - ел тірегі
Фото: ашық дерек көзінен алынды

Ата-бабамыз – «аттың жалында, түйенің қомында өсіп», бар ғұмырын жауынгерлік жорықта өткізген батыр халық. «Сом білектің күшімен, үшкір найзаның ұшымен» ғасырлар бойына күресіп, жан-жақтан анталаған жаудан қорғап қалған Алтайдан Атырауға, Сарыарқадан Қаратауға дейін созылып жатқан ұлан-ғайыр өлкемізді баһадүр бабалардың мұрасы деп білеміз. Ендеше, атадан қалған ерлік дәстүрін жалғап, осынау кең байтақ даламызға кез келген уақытта қалқан бола білу – ел үшін туған ер-азаматтың басты парызы. Ол үшін жаужүрек жауынгер болу жеткіліксіз. Сардардай сап түзеген мықты сарбаздардан құралған кәсіби армия жасақтай білуіміз керек.

САРДАРЫ МЫҚТЫНЫҢ – САПЫ БЕРІК

Әрине, Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда Қарулы Күштерді жасақтаудағы ұстанған басты бағыт – сан емес, сапада еді. Бұл ретте батыр Бауыржан Момышұлының «Тобыр – армия емес, армия да – тобыр емес» деген тағылымды сөзі көп нәрсені аңғартса керек. Бүгінгі жағдайда санының көптігінен гөрі шағын әрі ұтқыр армия жасақтау маңызды саналады. Сондықтан әскери қызметте өз ісінің кәнігі кәсіби шеберлерінің қатарын көбейту көзделіп отыр. Мұндағы мақсат: Отан алдындағы азаматтық борышын өтеумен шектелетін қатардағы сарбаздан емес, өмір бойы «аттың жалында» жүріп, қол бастайтын сардарлардан тұратын армия құру. Келісім-шарт бойынша әскери қызмет атқару жүйесі енгізілгелі Қарулы Күштердің жеке құрамының 75 пайыздан астамы осы кәсіби әскерлер сапынан жасақталып үлгерді. Ата-бабамыздан қалған ерлік дәстүрін жалғап, өмір бойына жауынгерлік қабілетін шыңдап, кәсіби түрде әскери қызметпен айналысқан сарбаздың даярлығы да өте жоғары көрінеді. Елге қауіп-қатер туындай қалған жағдайда тез шешім қабылдауға қабілетті келеді. Кәсіби армия жағдайының жақсы болуы халықтың Қарулы Күштерге сенімін нығайтып, әскерге тіреу болады. Ең бастысы - келісімшарт арқылы әскери қызмет өткерген жастар, ең алдымен, әлеуметтік мәселелерін шешіп, қоғамда өз орнын таба алады. «Әскери баспана» тәрізді бағдарламалар арқылы баспана мәселесін шешеді.

ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІ БОЛУ ҮШІН...

Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің басшысы Тұрлан Сәденовтың хабарлауынша, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштер қатарына әскери қызметке іріктеу жұмыстары қызу жүргізілу үстінде. Соның ішінде, жоғарыда айтқандай, кәсіби армия қатарында қызмет атқарудың жолы – келісім-шарт арқылы әскери қызметке тұру. Оған 19 бен 30 жас аралығындағы Отан алдында әскери борышын өтеген, денсаулығы мықты ер-азаматтар қабылданады.

-Қазақстанда әскери қызметтің екі түрі бар: міндетті түрде қызметке шақыру және ерікті түрде келісім-шарт бойынша қызмет. Бүнгі таңда, еліміздің Қарулы Күштері негізгі назарды кәсіби әскер қалыптастыруға аударып отыр. Осыған байланысты, келісім-шартқа сәйкес әскери қызметті дамыту – айрықша маңызға ие болды. Бұл ретте келісім-шарт армия қатарында қызмет ету туралы шешімге еріктілер саналы түрде барып, ол міндетті мінсіз орындау жолына асқан жауапкершілікпен қарайтыны хақ. Бұл сөз жоқ, сарбаздар сапының сапалық деңгейін көтеріп, әскердің беделін арттырары анық,-дейді Т.Сәденов.

Бөлім басшысының айтуынша, Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561-VI «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңына сәйкес әскери қызметшілерге көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Олардың мүмкіндіктері мен артықшылықтары мынадай: мемлекеттік қызмет өтілі, мансаптық өсу, тегін және жеңілдікпен оқу, әлеуметтік төлемдер мен кепілдемелер, тұрғын үймен қамтамасыз ету, ай сайын тұрақты ақшалай үлес және қосымша сыйақы уақытылы төленіп тұрады, яғни әскери атағына, атқаратын лауазымы мен сыныптылығына қарай, құпиялылығына сәйкес ақша төленеді. Пәтермен қамтамасыз етіліп, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін жергілікті медициналық мекемелерде емдеу тегін жүргізіледі. Әскери қызметшіге негізгі демалыс беру кезінде екі лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға жәрдемақы төленеді және жылдық еңбек демалысы 30-40 күн болады. Жыл сайынғы негізгі демалысынан басқа қосымша жоғары білім алу үшін және жанұя жағдайына байланысты демалыс және әскери қызметші ретінде балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі мекемелерден кезектен тыс орын беріледі. Әскери қызметші толықтай мемлекеттен қамтамасыз етіледі, яғни ай сайын коммуналдық өтемақы беріледі. 47 жастан бастап зейнетке шыға алады;

-Келісім-шарт бойынша әскери қызмет өткеру жөнінде толық ақпарат алу үшін аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне хабарласып немесе қалалық 5-12- 47, 5-01-69 телефонына қоңырау шалып, мәлімет алуға болады,- дейді Т.Сәденов.

Г. ӨРБІСІНОВА,

әскерге шақыру жөніндегі инспектор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521