Қазақстанның Бразилиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан-Бразилия» достық форумы және Бразилия қаласының Ұлттық кітапханасының қолдауымен Тәуелсіздік күніне орай және «Бразилиядағы қазақ кітапханасы» жобасы аясында Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының қорытынды томы – «Хан Кене» бразилиялық басылымының тұсаукесері өтті. Шараны алғы сөзбен ашқан Қазақстанның Бразилиядағы елшісі Болат Нүсіпов Ілияс Есенберлиннің әдеби мұрасындағы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихының негізгі кезеңдері туралы баяндады.
Қазақстандық дипломат І. Есенберлин өз шығармасында ұлттық әдебиеттік нақышта алғаш рет ұзақ тарихи кезеңдегі қазақтардың тарихын көркемдік тұрғыдан зерделегенін баса айтты. Бразилиялық қатысушылар алғашқы қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихына қызығушылық танытты. Шығарманың дала өркениеті мен ұлттық бірегейліктің қалыптасуын сипаттайтын сол заманның рухын жеткізгенін айрықша атады. І. Есенберлин шығармашылығының Қазақстан тарихындағы маңыздылығы, ұлттық сана мен патриотизмге баулудағы шығармаларының әсері жайлы өз пікірлерімен бөлісті.
Іс-шарада «Қазақстан-Бразилия» достық форумының атқарушы директоры, кітаптың португал тіліне аудармасының авторы Эдельсио Америко Ұлттық кітапхананың директоры Марменья Росарио, Бразилия планетарлық одағының президенті Улиссис Ридель де Резенде, мәдениет пен креативті экономика жөніндегі хатшының орынбасары Фелипе Рамон шығарма туралы жылы лебіздерін арнады. Айта кету керек, трилогияның бірінші томы – «Алмас Қылыш» – бразилиялық жұртшылыққа 2022 жылы, ал екінші томы – «Жанталас» – 2023 жылы таныстырылған еді. Іс-шара барысында «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» тарихи көркем фильмі де көрсетілді.
Өз тілшімізден