Көше толы бұралқы ит

Иә, бұралқы иттерді атуға тыйым салынып, оларды аулау туралы заң шыққалы «бөрібасарлардың» еркінсіп кеткені жасырын емес. Оған әлеуметтік желілердегі түрлі бейнебаяндар мен фотосуреттер куә. Оның үстіне, жақында «Ақжайық» сайтынан «Бұралқы иттерді аулау тоқтап тұр» деген хабар тарағалы аудан тұрғындарынан да маза кетті.

Халықтың алаңдайтын жөні де бар. Өйткені қазіргі қыс мезгілінде ұйыққан иттер көше-көшені кезіп, тұрғындар қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Сайттың мәліметінше, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы ит аулаушы мекемелерді анықтау үшін тиісті қаражат бөліп, «тендер» жариялаған. Негізгі жұмыстар жеңімпаз мекеме анықталған соң жүзеге асады екен. Бұл мақсатта ауданға 8 млн 616 мың теңге бөлінген болып шықты. Біз бұл мәселе жөнінде аудандық ветеринариялық стансасының басшысы Нұрболат Өрбісіновке хабарласып көрген едік.

Ол ит аулау жұмысын бірнеше жылдан бері қала, кент, ауылдық округтер өз алдына бөлек ұйымдастыратынын айтты. Аталған міндеттеме станса басшысының кезінде аудан әкіміне берген ұсынысынан кейін жүзеге аса бастаған. Оның айтуынша, жергілікті әкімдіктерге осы әдіс тиімді. Өйткені олар өз аумағындағы жағдайды жақсы біледі, жылда қанша ит ауланып, қаншалықты қаражат жұмсалатынын да дұрыс есептей алады. Бұл ақпаратты Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Самал Сатышева да растады. Ол қаланың бюджетінен қаражат қарастырылып, мемлекеттік портал арқылы «тендер» жарияланып, ит аулау жұмысы жеңімпаз анықталғаннан кейін басталатынын мәлім етті. Олай болса, басқармадан бөлінетін 8 млн 616 мың теңгені жергілікті жерде кім игермек?

Нұрболат Жексенұлының айтуынша, облыстан қаралған қаржыға «тендерді» басқарманың өзі өткізеді екен. Бірақ аудан үшін бұл тиімсіз болуы мүмкін. Өйткені жеңімпаз өзге өңірден шығып қалса, сырттан келген «мерген» жергілікті жерді білмейді. Сондықтан жұмыстың толыққанды жүйелі жүруіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT