Көше кезген бұралқы ит

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, ауданда 2024 жылдың басынан бастап екі айдың ішінде 20 тұрғын ит пен мысықтан зардап шеккен. Оның ішінде, бұралқы ит қапқан адам саны-6, иесі бар иттер қапқаны-8, жабайы мысықтардың шабуылынан жарақат алған адамдар саны-3, үй мысықтарынан зардап шеккендер саны-3. Ит пен мысықтан зардап шеккен науқастарға арнайы ем тағайындалып, антирабикалық көмек берілді. Екпе шарасынан бас тартқан адамдар тіркелмеді. Ал өткен 2023 жылы барлығы 161 адам жан-жануарлардың шабуылынан зардап шеккен. Оның ішінде, бұралқы иттер қапқандар саны-64, иесі бар иттер қапқан адамдар-79, қалғаны – мысық, жылқы мен түйе малынан зардап шеккен тұрғындар.

«Адамның досы» болса да...

Иә, итті «жеті қазынаның» бірі деп қадірлесек те, бүгінде тұрғындар көше кезіп жүрген төрт аяқты бұралқы иттерден зардап шегіп, құтылудың жолын таппай әлек болуда. Бұл жерде әңгіме аулада байлаулы тұрған асыл тұқымды «құтжолдар» жөнінде емес, көшедегі қоқыс жәшіктерін торуылдап, адам өміріне қауіп төндірген қаңғырған иттер жайында болып отыр.

Қоғам болған соң ондағы пікірлер де әртүрлі болып келеді. Азаматтардың дәл осы бұралқы итке келгенде ойы бір жерден шықпай қалып, сан-саққа жүгіріп, оны құдды бір шешімі табылмайтын күрделі мәселедей көреді. Құлсарының өзінде, ауылдық округтерде болсын аудан басшыларымен өткен алқалы жиындарда дәл осы қабаған иттер мәселесі бір қозғалып өтпей қоймайды. Біреуі иесіз иттердің көшеде тұрғындарға зиян келтіргенін айтса, ауылдық жердегі малбегі ағайындар «қозы-лағымызды жеп кетті» деп жанайқайын жеткізіп жатады. Бұрынғы заманның адамы итті малы мен жанын, үйі мен күйін күзету үшін ұстайтын болса, бүгінгінің жұрты керісінше. «Адамның досы» болса да, балалары мен төрт түлігін арашалау үшін жауапты мекемелерден көмек сұрап, құтыла алмай әлек.

Соңғы уақытта Құлсарының көшелерінде қайтадан қаңғырған иттер қаптап кеткенін байқауға болады. Тіпті әлеуметтік желілердегі қоғам белсенділерінің жеке парақшасынан топтасқан төрт аяқтылардың сауда нысанының ішіне кіруге оқталмақ болғанын көріп, бір күліп алғанбыз. Сол бұралқы иттерге арналған өлеңді де оқығанбыз... Ал таяуда ғана редакциямызға келіп шағымданған қала тұрғыны бұралқы иттер мәселесін тиісті орындарға жеткізуді өтінді. Қаладағы жалпы орта білім беретін мектептің бірінде қызмет атқаратын ер адам жұмысқа жаяу қатынайтынын айтады. Жолда көздері аларып, арсалаңдап, құйрығы бұралаңдап, шұбырып жүретін иттердің сабаққа асығып бара жатқан мектеп оқушыларының біріне бас сала ма деген қорқынышы жоқ емес.

Сондықтан бұралқы ит-мысықтарды аулау, онымен күрес жүргізу жөнінде атқарылып жатқан іс-шаралардың барысын білу үшін біз аудандық ветеринариялық стансаға хабарласқан едік. Ондағы мамандар бұл мәселеге жауапты Құлсары қаласының әкімдігі екенін жеткізді. Жолай әкімдікке қарай ат басын бұрдық.

Қазір елімізде бұралқы ит-мысықтарды бұрынғыдай атуға тыйым салатын «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңның бары белгілі. Яғни олар үй жануары ретінде «өлім жазасына» кесілмейді, тек қана ауланады. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» дегендей, негізі бұл мәселеге қатысты қалың жұртшылық арасындағы келіспеушілік дәл осы заңға қатысты шығып тұр емес пе? Бірі «Жан жануарларды аялайық, өлтірмейік» десе, екіншілері «тегі жыртқыш төрт аяқты хайуанның өмірі, екі аяқты пендеден қадірлі ме» деп ашынады. Ал шындығында, сол бұралқы «бөрібасарларды» қалаға бөтен ешкім сырттан алып келмейтіні тағы белгілі.

Ауланған мың иттің бәрі қауіпсіз бе?

Басқа үй жануарларынан ерекшелігі ит жеті қазынаның бірі ретінде тез көбейеді. Ал ит иелері туған күшіктердің арасынан көбіне еркегін алып қалады да, ұрғашысын үйінен аластап, далаға апарып тастайды. Бауырын көтерген ол күшіктер жетілгеннен кейін көше-көшені кезіп, қоқыс жәшіктерін торуылдайды. Жылдар өте «ұйығып», көбейеді. Қарап тұрсақ, бұралқы иттер өз ішімізден өсіп-өніп жатыр. Ал үлкен қалаларда ондай үй жануарларын арнайы орынмен жабдықталған мекеме қабылдап, торда ұстап, күтіп-бағады. Бізде де сондай арнаулы орын жеткілікті деңгейде жұмыс жасаса, қазіргі жағдайға жол берілмес пе еді мүмкін?

Жалпы Құлсарының көшелерінен мысық пен иттің өлекселерін жиі кездестіруге болады. Көпшілігі аштыққа, шөлге, ауа райының қолайсыздығына шыдай алмай өліп қалып, көшенің әр бұрышында сіресіп жатады. Көлік қағып кетіп жатқаны қаншама?! Ал иесіз иттер көшедегі адамға еріккеннен шаппайды. Аштықтан, лас қоқыспен қоректеніп, уланып, құтырғаннан қабуы мүмкін. Дұрысында, қала көшелерінде бұралқы ит-мысық емін-еркін тайраңдап жүрмеуі тиіс. Мұның барлығы, түптеп келгенде, бұралқы ит-мысықты қадағалайтын мекеме жұмысының әлі жолға қойылмай жатқанын көрсетсе керек.

Бұл жерде тұрғындарды да «сүттен ақ, судан таза» деп айта алмаймыз. Егер заңдылыққа жүгінсек, онда ит пен мысықты ұстаудың арнайы ережесі бар. Бірақ оны барлығы бірдей сақтай бермейді. Басында асырап-баққан «бөрібасарын» кейін қараусыз көшеге қаңғытып жібереді. Бұл да «жығылған үстіне жұдырық». «Халық ит ұстаудың тәртібін сақтаса ғана бұл мәселені біраз ретке келтіруге болады» дейді Құлсары қаласы әкімдігінің қызметкері Ж.Құдайбергенов.

Негізінен, бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Көшедегі қаңғыбас иттерді аулап, тиісті шаралар алу үшін былтыр жергілікті мекемемен келісім-шарт жасақталып, мерзімі 2023 жылдың соңында аяқталды.

Осы жылдың басында құлсарылық мекемемен қайтадан екі айға шартқа отырып, иттерді аулау бағытындағы жұмыстарды солар жүргізіп жатыр. Жалпы деректерге сүйенсек, былтыр жоспарға сай 1000 бас итті аулау жүктелген екен. Бұл жоспар орындалыпты. Ауланған 1000 иттің 387 жойылып, 613-іне кастрация жасалып, екпелері егіліп, мал дәрігерінің кеңесімен үш-төрт күн бақылауда ұсталып, кейін «бостандыққа» жіберілген. Ит аулауға жауапты мекеменің өкілі Ернұр Сәтжановтың берген жауабына сүйенсек, вакцина салынған иттер адамдарға шабуыл жасап, қауіп төндірмейді екен.

Ш.Хамитова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521