Ертең, яғни шілденің 4-і күні Астанада Қала күніне орай жастарға арналған «Qala Fest» фестивалі өтеді. Бұл жөнінде Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Елордадағы «Жетісу» саябағында тұсауы кесілетін қалалық фестиваль - заманауи мәдениетті, экологиялық бастамаларды және кітап оқуға деген сүйіспеншілікті біріктіретін ашық алаң.
Фестиваль бағдарламасы екі негізгі блоктан тұрады. Сағат 16:00-ден 19:00-ге дейін кітап ауыстыру жәрмеңкесі өтеді. Онда әрбір келуші өз кітаптарын әкеліп, басқа қатысушы оқырманмен ауыстыра алады. «Экоалмасу» атты экоаймақта қатысушылар пластик бөтелкелерді тапсыру арқылы пайдалы экологиялық сыйлықтар ала алады. Кешкі сағат 19:00-де қазақстандық танымал орындаушылардың қатысуымен концерттік бағдарлама басталады. Жанды музыка, мерекелік сахна және бірлік атмосферасы қала тұрғындарына ерекше әсер сыйлайды деп күтілуде. Шілденің 5-і мен 6-сы күндері Астана күніне орай қалалық перфоманс фестивалі өтеді.
Қала әкімдігінің мәліметінше фестиваль кезінде Елорданың көшелері, саябақтары мен алаңдары бір үлкен сахнаға айналады. Аты айтып тұрғандай, аталған ауқымды шара аясында қала көшелерімен әртістер шеруі өтеді, ал ашық алаңдарда көше қойылымдары болады.
Екі күнге созылатын үлкен бағдарламаға Астана, Алматы және Мәскеу қалаларынан шығармашылық ұжымдар қатысады деп күтілуде.
Өз тілшімізден