ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫН АЛДЫ

Аудандық статистика бөлімінің деректеріне жүгінсек, биылғы жарты жылдың ішінде өңірімізде құрылыс жұмыстары мен қызметтерінің көлемі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда азайған. Айталық, жыл басынан бері осы салада 235.773 млн. теңгенің жұмысы жасалып, жалпы алаңы 19 513 шаршы метр тұрғын үй салынған. Мұның себеп-салдарын, әрине, көктемде орын алған алапат су тасқынымен түсіндіруге болады.

Десек те, Құлсары қаласында табиғи апаттан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары қолға алынғалы бұл саладағы жұмыстар жаз айынан бастап жандана бастағанын байқауға болады. Өйткені, жоғарыдағы сандық деректердің көпшілігі жеке секторға тиесілі. Жалпы құрылыс жұмыстары бойынша ауданда ілгерілеушілік басым. Оған көп алысқа бармай-ақ, «Болашақ» ықшамауданынан соңғы кездері салынып жатқан 100 пәтерлік тұрғын үйлер құрылысын мысалға келтіруге болады. Онда жұмыс жүргізіп жатқан мердігер мекемелер қатары көбейіп, аймаққа Премьер-Министр Олжас Бектенов келіп, нақты тапсырма беріп кеткелі құрылыс қарқын ала түсті. Нәтижесінде тасқын салдарынан баспанасыз қалған құлсарылықтар осы тамыз айының аяғында-ақ қоныс тойын тойлай бастайды. Бұл жөнінде Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Осылайша жаңа ықшамауданға кезең-кезеңімен 100 отбасы қоныстанатын болады. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Егер осы қарқыннан таймаса, онда айдың соңына дейін, ең алдымен, 80 үй, қалған 20 пәтер қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде.

- Әр үйдің көлемі – 100 шаршы метр, 5 бөлмеден тұрады. Қазіргі уақытта, 81 үйдің қабырғасын қалау жұмыстары аяқталды. 41 үйдің төбе жабындысын жабу жұмыстары жүріп жатыр. 22 үйдің сылақ жұмыстары басталып, 31 үйге электр, 16 үйге су, 16 үйге кәріз желісі тартылды, - деді облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.

Өз тілшімізден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT