.
Жылыой ауданында Құрсай өзегінің түбін тереңдету жұмыстары қарқын алуда. Жалпы ұзындығы 8,8 шақырымды құрайтын арнаның қазіргі таңда 1,8 шақырымы тереңдетіліп үлгерілген. Жоба жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.
Аталған жобаны облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен «Сап-Ин-Вест» ЖШС жүзеге асыруда. Айта кетейік, бұл жұмыс өткен жылы қолға алынған Ұлы Жем өзенін тереңдету жобасының жалғасы болып табылады.
— Бұл жұмыстар 2025 жылдың 1 шілдесінде басталды. Құрсай өзегі 8,8 шақырымға созылып, 300 метрге дейін тереңдетіледі. Қазіргі таңда 22-ге жуық арнайы техника үздіксіз жұмыс жасап жатыр. Жобаны уақытылы аяқтау мақсатында күндізгі және түнгі мезгілде де жұмыстар атқарылуда. Жалпы, жобаның ұзақтығы 4 айдан 6 айға дейін созылады деп күтілуде. Қазіргі таңда үшінші учаскеде тереңдету жұмыстары жүріп жатыр, — дейді Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова.
Биыл тасқын судың алдын алу мақсатында Құрсай өзегіне су жіберілмеген. Соның салдарынан өзек лай мен қамысқа толып қалған. Ал келер жылы Құрсай өзегіне қайта су жіберіліп, Қамыскөл көлінің су қоры толықтырылмақ. Сонымен қатар, көл жағасын нығайту да жоспарға енгізілген.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ