«Көрпеге қарай көсілетін кез келді»

- «Қазгидромет» ақпаратына сүйенсек, аудан орташа тәуекелді аймақтар қатарына еніп тұр. Бұл дегеніміз қауіп бар екендігін растайды. Көктем жақын. Арқаны кеңге салуға болмайды. Өздеріңіз білесіздер, қала сыртында түп тереңдету мен бөгет тұрғызу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Мен бұл тұста бөгетті 3-ші мәрте биіктетуді ұсынып отырмын,-деді аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХVII сессиясында сөз сөйлеген аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрболат Сарманов.

Нұрболат Әлібекұлы өңірде тасқынның алдын алу жұмыстары қатаң қадағалану үстінде екенін баса айтты. Депутаттарды төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен қысқаша таныстырып өткен ол халық қалаулыларының сауалдарына да жауап қатты. Әрине, аудандық әкімдіктің мәжіліс залында өткен аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХVII сессиясында бұдан да басқа мәселе қаралды. Оған аудан әкімінің міндетін атқарушы Н.Сарманов, аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев, дербес бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібіне мәслихаттың 2024 жылғы №25-1 шешіміне өзгеріс енгізу мәселесі қойылды. Соған байланысты аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Дүсіпова хабарлама жасады:

- Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміне қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеті мен шатырына күрделі жөндеу жұмыстарын жалғастыруға, кәріз айдау станциясына күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтауға, ауылдық округтердің электр желілері мен көше жарықтарын жаңарту үшін қаражат бөлінгелі отыр. Сол секілді аудандық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөліміне округтердегі автомобиль жолдарын қайта жаңартуға, «Атырау» ықшам ауданындағы көп қабатты үйлердің кірме жолдарын аяқтау үшін, су тасқынынан зардап шеккен көпірді қайта қалпына келтіру жұмыстарына да қаражат бөлу жоспарда бар. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің жер кадастрлық құжаттарын дайындау жұмыстарына, өңірдегі газ құбырлары мен құрылысына техникалық қызмет көрсетуге де қаражат қарастырамыз. Биыл атқарылатын жұмыс көп. Сәйкесінше қаражат та тиісті орнына жұмсалады,-деді.

Бұдан басқа халық қалаулыларын өзге де бөлімдерге тиесілі қаражат хақында хабардар етті. Бұл тұста мәселеге байланысты ой өрбіткен депутаттар мінберге шығып сөз сөйлеп, бюджет шеңберінде ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Оның ішінде депутат Бекет Құлбаев:

- Жанар Амангелдіқызы көптеген мәселелерді қозғады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, көрпеге қарай көсілетін кез келді. Расымен де, бюджетті сәл де болса үнемдеуді өзімізден бастауымыз керек деп есептеймін. Сол үшін бөлім басшысы айтқандай, көлік қажет ететін бөлімдерге арзан маркалы автокөліктерді қарастыруды ұсынғым келеді. Одан бөлек келесі сессиядағы баяндамаларды презентация арқылы көрсетсеңіздер әлдеқайда түсінікті әрі жеңіл болар еді. Ауданның дамуы үшін бірігіп жұмыс жасап жатырмыз. Бюджет қаржысын оңды-солды жұмсамай, ең маңызды деген істерді шешуге бөлсек, нұр үстіне нұр болар еді,-деді.

Сессияның күн тәртібінен бөлек өзге де мәселелер сөз болды. Әсіресе, халық қалаулыларының шалған қоңырауына жауап бермей, жұмыс уақытында орнынан табылмайтын бөлім басшылары да сын садағына ілікті. Оларға тиісті ескерту берілді.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT