Өткен жылы ауданымыздағы табиғи апат салдарынан «Достық» ықшамауданындағы Ерболат Омаров және Келбатыр Төлесінов көшелерін қосатын автомобиль көпірі жарамсыз болып қалған еді. Қазір көпірді қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Күрделі жөндеу аяқталса, аудан тұрғындарын алаңдатқан мәселелердің бірі оң шешімін табар еді. Бұл іспен мердігер мекеме “ҚазАлем” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысып жатыр.
Құрылыс қыркүйек айында басталуы қажет еді. Бірақ тұрғындарды байланыс, интернетпен қамтып отырған телекоммуникациялық желінің көпір астымен өткізілуі бұл іске кедергі келтірген. Желіні көпірдің жоғарғы бөлігімен жіберу үшін құрылысшылар қажетті материалдарды да ұзақ күтіп, іс баяу жүрді. Бұған қатысты туындаған мәселе былтыр желтоқсан айында толық шешіліп, жұмыс та сол кезде басталды. Бұл жөнінде мердігер мекеменің өкілі Дауылбай Кемалов:
- Жұмысты желтоқсанның 12-сінен бастадық. Оған дейін телекоммуникацияны жүргіздік. Және құрылыс жүргізуге қажетті қосымша жолдар мен материалдар түсіретін орындарды дайындап, жұмыс қыстың алғашқы айынан бастап қызды. Бірінші кезектегі жұмыстардың бірі жер қазу болды. 5 метр жер қазылғаннан кейін жердің ылғалды бөлігі көрініп, су шықты. Қазір осы суды меңгеру жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ көпірдің іргетасын құюға жақындадық. Одан әрі жұмыс бағаналар құрумен жалғасады. 10 бағана бар. Ең көп бетон осыларда, сол үшін қол ұстауы мүмкін. Жұмысты наурыздың басында бітіргіміз келеді. Солай жоспарлап отырмыз. Сондықтан қазір күндізгі мезгілде көбірек, яғни 10 сағаттан жұмыс жасап жатырмыз. Ал үлгермей жатсақ, түнгі уақытта да жұмыс жасаймыз деп отырмыз,-дейді өз сөзінде.
Құрылыс жұмысына қажетті материалдың көпшілігі Ресейден жеткізіліп жатыр. Отандық өнімдер де бар. Бүгінде көпірді қайта қалпына келтіру үшін 40 адам жұмылып, 20 техника пайдаланылуда. Алайда уақытша қажетсіз техникалар құрылыс алаңында орын алмау үшін жұмыс барысынан тек екі ғана жүк көтергіш кранды көруге болады. Қазіргі таңда 4 күзетші кезегімен құрылыс алаңын күзетіп, іс қарқынды жалғасуда.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ