Көпірге қауіп төнді

Кешелі бері Жылыой ауданының тұрғындары үрейлі күйге түсті. Түнімен көз ілмеген жұрт әлі де болса алаңдаулы. 3 сәуір күні сағат 12-лер шамасында Құрсай өзегінің бірқатар жерлерін аралап, жағдайды бақылап қайттық. Қауіп беті сейілмеген, кей жерлерде әлі де дабыл қағатындай жағдай орын алған.
Соның бірі – қаланың қақ ортасындағы Ұ.Әбдірахманов көшесіндегі қос бірдей автокөлік көпірінің тұсы. Мұнда өзек арнасы суға лық толы. «Достық» ықшамауданы мен 5-учаске арасындағы көпірдің де жағдайы мәз емес. Әлеуметтік желі арқылы көпірдің су шайған шеткі бөлігінің асфальты жарылып, құлау қаупінде деген ақпараттар да түсті.

Дегенмен, су тасқынының алдын алуға арналған жедел штаб өкілдері мен еріктілер тынымсыз жұмыс жасауда. Ал, қаланың 3,5-ықшам аудандары маңындағы Құрсай жағалауындағы жағдай қалыпты. Атырау қаласындағы әскери бөлімінен келген сарбаздар қол ұшын созып жатыр. Жалпы саны 50-ге жуық сарбаздар қапшықпен топырақ төсеп, бөгеттерді биіктетуде. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Қобылан Кенжебеков:

-Бүгінгі күні қауіпті деп 4 аймақ танылып отыр. Олар: Шоқпартоғай, Тұрғызба және Ақкиізтоғай ауылдары мен Құлсары қаласы. Бірақ, қазір Ақкиізтоғайдағы жағдай бір қалыпқа түсті. Ондағы штаб өкілдері толыққанды жұмыс жасап жатыр,- деді өз сөзінде.
Көптеген жұмыстар атқарылып жатыр десек те, әлі де болса арқаны кеңге салуға болмайтыны су екпінінен көрініп тұр. Сондықтан, тасқынның беті қайтпай босаңсуға жол жоқ.

Ерназ Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521