Қаланың әр бұрышы — үнсіз сөйлейтін шежіре. Бірі — жаңғыру жолындағы жаңа нысан, бірі — уақыт сынынан өткен ескі ғимарат.
Осындай сәттерде шағын шаһар тынысын өз көзімен көріп, атқарылар жұмыстарды көкейге түйіп қайту - әр басшының азаматтық міндеті. Өйткені қазіргі Құлсары қаласы қарқынды құрылыс алаңын көзге елестетеді. Жасалып жатқан жұмыс көп, жоспар одан да асып түседі.
Кеше дәл осындай мақсатпен аудан әкімі Жұмабек Қаражанов аудан орталығында құрылыс жұмыстары жүріп жатқан бірқатар нысандарды аралап, жай-жапсарымен жете танысты. Әкіммен бірге жауапты бөлім басшылары мен тиісті сала мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бірге болды.
Аудан әкімі, алдымен, қаланың Ұ.Абдрахманов көшесі мен Махамбет даңғылын қосатын жаңадан салынып жатқан Құрсай өзегінің үстіндегі көпір құрылысының қарқынын көзбен көріп, жай-жапсарын біліп қайтты. Жұмыстың жайымен танысқан аудан басшысы көңілді көншітпеген тұстарына сын-ескертпелерін айтып, кеткен олқылықтарды реттеуді қатаң тапсырды. Себебі бұл құрылыс аяқталуы тиіс мерзімінен бір айға кешіктіріліп келеді екен. Баяу жүріп жатқан құрылысты көрген аудан әкімі Жұмабек Қаражанов ренішін білдіріп, тездетіп уақытынан қалмай нысанды іске қосуды тапсырды. Тіпті, сол жердегі жауапты басшыларға мердігер мекеменің бас директорын ауданымызға шақыртуды талап етті.
Одан кейін аудан басшысы Құрсай өзегінің үстінен салынып жатқан И.Тайманов көшесіндегі көпірдің құрылысын да көзбен көріп қайтты. Бірақ бұл жердегі жағдай өзгерек. Әкімге тікелей есеп берген мердігер мекеме мамандары құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын, алдағы күндері түнгі ауысымда да қызмет ететінін жеткізді. Сол жердегі техникалық бақылау маманы Бағытжан Маханжаров та бұл сөздерді растап, тіпті, жаңа көпірді уақытынан бұрын тапсырып қалуымыз мүмкін дегенді айтты.
Көпір құрылысынан бөлек Жұмабек Байрақбайұлы тиісті бөлім басшыларымен бірге қаланың өзге де бөліктерін аралап шықты. Әсіресе, өткен жылы көктемгі тасқын су астында қалған ықшам аудандардың тазалығына баса мән беріп, кеткен кемшіліктері үшін жауапты мамандарды қатаң сынға алып, тез арада тазалық жұмыстарын ретке келтіруді тапсырды. Бұл ретте Сырым Датұлы көшесінің бойын көгалдандырып, екпе ағаштарды көбейтіп, жасыл желекке бөлеу керектігін де қаперге берді. Қаланың 2-учаскесінен бастап, Қамыскөл көлінің арғы жағалауындағы «Береке» ықшам ауданына дейін жіті бақылап шыққан аудан әкімі өзінің қол астындағы қызметкерлерге тиісті тапсырмалар беріп, аз уақыттың ішінде олқылықтардың орнын толтыру керектігін қатаң ескертті.
Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов бұған дейін Құлсарыдағы «Атырау» ықшам ауданында салынып жатқан жаңа «Жайлы мектеп» құрылысы мен былтыр суға кеткен қаланың орталығындағы №5 Абай атындағы білім ошағының күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. Бұл жөнінде аудан әкімі өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында былай деп пікір қалдырды:
- Алдымен, «Атырау» ықшам ауданында салынып жатқан жаңа мектептің құрылыс жұмысымен таныстым. Қазіргі таңда ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекемеге нысанды сапалы әрі уақытылы тапсыруды жүктедім. Сонымен қатар №5 Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектептің қазіргі жағдайын көріп қайттым. 300 орындық жаңа ғимарат оқушылар игілігіне берілген еді. Бірақ көктемгі су тасқыны салдарынан күрделі жөндеуден өтуде. Бүгінде ішкі жұмыстардың басым бөлігі аяқталған. Ал сыртқы жұмыстар – тал егу, балалар ойын алаңын салу сияқты міндеттер жаңа оқу жылы басталғанша аяқталмақ. Учаске басшысына нысанды 1 қыркүйекке дейін толықтай дайындап, қайтадан балалар игілігіне пайдалануға беруді ескерттім.
Иә, қала тірі ағза секілді. Уақытылы күтім мен назар болмаса, жүйесі әлсірейді, тіршілігі тұйықталады. Ал аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың шағын шаһар ішіне жасаған бұл сапары сол тіршіліктің тамырын ұстап, жүрегінің қалай соғып тұрғанын көзбен көріп, қолымен ұстаған іспетті болды. Әр көшеде – жауапкершілік, әр тапсырмада талап бар. Әкімнің әрбір қадамы – ел сенімінің салмағын сезінген азаматтың көрінісі. Ал сол сенімді ақтау – бүгінгі бастаманың, ертеңгі нәтиженің айнасы болмақ.
Е.АХМЕТКӘРІМОВ