Иә, бұл – «Байтақ» жасылдар партиясының кезекті игі ісі. Кезекті дейтініміз, бұған дейін де бұл партияның аудандағы мүшелері 5 отбасының үйлі болуына себептігін тигізген-ді. Тек экологияның ахуалын ғана емес, қара халықтың жайын да ойлаған азаматтар бұл жолы қосшағылдықтарды баспаналы етті.
Тыңдаудан кейінгі түйін
Ел экономикасына шетел инвестициясы кеңінен тартылып, бірлескен кәсіпорындар көбейе түсті. соңғы кездерде экология саласы екінші орынға ысырылып қала береді. Экономиканың негізі өнеркәсіп десек, осы сала қарыштап дамыған сайын, аудандағы экологиялық ахуалға түсер ауыртпалық соғұрлым ауырлай түсетіні белгілі. Бірақ оған шетелдік инвесторлар аса бас ауыртпайтын секілді. Жылыойға келеді, белгілі бір кен орнын игеру үшін қоғамдық тыңдау өткізіп, жергілікті жұрттың келісімін алады да, кәсібін дөңгелентіп жөніне кетеді. Ал қоршаған ортаға тиетін күллі зиянның зардабын тартатын аудан тұрғындары. Олар өнеркәсіптің кесірінен бүлінген лас ауаны жұтып қала береді. Бұл мәселе «байтақтықтардың» басын ауыртқалы қашан?! Сондықтан осы жолы «жасылдар» есе жібермеуге тырысты.
Қыркүйек айында Қосшағыл ауылдық округінің мәдениет үйінде «Матин Петролеум» АҚ-ның қоғамдық тыңдауы өткен еді. Онда компанияның «Көкарна-восточная» кен орнын игеру жобасының қоршаған ортаға ықтимал әсерлері туралы есебі тыңдалған-ды. Оны сол кездегі ауыл әкімі Саян Баселов, аудандық мәслихат төрағасы Қанат мыңбаев, «Байтақ» жасылдар партиясының аудандағы мүшелері мен белсенділері, қосшағылдықтар тыңдады. Талқылаудан кейін партия мүшелері тыңдау өткізген компанияға ұсыныс тастады. Нақтырақ айтқанда, Қосшағыл ауылындағы көпбалалы отбасыларға үй алып беруін талап етеді. Онсыз «жасылдар» партиясы кен орнын игеруге келісімін бермейтінін жеткізеді. Осыған орай қоғамдық тыңдау кейінге қалдырылады. Себебі, жергілікті азаматтар айтқан ұсынысқа компания тарапынан нақты жауап бере алатын басшы болмай шығады.
Игі бастаманың игілігі
Бірнеше күннен кейін қайта өткізілген қоғамдық тыңдауға «Матин Петролеум» АҚ-ның бас директоры Жон Чао деген қытайлық азаматтың өзі қатысады. Жон Чао партиялықтардың айтқан ұсынысын қабыл алғанын айтып, алдағы уақытта Қосшағылда тұратын екі отбасыға пәтер алып беруге уәде береді. Көп ұзамай, яғни 15 күннің ішінде көпбалалы ауыл тұрғындары баспаналы болады. Олар 6 перзенті бар Мәслихат Мұстафин мен 9 балалы әке Қайрат Күзекеновтер еді. Қуаныш иелеріне Қосшағылдың ішінен барлық тұрмыстық жағдайы жасалған жаңа үйлерді сатып алып берген екен. Әрине, оған тек қоныс тойын жасаған қос жанұя ғана емес, бүкіл ауыл тұрғындары қатты қуанды.
«Байтақ» жасылдар партиясының бастамасымен іске асқан игі бастамаға партияның Атырау облысындағы төрағасы Руслан Күмісқалиев те атсалысты. Ол партия мүшелерімен бірге пәтерлі болған жаңа қоныс иелерінің үйіне қонаққа барып, шаңырақ шатығын бөлісті, арнайы сыйлығын табыс етті. Үйдің іші құтқа толуын тілеген Руслан Күмісқалиев қос отбасына «Смарт» маркалы түрлі түсті теледидарды сыйлады.
- Қазір балалар кішкентай болған соң білінбейді. Ертең ұлдар ер жетеді, қыздар бой жетеді. Міне, сол кезде әркімнің жеке бөлмелері болуы керек. Сондықтан осындай көпбалалы отбасыларға үлкен үй керек болады. Әсіресе, тұрып жатқан үйі ескі, оны алуға қаражаты жоқ жандарға көмектессек, біздің қоғам алдындағы азаматтық парызымыздың орындалғаны деп есептеймін,-дейді «Байтақ» жасылдар партиясының аудандық ұйымының төрағасы Аманжол Жарекенов.
Қытайлық компания алдындағы «жасылдардың» талабы жалғыз мұнымен шектелмеді. А.Жарекенов бастаған партия белсенділері «Матин Петролеум» АҚ-на Қосшағыл ауылдық округінің аумағына 1000 тал егіп беруін сұраған. Ол да алдағы уақыттың еншісінде шешілетін мәселе. «Мұндай игілікті істер онымен тоқтап қалмайды» дейді партия мүшелері. Олар алдағы күндері жағымды жаңалықтар көбірек болатынына сенімді.
Перизат ҚИЗАТОВА