Көпбалалы әке тасқында құлаған үйін қайта тұрғызып алды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі», - деген еді.
Айтқандай, табиғи апат салдарынан зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғындарына мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Иә, Үкімет үміттенген халықтың үдесінен шығып, көктемгі тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың материалдық шығындарын өтеп берді. Ауданда да үйлері су астында қалған азаматтардың дені мемлекет бөлдірткен қаржыны жеткілікті мөлшерде алып, жаңа қоныстарын соғуды бастап кетті. Солардың бірі -құлсарылық Нәсіпбай Сағымбаев.

 

Айта кету керек, аудандағы жергілікті билік өз тарапынан тыңғылықты жұмыс атқарды. Дегенмен, мәселесін әлі шеше алмай жүрген жандар да баршылық. Бірақ, бүгінгі кейіпкеріміз Нәсіпбай Сағымбаев өзгелер құсап, әкімдіктің табалдырығын тоздырып, арыз жазып алтын уақытын сарп етіп жүрмеді. Мемлекеттен бөлінген 22 млн. теңге ақшаны шашау шығармай, бел шеше іске кірісіп кетті. Сөйтіп 1989 жылдан бері тұрып келе жатқан ескі үйі тасқын кезінде опырылып құлап қалғанда жігері жасымай, орнына жаңадан үй салып алды. Бүгінде құтты қонысына біртіндеп бұрынғы берекелі тіршілігі қайта оралып жатыр.

4-ауылдағы Бекбике көшесінің тұрғыны мемлекет берген қаржыны қанағат тұтатынын және алғашқы ұсынылған бағаға бірден келісімін бергенін айтады. Негізінен, осыған дейін тұрып келген қара шаңырағы самантастан қаланғасын қабырғасы сөгіліп, құлап, тұруға мүлдем жарамсыз болып қалған. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауласының ішінен іргетасын құйдырып қойған жаңа пәтерін мемлекет берген өтемақы есебінен аз уақыттың ішінде тұрғызып, бала-шағасымен сол баспанасына қоныс тепті.

-Су тасқыны кезінде ең бірінші уайымым - балаларымның баспанасыз қалуы еді. Дегенмен, Үкімет басындағылар ол уайымның бұлтын сейілтіп, мемлекет кеткен шығынды өтеп берді. Алғашқы ұсыныстан-ақ көңілге қонымды баға айтқасын, бірден келісіп, жаңа құрылысты бастап кеттім. Дәл қазіргі сәтте үйдің кейбір ішкі жұмыстары ғана қалды. Және өзекті мәселенің бірі - қалтамызға салмақ салып отырған газ мәселесі ғана. Осыған дейін қаншама рет «Жылыойгаз» ЖШС-іне айтқанымызбен, әлі үйімізге көгілдір отын қоспай отыр. Алдағы жылыту маусымына дайын болмай қала ма деген қорқыныш та бар. Одан бөлек, күнделікті ас-суымызды дайындау үшін газ баллонды пайдалануға тура келіп тұр. Ал, ол күн сайын пайдаланғасын қалтаға салмақ салары сөзсіз. Көгілдір отынмен тез арада қамтамасыз етсе, нұр үстіне нұр болар еді,-дейді Нәсіпбай Сағымбаев бізге мұңын шаға.

Ауданда техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың жарияланғанына, міне, 4 айдан астам уақыт өтті. Бұл - бұзылған қаланы қалпына келтіру үшін жеткілікті уақыт. Бұл жерде Н.Сағымбаев секілді дау-дамайда ісі жоқ, қанағатшыл қарапайым азаматты құзырлы орган басшылары қолдап, қолдан келгенше көмектесіп, өзгелерге үлгі ете білуі керек. Өйткені, Нәкең - бес баланың әкесі, көпбалалы отбасының асыраушысы. Оның үстіне, мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты жандар - ағасы мен інісін де қоса бағып отыр. Өзгелер секілді өзге өңірге қоныс аудармай, әкесінен қалған қара шаңырақты тастап, туған жерінен кеткісі жоқ.

Ендеше, газ мекемесінің басшылары «Қыс шанаңды жаз сайла» деген қағидалы сөзді бетке ұстаған атпал азаматтың отбасылық мұқтажын ескеріп, қолжетімді бағаға көгілдір отынын қосып берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Ерназ Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT