Көп балалы ана

Қазіргі заманда көпбалалы ана болу — нағыз ерлік. Мұндай отбасы — қоғамның ырыс-құты десек, біздің ауданда төрт және одан да көп перзентті өмірге әкеліп қана қоймай, елімізге адал қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер де бар. Соның бірі - Салтанат Дүйсенова. Ол - Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы.

Салтанат Мақсотқызы - 1979 жылы 28 желтоқсанда Жем ауылдық округінің Тұрғызба ауылында дүниеге келген. Тұрғызбадағы №4 орта мектепте білім алып, оны 1996 жылы тәмәмдады. Алтын ұядан қанат қаққан жас түлек Атырау мұнай және газ институтына түсіп, инженер-құрылысшы мамандығы бойынша білім алып шықты. Оқу ордасын 2001 жылы аяқтаған Салтанаттың алғашқы еңбек жолы «Қазақавтодор» кәсіпорнында басталды. Кейін 2008-2019 жылы аралығында аудандық құрылыс бөлімінде инспектор болып абыройлы қызмет атқарады.

Қазіргі уақытта Құлсары қаласы әкімі аппаратында бас маман болып еселі еңбек етіп келе жатқан Салтанат Дүйсенова өз міндетін мінсіз атқаруға тырысып келеді. Осы салада мемлекеттік қызметкер ретінде жақсы қырынан көрінген ол басшылардың өзіне сеніп тапсырған жұмысын тыңғылықты орындайды. Біраз тәжірибе жинақтаған бас маман өзінен кейінгі жас қызметкерлерге ақыл-кеңесін де аямайды. Тәлімгер бола жүріп, әр істі асқан жауапкершілікпен, тиянақты орындауға үйретеді.

2003 жылы шоқпартоғайлық Абат Құлғариевпен дәм-тұзы жарасып, шаңырақ көтерді. Қазіргі таңда, екі қыз, төрт ұл тәрбиелеп отырған үлгілі жанұя иесі. Көпбалалы ана атанған Салтанат Дүйсенова «Күміс алқа» иегері. Бүгінде қос қызы студент, Ақтөбе қаласында оқиды. Екі ұлы жастайынан спортпен айналысады. Спортшы ұландары республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі дүбірлі додаларға қатысып, бақ сынап, жүлделі орындарды қанжығасын байлап жүр.

Өнегелі отбасының ұйтқысы, «Күміс алқа» иегері Салтанат Дүйсенова өзі де еңбексүйгіш, міндетін мінсіз атқаратын мемлекеттік қызметкер ретінде кейінгі толқын әріптестерінен де осындай жауапкершілікті талап ететін жан. Ал отбасында қазақтың салт-дәстүрін жалғайтын сыйлы келін, асыл жар, аяулы ана да бола білді.

П.Түркенбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521