Қосшағылдықтарды толғандырған жайттар

«Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының кен алаңдарында қолға алынғалы жатқан барлық 16 жобаны жүзеге асыру барысында технологиялық шешімдерді қатаң бақылауға алатын болады. Нақтырақ айтқанда, құрылыс жұмыстары кезінде герметизациялық бақылауды орнату, тоқсан сайын осы жұмыстардың есебін алып отыру, шаң-тозаңды болдырмау үшін су шашу жұмысын тұрақты жүргізіп, құрылыстан шыққан артық қалдықтарды дер кезінде тиісті орындарға апарып төгу, залалсыздандыруға жатпайтын қалдықтарды арнайы контейнерлерде сақтап, оны тиісті орындарға уақытылы тапсырып, химиялық реагенттерді су көздерінен алшақ ұстау, жанар-жағармайдың топырақ жамылғысына төгілмеуін қатаң қадағалау секілді сақтық шараларын басты назарда ұстайды.

Бұл Қосшағыл ауылдық округінде «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ұйымдастыруымен өткен кезекті қоғамдық тыңдауда мамандардың жергілікті тұрғындарға берген уәдесі.Қосшағылдықтармен ұйымдастырылған бұл басқосу «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұңғыманы қазу, кен орнын жайластыру жұмыстарына экологиялық келісім алу мақсатында өткізілген еді.

Әрине, ауыл халқының алдындағы берген мұнайшылар уағдасының қаншалықты орындалатынын уақыт көрсете жатар. Негізінде, қосшағылдықтарды шақыртып өткізген қоғамдық тыңдаудың күн тәртібіне 16 жобаның ішінде көптеген жұмыстар жасалуы керектігін көрсетті. Тарқатып айтқанда, басқарма «С.Нұржанов кен орнындағы жанармай құю стансасына автожол салуды», «Прорва МДӨЦ өрт сөндіру жүйесін реконструкциялауды», «Қарсақ кен орындарына 100 орындық асхана салуды», С.Нұржанов, Досмұхамбетов, Ақтөбе, Батыс Прорва кен орнында ұңғымаларды көлденең қазу мақсатында және Ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бағытында жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл жобалардың барлығы да биылғы жылы аяқталып, іске қосылуы тиіс екен.

Мамандар мәселені жан-жақты түсіндіріп, уәдені үйіп-төксе де жергілікті жұртшылықты жобаның экологиялық ахуалға әсері қатты алаңдататыны анық. Сондықтан қоғамдық тыңдау кезінде ауыл тұрғындары құрылыс жұмыстарында қоршаған ортаға тигізер зияны туралы өз сауалдарын ортаға салды. Қосшағылдықтарды алаңдатқан бұл мәселелерге ембілік мамандар барынша тұшымды жауап беруге тырысты.

-Экология талаптарын сақтау, қоршаған ортаға зиянды әсердің барынша аз болуын жіті бақылауда ұстау – компанияның ең басты басым бағыттарының бірі. Бұл ретте аталған өндіріс алаңдарында қоршаған ортаны сақтау шараларына қатысты арнайы жоспар құрылып, оның орындалуына баса мән беріледі,-деді мамандар.

Қосшағыл халқын толғандырған басты мәселенің бірі - ауылды көгалдандыру шаралары. Оған да «Ембімұнайгаз» АҚ мамандарының жауабы дайын болды. Компания көгалдандыру шараларына жыл сайын қомақты қаражат аударып келеді екен. Көшет отырғызу, оны күтіп, баптау, керекті құрал-жабдықтармен қамту жүйелі түрде жүзеге асуда. Осы орайда «көгалдандыруға арналған жер телімін жергілікті атқарушы орган бекітеді, жергілікті әкімшілік ұсынған жерге ғана көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге құқылымыз» деген компания басшылығы мұнай-газ өндіру басқармалары орналасқан төрт ауданда түгелдей көгалдандыру жұмыстарын жүйелі жүргізіп келе жатқанын жеткізді. Биыл Қызылқоға, Мақат, Жылыой, Исатай аудандарының әрқайсысына 20 га жер бөлініп, жалпы 80 га аумаққа көшет отырғызған екен.

Әрмен қарай қоғамдық тыңдау еркін сұрақ-жауап форматында өтіп, тұрғындар көкейде жүрген көп сауалдарын ортаға салып, тиісті жауаптарын алды.

Өз тілшімізден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT