Қосшағылдағы кіші Ассамблея

Егемен еліміз - қазақтардың ғана емес, елімізде мекен еткен 130-дан астам ұлт пен ұлыстың бейбітшілік пен ынтымақта ғұмыр кешіп жатқан ортақ мекені, баршаға қадірлі киелі шаңырағы. Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, басына түскен нәубетті жылдарда елімізге үдере көшіп, қоныс аударған өзге ұлт өкілдерін жергілікті қазақтар жатсынбай, құшақ жая қарсы алып, олардың бар ауыртпалығын бірге көтерді.

Ұлт пен ұлысты ұйыстырған

Міне, қазақтардың осындай адамгершілік, бауырмалдық, қонақжайлылық қасиетін көрген өзге ұлт өкілдерінің жаны ізгілікке құмар жанашыр халқымызға айтары тек алғыс деп білеміз.

Көктем – жансыздарға жан бітетін, жер көгеріп, табиғаттың қайта түлеп, ен даланың ерекше әдемілікке бөленетін мезгілі. Сол шуақты көктемнің алғашқы айы – наурыз тіршіліктің оянатын керемет бір әсем шағы. Елімізде наурыз айында атап өтілетін айтулы күндер мен мерекелер өте көп. Соның бірі - 1 Наурыз - Алғыс айту күні. Дәл осы сәт - Қазақстандағы барлық ұлт өкілдері бір-біріне мейірімділік пен кең пейілділік танытып, қиын кезеңде қол ұшын беріп, бірге туған бауырдай жақын тартқан қазақ халқына алғыс айтатын күн, шексіз махаббат сезімін білдіретін ерекше мереке.

Алғыс айту мерекесі көктемнің алғашқы күнінде жылыойлықтар арасында да кең көлемде тойланады. Жалпы, Алғыс айту күнінің шығу тарихы 1995 жылдың 1 наурызында құрылған еліміздегі барша этнос өкілдерінің басын қосқан Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихымен тығыз байланысты. Бұл бірегей институт республикамыздың түкпір-түкпіріндегі ұлттарды ынтымақта сақтап, еліміздегі татулық пен бірлікке ұйтқы болып келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Солардың арасында, бір-бірін ұлты мен нәсіліне, шыққан тегі мен тарихына қарап бөліп, баға бермей, жерлес, дос, тіпті, құда-жекжат болып етене жақын араласып келе жатқан жылыойлықтар да бар.

Интернационал әулет

Біз сөз еткелі отырған қазақ ұлтының келіні, татар ұлтының қызы Зульфира Сибағатова дәл осындай жан. Ол кісіден өрбіген ұл-қыздар ұлттар арасындағы шынайы сыйластық пен достықтың айқын көрінісі деп білеміз.

Бүгінде 80-нен асқан Зульфира Файзақызы 1939 жылы Татарстан Республикасының Қышқар ауылында дүниеге келген. 1964 жылы Қосшағылға келін болып түседі. Әлі де сол ауылда тұрады. Келген әулетіне ғана емес, қоныс тепкен жерінің халқына да пайдасын тигізіп, ширек ғасыр бойы қызметте жүрген. Зульфира Файзақызы 2 ұл, 2 қыз сүйген асыл жан. Бір қызы башқұрт ұлтына, бір қызы татар ұлтына тұрмысқа шыққан. Қыздарының қыздары, яғни жиендері де шешен, молдаван ұлтының жігіттеріне жар болып отыр. Ал екі ұлының бірінің Құдай қосқан қосағы татар қызы болса, бірі өзіміздің қазақ қызына үйленген. Ұлдан 4 немере, қыздан 5 жиені бар.

Кеше ғана қазақ шаңырағына бала-келін болып түсіп, бүгінде дана-келінге айналған Зульфира ананың қазақ халқына айтар алғысы зор. Қазақстанда өмір сүретін халықтар арасында достық пен бірлік нығая берсін деген аналық ақ тілегін де жеткізді. Бірнеше ұлттың басы біріккен, жапырағы жайылған үлкен әулеттің ұйтқысы Зульфира ана тек елдің татулығы мен тыныштығын, ынтымағын тілейді.

Ш.Мұхтарқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT