Қосшағыл дүкендері арақ-шарап сатпайды

Ораза басталмастан бірнеше күн бұрын Қосшағыл мешітінің имамы Теңел Айдарбекұлы мен наиб имам Ғанибек Қожанапес ауылдағы тамақ дүкендеріне барып, насихат жұмыстарын жүргізген еді.

Кәсіпкерлерге қасиетті Рамазан айы кезінде арақ-шарап, ішімдік сатудан бас тарта тұруды ұсынған-ды. Шағын кәсіп иелері де бірауыз тілге келместен, игі істің қостаушысына айналып, дүкенде ішімдік сатудан бас тартты. Осы күллі мұсылман баласына үлгі боларлық істері арқылы Рамазан айына деген құрметін осылай білдірді.

Қазіргі таңда ауылда жұмыс істеп тұрған 5-тен аса дүкен бар. Олардың иелерінің барлығы да ауыл мешіті имамдарының ұсынысына толық келісіп, арақ-шарап өнімін сатудан бас тартты.

-Қасиетті Рамазан айының ерекшеліктері мен артықшылықтарын біз жақсы білеміз. Иісі мұсылман қауым біздің бұл ісімізге қуана келіседі деп ойлаймын. Үйімізде де Жаратқанның разылығы үшін ауыз бекітіп, ораза ұстап жатқан балаларымыз, бауырларымыз бар. Олар да имамдардың бұл ұсынысын бірден қолдай жөнелді. Оразада алкогольді сусындарды сатпағанымыз үшін кәсібіміз кері кетіп қалады деп ойлап жатқанымыз жоқ. Керісінше, еселеп артарына сеніп, бірден келісе кеттік, - дейді азық-түлік дүкен иелері.

Тіпті, кәсіпкер, «Ақниет» азық-түлік дүкенінің иесі Гүлайым Өтегенқызы «араққа» арнап өлең шығарып, ащы судың салдарынан келетін қасіретті, отбасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу ниетінде жырымен үн қосыпты.

Қазақтың намысты ұл-жігіттері!
Елімнің сенім артқан үміттері.
Жеңіліп ащы судан жүрген жігіт.
Ата-анаң сенен соны күтіп пе еді?
Азабыңа шыдамай, әкең күйген,
Бұл арақтың пайдасы кімге тиген?
Арақ ішсең қасыңнан дос та кетер.
Балаң, жарың жаутаңдап жүрсе егер.
Үйленіп, үй болғаның бәрі кетер.
Ақыл-баста, ой-санада, күш-білекте.
Пайдаң тисін халқыңа, ерлік істе.
Халқыңның абыройын ойлап дағы.
Қазақтың жігіттері арақ ішпе.

Әлемдегі зұлымдық пен қылмыс атаулының бастауына айналған ішімдікті сатудан бас тартқан қосшағылдық кәсіпкерлердің игі әрекетін көрші ауыдың да тұрғындары қолдап, қолға алса нұр үстіне нұр болар еді.

Ш.ХАМИТОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT