Көшемізге жол қашан төселеді?

Біз Құлсары қаласындағы «Кең Жылыой» ықшамауданы, І.Жансүгіров атындағы көше тұрғындары 20 жылдан астам уақыт жол машақатын тартып келеміз. Қаламыз уақыт санап көркейіп, жаңа құрылыстар бой көтеріп, көптеген көшелерге жаңа жолдар салынуда. Дегенмен, осындай оң өзгерістен біз тұратын көшенің құр қалғандығы қатты қынжылтады.

Көшемізге осы күнге дейін тақтайдай тегіс асфальт жолдың төселмеуі себепті, көше жарығы да орнатылмай келеді. Қыстың қараңғы күндері оқушылардың жүріп-тұруы тіптен қорқынышты болып тұр.

kshege-zhol-2

Құлсарының құбылмалы ауа райы жергілікті тұрғындардың бәріне белгілі. Қысы суық, жазы қапырық ыстық, ал көктемі мен күзі болса жауын-шашынды болып келеді. Әсіресе, жаңбыр жауып, қар еріген мезгілдерде көше тұрғындарынан береке қашады. Себебі, олар көл суындай болып көшенің әр шұқырына жиналған судан аяқ алып жүре алмай, балшыққа былғанып, жетер жерлеріне жете алмай дал болады. Тіпті біздің көшеге шақырған кезде «Жедел жәрдем», такси көліктерінің де қатынауы тым қиын. Көшеміздің сиқын көріп таксишілер қолымыздағы зілдей затымызбен үйімізге дейін жеткізбей, жарты жолдан түсіріп кетеді. Сондайда амал жоқтықтан жүгімізді арқалап, аяқ киіміміз батпаққа былғанып, үйге зорға дегенде жетеміз.

Тасжолдың болмауының салдарынан ауламыздың ішінің де сәні кетті. Өйткені, көшеге жиналған көлдей су шарбағымызға құйылып, барлық жер былғанып жатыр. Әсіресе, қарттар мен балаларға обал. Айналамыздағы асфальт жолы бар өзге көшелердің тұрғындарына қызыға қарап қоямыз. Олар күнде кешқұрым теп-тегіс жолда, жарқыраған көше шамдарының астында отбасымен серуендеп жүреді. Ал біздің қиын мәселеміздің шешілер түрі көрінбейді.
Осыны көтеріп құзырлы органдардың табалдырығын бірнеше жылдан бері тоздырып келеміз. Қателеспесем, өткен 2017 жылдары тұрғындар болып арыз жазған едік. «2018 жылы салып береміз» деп уәде еткен болатын. Міне, биыл 2022 жыл басталды. Ал біздің көше еш өзгеріссіз, сол баяғы қалпында тұр. Әлеуметтік желідегі жергілікті парақшаларға да базынамызды жарыса жазып жүрміз. Бірақ оған құлақ асар ешкім жоқ.

Құлсарыда екі-үш жылдан бері 107 шақырым автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары іске асып келе жатқанын естіп, «Кең Жылой» газетінен оқып жүрміз. Алайда, қай-қай кезеңде де біздің көшемізге жол салу жоспарда жоқ секілді.

Осы тілегімізді жауапсыз қалдырмай, жуық арада көшемізге тас жол төселуін қала басшыларынан сұраймыз.

«Кең Жылыой» ықшамауданындағы
І.Жансүгіров көшесінің бір топ тұрғындары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521