Көшеде шет тілінен көз сүрінеді

Өткен аптада аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен Құлсары қаласында «Тіл туралы» заң талаптарының орындалуына тексеру жұмыстары жүргізілді.

Рейдке аталған бөлім басшысы Жанар Қазиева, бас маманы Үміт Кенжина, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнафис Айшуақова, Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Қадыржан Адинов және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Топ зерделеуді алдымен, қаладағы көпқабатты 3-ықшамауданнан бастады. Ондағы «Технодом» сауда үйінің жанында қаз-қатар тұрған «тез тағам» дайындайтын шағын тамақтандыру орындарына келдік. Сыртынан қарағанда заманауи талаптарға сәйкестендіріп, түрлі дизайнмен әшекейленген дүңгіршектер алыстан менмұндалап көз тартады. Бір жағынан қаланың келбетіне көрік қосып тұрған бұл шағын ғимараттардың төрінен, өкінішке орай, өз ана тіліміздің ойып тұрып орын ала алмағанын көрдік. Маңдайшаларына қарасаң шет тілінде жазылған «Zhera’ sice», «red star coffee», ал іші «halal slice» деген сөздерден көз сүрінеді. Кейбірінде ас мәзірі мен көрсететін қызмет түрін жарнамалаған жүгіртпе жолдар орыс тілінде жазылған. Бір дәмхананың сыртындағы орыс және ағылшынша жазылып, самсап тұрған ас мәзірінің жарнамасынан «жалғызсырап» тұрған «Қосымша» деген бір ауыз қазақша сөзді әрең тауып алдық. Ал дәмханада дәм татып, демалып отырған жандардың барлығы дерлік жап-жас қыз-жігіттер, жасөспірім ұл-қыздар. Шағын ғимаратты жалға алып, кәсібін жүргізіп отырған қожайындар да орда бұзар отызға аяқ басқан азаматтар екен. Бір сөзбен айтқанда, ертеңгі еліміздің тізгінін ұстар, келешегін сеніп тапсыратын жастардың жиналатын орны. Бірақ іші-сырты орысша, ағылшынша жарнамаға толы. Бұларға қарап «Тез тағам» орны бейне қазақ жерінде емес, өзге шет мемлекеттің аумағында орналасқандай әсер қалдырды. Шет тіліндегі жазуларды оқып, күнде көріп жүрген жасөспірім балалардың ана тіліне деген сана-сезімі қалай қалыптаспақ?

Бұдан кейінгі кезекте «Лидер» сауда үйіне бет алдық. Оның ішіндегі бағалар көрсетілген кейбір қағаздағы азық-түлік тағамының аты тек орысша көрсетілген болып шықты. Мәселен,2770 теңгеге бағаланған «Масло оливковое» сөзі екі рет қайталанып жазылған. Оның орнына біреуін ана тілімізге аударып жазса, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, сауда үйі жанындағы гүл сатып тұрған дүңгіршек иесіне де маңдайшасын қазақыландыруға ұсыныс берілді. Ал Махамбет даңғылының бойындағы бір дүкен атауын мемлекеттік тілде жазғанымен, астындағы «магазин кулинария» сөзін қазақшалауға асықпапты. Бұл жөнінде бөлімнің бас маманы Ү.Кенжина оларға бірнеше рет ескерту беріп, шаршағанын айтады. Сондықтан аталған сауда орнына да бас сұғып, тағы да еске салуға тура келді.

«Тіл туралы» заңды өрескел бұзу дерегін «АГАТ» құрылыс компаниясы филиалынан байқадық. Елімізге танымал компания өз жарнамасын үлкен бильбордқа тек қана орыс тілінде жаздырып, онысын ғимараттың көше жақ қабырғасына бадырайтып іліп қойған. Бильбордтағы «АГАТ самые низкие цены в городе», «Я знаю цены в АГАТ, а вы?», «Выгодные покупки» деген сөздерден көз тұнады. Ол аздай ғимаратқа кіреберіс есікте «Деньги наличными не принимается», «Возврат принимается в течение 14 дней» деген орысша жазуларға тағы кезіктік. Ал ішкі есіктің әйнек бетіне «Есикти жауып журейик!!!» деп ана тіліміздің басын жарып, көзін шығарып қойыпты.
Рейд барысында мұндағы қызмет көрсетуші мамандар зерделеу тобының мүшелерінің сөзіне құлақ асып, кемшілікті белгіленген уақыт ішінде түзеуге уәде берді.

Бөлімнің бас маманы Ү. Кенжина еліміздің тіл заңдылығын бұзған барша кәсіпкерлік нысандарының иесіне бөлім басшысы Ж.Қазиеваның атынан ескерту хатын табыс етіп, заң аясында түсінік берді.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521