Қос майданның сарбазы

Қос майданның сарбазы
Фото: Е. Бисекенұлы

Адамзат баласына орны толмас қайғы-қасірет әкелген Екінші дүниежүзілк соғыстың өрті жылыойлықтарды да шарпып өтті. Солардың қатарында Дүзембаевтар отбасы да бар. Неміс фашист басқыншылары Кеңестер Одағы құрамында болған халықтың ортақ Отанына тұтқиылдан шабуыл жасағанда, Балуан Дүзембаев 19 жастағы бозбала жігіт болатын. Егер сол сұрапыл жылдардың тарихи дерегіне көз салсақ, 1942 жылдың қаңтарында елімізде кең көлемді әскерге шақыру науқаны жүргізілгенін көреміз. Міне, сол саптың қатарында жылыойлық жас жігіт Балуан Дүзембаев та бар еді.

Ол өзге жерлестері секілді қолына қару алып, қаһарлы қыста қан майданға аттанады. Орынбор облысының аумағында арнайы әскери дайындықтан өтіп, 200-атқыштар дивизиясының 648-атқыштар полкінің құрамында басқыншы жаумен қиян-кескі ұрысқа кіреді.

Қазақта «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген нақылды сөз бар. Соғыстың алғашқы жылдары кеңес әскерінің құрамында шығын өте көп болды. Қарша жауған оққа кеудесін тосқан сарбаздар сонда да фашистерден тайсалмай алға ұмтылып, жаудың жігерін жасытты. Майдан даласында қынадай қырылған бірнеше мыңдаған боздақтардың өлігі – соның айғағы. Сондай ауыр шайқастар «қырық жыл қырғынға» пара-пар еді. Қайсар жүректі жылыойлық жас жауынгер «жан алып, жан беріскен» сол ұрыстардың бәріне куә болды.

Ұлы Отан соғысы боздақтары туралы мәліметтер келтірілген Ресейдің Қорғаныс күштерінің қазіргі сайттарына зер салсақ, Балуан Дүзембаевтың болған 214-ші жеке әскери құрамада болып, майдан даласын минадан тазартуға атсалысқаны да айтылады. Сондағы бір жазбада басын қатерге тіккен жерлесіміз мина табу кезінде ауыр жараланған. Бірақ елі үшін отқа түскен есіл ер одан кейін де жауынгерлік жорығын жалғастырып, қайта сапқа тұрады.

Балуан батырдың ерлік іздері Харьков, Донбасс қалаларында сайрап жатыр. Ол фашистер үшін ірі қорғаныс шебі болған осы екі үлкен шаһарды жаудан азат ету кезінде талай немісті жер жастандырды. Сөйтіп жауынгерлік жолында күші басым жауды жайратып, жеңіске деген жігері оянған жерлесіміз қанды көйлек жолдастарымен бірге «уралап!» алға ұмтылып, халқына қалқан бола білді. Сондай шайқастардың бірінде ол ауыр жараланды.

Қан майданда шыңдалған сарбаз Балуан Дүзембаевтың жауынгерлік жорығы Шығыс Европа елдерінде өз жалғасын тапты. Ол Венгрияның астанасы Будапешт қаласын фашизмнен тазарту кезінде қанды көйлек жолдастарымен бірге жанқиярлықпен шайқасып, жауды өз ұясына қарай тықсыра түсті. Сөйтіп ерен ерлігі үшін 1945 жылдың сәуірінде «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталады.

Әсіресе, алып Дунай өзенінің жағалауындағы Измайл қорғанына мықтап бекініп алған немістер біздің әскерді бір адым да алға аттатпауға тырысып бақты. Өйткені, 1941 жылдың аяғында кеңес халқының басына төнген ауыр сын сағаттар фашистердің де төбесіне төніп келе жатты. Совет солдаттары жау ұясына жақындаған сайын олар өршелене қарсылық көрсетіп, шегінген әр шақырымды санап, қатты қарсылық көрсетті. Бірақ «Қайта шапқан жау жаман...» деген, жаралы жолбарыстай әлсіреп барып күш алған кеңес жауынгерлерінің ызалы кегінен тұтанған жеңіске деген жігер мен өр рух неміс әскерінің басына қара бұлт үйірді. Қамалды қаншама қалқаласа да, Балуандай батыр сарбаздар тас қорғанға тығылған қорқаулардың тас-талқанын шығарды. Осы Измайл қорғанын жаудан азат ету кезінде көрсеткен ерлігі үшін жылыойлық жауынгер Балуан Дүзембаев Кеңес Одағының Бас Қолбасшысы И.В.Сталиннің қолы қойылған Алғыс хатпен марапатталды.

Осылайша Отан үшін опат болған ерлердің кегін алу үшін жауған оқ пен оттан тайсалмай, Европа жерінде фашизммен аянбай күрескен жауынгер Балуан Дүзембаев Ұлы Жеңіспен елге оралады.

Аман-есен туған жер топырағына табан тіреген Балуан Дүзембаев енді бейбіт өмірді қалпына келтіру үшін тыным таппай тер төкті. Тағдырдың тауқыметін тартқан тұлға соғыстан кейінгі ауыр кезеңді де еңсере білді. Жылойдың «Аманкелді» колхозында, кейін «Коммунизм таңы» кеңшарында уақытпен санаспай жұмыс жасап, еңбек майданының да алғы шебінен табылды. 1973 жылы өмірден өткенше ауданның ауылшаруашылығы саласын дамытуға зор үлес қосып, шаруашылықта шопан, аға шопан ретінде еңбек етіп, озаттар сапынан көрінді. Сол кездегі аудандық «Коммунизмге алға» газетінің 1961 жылғы 3 тамыздағы №62 санында жарық көрген «Мақтаулы шопан» атты мақалада Дүзембаев есімі ерекше аталады. «Дүзембаев Балуан етке әр қойдың салмағын 58 килограмнан өткізді» делінген онда. Сонымен бірге, Социалистік Еңбек Ері Әбді Дүйсенбековпен бір топ аға шопандар болып түскен фотосуреті де жарияланған. Осының өзі көп нәрсені айғақтаса керек.

Еңбек майданындағы жеңісті жетістігі мен Ұлы Отан соғысындағы ерен ерлігі жоғарғы басшылық тарапынан әрдайым қолдауға ие болып отырды. Балуан Дүзембаевтың көзі тірісінде Отан үшін оққа тосқан кең кеудесінде жарқырап тұрған «Қызыл жұлдыз» ордені, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік ерлігі үшін» медалі, «Еңбек Қызыл Ту» ордені, басқа да марапаттары – соның дәлелі.

Жұбайы Кәден Бердіғалиевамен отау құрып, өмірге ұрпақ әкелді. Ұл-қыздарынан өрбіген немере-жиендері, шөберелері бір тайпа елге татырлық.

Соғыстан ауыр жараланып оралса да, бейбіт өмірді қалпына келтіру үшін аянбай маңдай терін сарп етіп, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін қос майданның да алғы шебінде ерен ерліктің үлгісін көрсеткен есіл ердің есімі жаңа мыңжылдықта да ескерусіз қалмауы керек. Өмірден өткеніне жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, жылыойлық жауынгер рухы туған жер топырағында қайта жаңғыруы тиіс. Ол үшін майдангер, еңбек ардагері Балуан Дүзембаевтың атына Құлсары қаласынан бір көше атағы берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана бүгінгі бейбіт өмір үшін қан төккен боздақтың алдындағы азаматтық парызымыз өтелері сөзсіз.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521