Ақкиізтоғай ауылдық округіндегі есеп беру жиынына аудан әкімі Халел Жамалов, мәслихат хатшысы Сайлаубай Таласов, «Nur Otan» аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шынаргүл Темірбаева, аппарат басшысының міндетін атқарушы Айдана Төлеушова және дербес бөлім басшылары мен тұрғындар қатысты.
Ақкиізтоғай округі әкімдігі аппаратының акт залында өткен жиналыста округ әкімі Қанат Мыңбаев халық алдында есеп берді. Биылғы өткен санақ қорытындысы бойынша, Ақкиізтоғай ауылдық округіндегі халық саны –1452 адам, 260 тұрғын үй бар. Оның ішінде еңбекке қабілетті – 790, зейнеткерлер – 142 адам және балалар саны – 520. Қазіргі таңда Ақкиізтоғай ауылдық округінде –60 мүмкіндігі шектеулі жан есепте тұр. Олардың ішінде бір мүмкіндігі шектеулі жан мүгедектерді оңалту бағдарламасымен қамтылған, 12 балаға біржолғы мемлекеттік жәрдемақы төленген. Сонымен қатар демеушілік көмекпен аз қамтылған 25 отбасына азық-түлік берілген.
Ауыл әкімінің жиында сөйлеген есебіне сүйенсек, округтің басты бағыты – ауыл шаруашылығы болып табылады. Кәсіпкерлікті дамыту және қолдау мақсатында округ бойынша 2 тұрғын несие алуға жолдама алды. Сонымен қатар бір кәсіпкер мүйізді ірі қара мал шаруашылығын дамыту үшін грант ұтып алған екен. 2020 жылға қарағанда мүйізді ірі қара 10,9%-ға, қой-ешкі 12,6%-ға, жылқы 24,0%-ға өскені байқалады. Ал түйе 1,1% пайызға азайған. Мұның себебі шаруашылық иелерінің түйе малын етке және басқа мал түріне ауыстыруынан болып отыр.
Округте сонымен қатар аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылай қолдауымен «Қоғамдық кеңістіктер» жобасы бойынша 1 сахна және балалар ойын алаңы, 1 ашық жаттығу алаңы, 1 сән алаңын салу жобалары жүзеге асырылып, пайдалануға берілген. 16 дана күн көзінен қуат алатын көше жарығы орнатылған. Округ әкімі аппаратының ғимаратында «eQoldau» терминалы қондырылған. Қондырғы арқылы мемлекеттік қызмет, байланыс, қаржылық қызмет көрсету, бизнес, сауда-саттық, медицина саласы, көлік байланысы, еңбек, білім т.б қызмет түрлерін алуға болады.
Жиынға келген тұрғындар сауалдарын ортаға салып, залдан сұрақтарын қойып жатты. Жиналысқа келген ауыл тұрғыны әкімнің есебіне оң бағасын беріп, «ауылдағы мектепті жөндете бергенше жаңа мектеп салса тиімді болар еді»,- дейді. Сонымен қатар мал азығы болып табылатын жем-шөптің қымбатшылығын айтты. Қуаңшылық болған уақытта мал ұстап, шаруасын дөңгелетіп отырған қарапайым шаруагерлерге біршама ауыртпалық түскен болатын. Сол себепті де, ауыл тұрғыны көп уақыт бойы бос жатқан жерлерге шөптің тез өсетін түрлерін, мәселен, жоңышқа секілді өсімдіктерді егуге жер бөлінсе дейді. Ауыл әкімі Қанат Қалдығұлұлы Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімімен бірлесіп жер телімдерін қарастырып жатқандығын жеткізді. Аудан әкімі Халел Жамалұлы аталған сауал бойынша Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысы Ізім Ғалымжанұлына ауыл тұрғындарына тез арада қолайлы жер телімдерін қарастыруды тапсырды.
Тұрғындар ауылға жақын жерде қоқыс полигоны болса дейді. Аудан әкімі Х.Жамалов аталған мәселе бойынша облыс қана емес, республика деңгейінде ауылдық жерлерге қоқыс полигонын салу мәселесі қарастырылып жатқандығын айтты. Жиналыста тұрғындар тарапынан қойылған басқа да сұрақтарға жауап берілді. Ұсыныстарды орындау үшін жауапты мекеме басшыларымен бірлесіп жұмыс атқарылатын болады. Ауылішілік жол салу, жаңадан тұрғын үй салатын жерлерге инфрақұрылым жүргізу, тоқ көздерінің қуатын арттыру, амбулаториялық емханаға жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері де жиналыста көтерілді.
А.МОЛДАШЕВ