Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон кенті тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған жергілікті «Жылыойсу» МКК өткен аптада тұрғындар алдында жылдық есеп беру жиналысын өткізді. 2021 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесі мен алға қойылған жоспарлар баяндалған есеп беру жиыны аудандық «Жастар үйі» ғимаратында ұйымдастырылды.
«Жылыойсу» мекемесі тұрғындармен қоса, қала және кент аумағында орналасқан өзге де кәсіпорындар мен мекемелерге де қызмет көрсетеді. Халықты ауыз сумен қамтып қана қоймай, ауыз су айдау станцияларының жұмысын қадағалау, үздіксіз жүріп-тұруын қамтамасыз етумен де айналысады. Одан бөлек, кәсіпорынның атқаруы тиіс негізгі міндетіне кәріз суын айдау станцияларының да жұмысын қадағалау және маусымдық кезеңде Құлсарыдағы көпқабатты үйлерге орталық жылу қазандығы арқылы жылу беру қызметін үйлестіру де жатады.
Коммуналдық кәсіпорын басшысы Жанболат Амантұрлыұлының баяндамасында көрсетілгендей, мекемеде ауыз сумен жабдықтау, кәріз суын айдау станциясы, орталық жылу қазандығы мен жылу желісі сияқты 4 учаске жұмыс істеп тұр. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша мекеме Құлсары қаласына 2761,7 мың метр куб, ал Жаңа Қаратон кентіне 330,1 мың метр куб ауыз су берген. Сондай-ақ, кәріз суы, жылу жүйелеріне қатысты біраз жұмыстарды атқарған.
-Құлсары мен Жаңа Қаратонда ауыз су мен кәріз суы құбырлары бойында шамамен 3500-дей құдық орналасқан. Бүгінде сол құдықтардың бетіндегі қақпағын ұрлау, көлікпен басып өтіп сындыру тәрізді келеңсіз фактілер азаяр емес. Ал құдық беттерінің ашық қалуы тұрғындардың өміріне қауіп төндіреді. Біз осы мәселені үнемі қадағалап, қираған мүлікті қалпына келтіріп келеміз. Өткен жылдың өзінде полиэтилен материалынан дайындалған 150 дана люк пен диаметрі Д-80 мм болатын 40 дана бетон және басқа да үлкен бетондар жабылды. Қаладағы ауыз су құбырлары бойындағы құдықтарға 459 дана өрт сөндіру гидранттары орналасқан. Гидранттардың табандары жұқа темірден жасалған. Сол себепті, орнатылғанына бірнеше жылдың жүзі болған гидранттардың асты таттанып, судың далаға кету жағдайлары орын алуда. Былтырғы жылы 14 өрт сөндіру гидранттары құдықтан шығарылып, жөнделіп, орындарына кері орнатылды, - деді мекеме басшысы өз баяндамасында.
Өткен жылы ауыз су айдау станциясындағы сыйымдылығы 5000м куб болатын 2 дана су сақтау қазандары толықтай залалсыздандырылып, жуылып, тазаланған. Атқарылған жұмыстардың барысын қадағалауға аудандық мәслихат депутаттары, аудандық санитарлық – эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы, қала әкімдігі қызметкерлері келген. Барлық жұмыстың талапқа сай орындалғандығын айтқан. Бұдан өзге ауыз су бойынша көптеген ауқымды жұмыстар жүзеге асыпты. Ал ауыз су құбырынан үйлеріне заңсыз су тартқан, су пломбалары істен шыққан және есептегіш құралдарының мерзімі өтіп кеткен тұрғындарға тиісті шаралар қолданылған.
- Былтырғы жылдың қараша айында бас кәріз су айдау станциясы, қала және кенттің кәріз су айдау станциялары мен көшелік бақылау құдықтарына «Суперстакер» вакуум автокөлігі жұмылдырылып, шахталардың, құдықтардың іштері құм шөгінділерінен толықтай тазартылды. Құлсарыдағы Ұ.Әбдірахманов көшесіндегі 3 қатарлы ашық кәріз суын айдау станциясының сырты бақалшақты блокпен қаланып, арнайы ғимарат салынды, – деді кәсіпорын басшысы баяндамасында.
Ал үстіміздегі 2022 жылы қаладағы көпқабатты 86 үйдің жертөлелеріндегі инженерлік желілер жөнделіп (ауыз су, кәріз суы және жылу құбырлары), жертөлелерде жиналып қалған лас сулар мотопомпамен сорылып, тазаланатын болады. Сондай-ақ, жертөлелерге темір есіктер орнатылмақ. «Өйткені, жергілікті тұрғындар үйлерінен шыққан қоқысты арнайы орнатылған қоқыс контейнерлеріне апарып салуға ерініп, үйлерінің жертөлесіне тастап жүре береді»,- дейді мекеме басшылығы.
Сол себепті темір есік орнатылады, оған тек мекеме қызметкерлері ғана кіре алады. Бұл шара жертөлелердегі санитарлық талаптарды сақтау үшін қолға алынған. Сондай-ақ, сантехник мамандар да пәтерлердегі ақауды жөндеймін деп, құбырларды бұзып, істен шығарып кететін көрінеді. Айта кетейік, қазіргі уақытта 11 үйдің жертөлесіндегі құбырлар қайта жөнделіп, лас судан тазартылған. Бұрын мекеме жұмысшыларының жалақысы өте мардымсыз болған. Сондай-ақ, бірнеше жылдан бері қызметкерлердің зейнетақы жарналары аударылмаған. Тиісті салықтар да төленбеген. Бүгінде мекеме басшылығы аталған өзекті мәселелерді шешіп, ретке келтірген. Бұған дейін қызметкерлердің айлық ақысы 25 пайызға өсірілсе, тағы да 10 пайызға артады екен.
Баяндама аяқталған соң жиналысқа қатысушылар сұрақтар қоя бастады. Тұрғындардың біреуі Қаратондағы булану алаңын қоршау туралы мәселені көтерді. Мекеме басшысының сөзінше, булану алаңын қоршау бойынша сол маңда тұратын тұрғындардың пікірі екіге бөлінген. Бірі қоршауды өтінсе, екіншісі оған қарсылық танытыпты. «Қолымыздағы төрт түлік малымыз сол жерден су ішеді» деп өз уәждерін айтқан. Ал есеп беру жиынына қатысушылар мұның бұрыс екенін айтып, аталған мәселені шешуді қолға алуды ұсынды. Өйткені, ол жерден су ішкен малдың еті мен сүті таза болатынына ешкім кепілдік бермейді. Ал оны тұтынған адамның денсаулығына да қауіпті деген алаңдаушылықтарын білдірді. Одан бөлек, ауыз судың сапасына қатысты да сұрақтар қойылды.
«Біздің халыққа ішуге беріп отырған суымыздың сапасы талапқа сай. Мәселе жер астында орналасқан құбырларда болып тұр. Мысалы, күні бойы су тоқтап қалып, қайтадан іске қосылса краннан аққан бастапқы судың таттанып шығатын жағдайлары жиі кездеседі. Бірақ, бұл судың сапасыздығын білдірмейді. Тек құбырлар ескірген. Ал оны ауыстыруға әзірге мүмкіндік жоқ»,- деді кәсіпорын басшысы.
Сонымен қатар, тұрғындардың бірі қала аумағын көгалдандыру мақсатында мекемеден техникалық су беруді сұраса, енді бірі су насостарын орнатудың заңдылықтары жөніндегі мәселені көтерді. Аталған барлық сұрақтарға тиісті мамандар жауап берді.
Ш.МҰХТАРҚЫЗЫ