Конституциялық реформа – болашаққа салынған негіз

Наурыз айында өтетін конституциялық реформа жөніндегі референдум мен Қазақстан үшін маңызды белес деп есептеймін. Конституция — мемлекеттің тірегі, ал оны өзгерту — елдің даму философиясын қайта пайымдау деген сөз. Сондықтан бұл бастамаға бейжай қарауға болмайды.

Бүгінгі әлем жылдам өзгеруде. Саяси, экономикалық, әлеуметтік үдерістер жаңа талаптар қояды. Осындай жағдайда мемлекет те өз басқару жүйесін, құқықтық нормаларын жетілдіріп отыруы заңдылық. Егер реформа мемлекеттік институттардың тиімділігін арттырып, қоғам алдындағы жауапкершілікті күшейтсе, бұл елдің тұрақты дамуына серпін береді. 

Дегенмен, кез келген өзгерістің шынайылығы ашықтықпен өлшенеді. Референдум тек дауыс беру күнімен шектелмеуі тиіс. Оның алдында жан-жақты талқылау, сарапшылар пікірі, азаматтардың ұсыныстары ескерілуі қажет. Сонда ғана бұл қадам халықтың шынайы еркін білдіреді. 

Менің ойымша, референдум — билік пен қоғам арасындағы сенім деңгейін айқындайтын көрсеткіш. Егер бұл процесс әділ әрі түсінікті өтсе, ол Қазақстанның құқықтық мемлекет ретіндегі дамуын нығайтады. Ал ең бастысы — Конституциядағы әрбір өзгеріс қарапайым азаматтың өміріне оң әсер етуі керек.

   Қала тұрғыны

                                                          Батыр Ақмолдаев  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT